Бюджет түсімі артығымен орындалды
Өткен жылды Сыр өңірі қалай аяқтады? Қаржының игерілуі немесе үнемделуі, әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапты ма? Осы сұрақтар бойынша облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша аймақтың барлық макроэкономикалық көрсеткіште өсудің оң тенденциясы қалыптасты. Сыр өңірінде қара алтын өндіру көлемінің табиғи төмендеуі салдарынан өнеркәсіп өндірісінің нақты өнім индексі 2017 жылмен салыстырғанда 93,1 пайыз деңгейінде қалыптасты.
– Дегенмен де, мұнай өндірісі көлемінің төмендеуіне қарамастан өткен жылы 930,4 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда бірталай көлемге артып отыр, – деді Қ.Ысқақов.
Сонымен қатар, облыс бойынша былтыр бюджет түсімі 100,4 пайызға орындалды. Оның ішінде өз кірістері 101,9 пайызды құрап, облыстың тайқазанына артығымен түсті. Шығындарға келсек, 99,6 пайызды игергені байқалды. Ал, игерілмегені – 951 млн. теңге болса, оның ішінде бюджет қаражаттарының үнемделуі – 813 млн. теңгені құрап отыр.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауылдық округ, кент, село деңгейінде дербес бюджет енгізу мәселесі қолға алынды. Бұған дейін еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден құралған болатын. Енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 2000-нан астам 65 ауылдық округ, кент және селода дербес бюджет енгізіліп, 4-ші деңгейлі бюджетті жоспарлау және атқару бойынша жұмыс жүргізілді.
Бюджет ауыртпалығын қысқартуға мүмкіндік беретін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі шеңберінде құны 34 млрд. теңгені құрайтын 84 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, дене-шынықтыру және спорт, білім, цифрландыру, жолаушылар көлігі, мәдениет, қоғамдық тәртіп, әлеуметтік қамсыздандыру және экология салалары бар. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын таба бермек.
Облыста жекешелендіруге жататын 15 нысанның тізбесі белгіленіп, оның 8 нысаны 379,4 млн. теңгеге жекешелендірілді. Олардың қатарында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, Арал қалалық шаруашылық жүргізу құқындағы көпсалалы коммуналдық кәсіпорны, облыстық аумақтық мемлекеттік жекешелік әріптестік орталығы, 5 нысан «Байқоңыр» ӘКК бойынша – Жаңақорған шипажайы, Жан-Арай жем, Қызылорда құс фабрикасы, Арал балық өңдеу зауыты, «КазРос Инновация» ЖШС бар. Ал, «Нұрсәт» теннис орталығы, №2 қалалық емхана, «Сырдария» балалар сауықтыру лагері, «Евразия» спорт кешені, «Қызылорда қаржы компаниясы», «Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС таратылса, «Қорқыт ата» әуежайы» АҚ тізімнен алынып тасталған.
Келесі бағыт – жұмыспен қамту мәселесі. Есепті кезеңде жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Былтыр 11384 жаңа жұмыс орны құрылып, соның ішінде 10925-і тұрақты болып табылады. Жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде 36674 адам хабарласып, олардың 23125-і тұрақты және уақытша еңбекпен қамтылды.
Құрылыс саласында да қарқын бар. Өткен жылы 42 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. Ал, несиелік тұрғын үйлер бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 240 пәтерді құрайтын 4 тұрғын үйдің құрылысына 2,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, ол бойынша жұмыс жүргізілуде. Таяуда жаңа үйлер пайдалануға берілмек деп жоспарлануда.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.