Алдағы 3 жыл ішінде 132 көше жөнделеді
Қаланың көркі саналатын көшелерінің таза әрі түзу болғаны бәрімізге жақсы. Соған орай жыл сайын көшені жөндеу мәселесі назардан тыс қалған емес. Бұл игі іс биыл да жалғасын табады. Осы аптада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығының бірқатар шағын аудандарын аралап, жол жағдайымен танысты.
Жалпы, қалада 766 көше бар. Оның ішінде 409 көше – асфальтбетонды, 35 – қиыршық тасты және 322 көше қара жол екенін атап өткен жөн. Шаһарда шағын жолдарды дамыту бағдарламасы әзірленді. Ол бойынша қала аумағындағы шағын аудандарында және елді мекендердегі барлығы 132 көше жөндеуден өтеді. Айталық, биыл 56 көше қолға алынса, 2020 – 35, 2021 – 41 көшені жөндеу жоспарлануда.
Облыс әкімі алдымен «Саяхат» ықшам ауданына барды. Онда 42 көше бар. Оның 2-і асфальтталған, қалғаны тек қара жол. Қазіргі уақытта 20-дан астам жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, ол бойынша жұмыс 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр.
– 2022 жылға дейін шағын жолдарды дамыту бағдарламасы бойынша қаланың шағын аудандарында және қала маңындағы ауылдарда 132 көшеде құрылыс-жөндеу жүргізіледі. Ең бастысы, барлық жұмыстар мерзімінде сапалы орындалуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Келесі барған нысан – «Сәулет» тұрғын ауданы. Ол жақта 82 көше бар. Оның 57-сі асфальтталған, 18-і тас жол, 7-і қара жол.Асфальтталмаған 25 көшені жөндеуге қаражат бөлінді. Былтыр бұл шағын аудандағы Жүнісов көшесіне орташа жөндеу жүргізілген болатын. Сондай-ақ, «Астана», «Арай» және «Ипподром» ықшам аудандарындағы көшелерге орташа жол жөндеу жүргізу жоспарлануда.
Мұнан соң облыс әкімі «Коммунизм», «КБИ» және «Шанхай» аудандарындағы жолдардың жай-күйімен танысты. Мұндағы 116 көше жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы осы ықшам аудандардағы 116 көшені жөндеу басталады. Оның ішінде Қорқыт ата көшесі, Махамбетов тұйығы және тағы да басқа көшелерді жөндеу қолға алынбақ.
Ал, былтыр қалада қанша көше жөндеуден өтті?
Ұзындығы 98,6 шақырымды құрайтын 114 көшеге күрделі, орташа, қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді. Облыстық, қалалық бюджеттерден бөлінген 629 млн. теңгеге Ақсуат, Қызылжарма ауылдық округтерінің, Тасбөгет, Белкөл кенттерінің 23 көшесі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар, Қызылөзек, Қараөзек, Қосшыңырау, Иіркөл елді мекендерінің кіре беріс жолдарын жөндеуге республикалық, облыстық бюджеттерден бірталай қаражат жұмсалды. Иіркөл ауылында 22 үй бар. Тасбөгет кентінен 16 шақырым қашықта жатыр. Осы аралықтағы жолға 130 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 30 жылдан бері жөндеу көрмеген жол жаңарды. Мұндай жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.