Аралда атқарылған іс көп

Сонымен қатар, өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында да өсім бар. Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылы 12,5 млрд. теңгені құрап, толықтай орындалған. Өткен жылы 28,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев әлеуметтік-экономикалық өсу жолдарын кеңінен саралады. Ол кәсіпкерлік саласы бойынша шағын және орта бизнестің артып келе жатқанын тілге тиек етті. Өткен жылы Арал ауданы кәсіпкерлік саласының көрсеткіші бойынша республикадағы 290-ға жуық аудан ішінен 7-ші орынды иеленген. Бизнес субъектілері 4237 бірлікті құрап, 5292 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 240, «Бизнес Кеңесші» жобасы негізінде 135 адам оқытылып, кәсіпкерлікті бастауға көмек алған.
Аудандағы мал шаруашылығында өндірілген өнім жыл санап біршама артқан. Ал агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 6,6 млрд теңгені құраған.
– Ауданда қазіргі таңда жылдық қуаты 18900 тоннаны құрайтын 7 балық өңдейтін зауыт жұмыс жасауда. Жалпы аудан бойынша өткен жылы 6916 тонна балық ауланды. Оның ішінде 3575 тоннасы өңделіп, 1950 тонна балық өнімдері шет елдерге экспортқа шығарылды, – деді аудан әкімі.
Ауданда мемлекеттік жастар саясаты бойынша да жүйелі жұмыстар жасалған. Мәселен, жыл соңында Арал қаласындағы орталық кітапхана жанынан «Коворкинг» орталығы ашылды. Аталған орталық жас өрендердің бос уақытын тиімді пайдалануға өз септігін тигізуде.
Денсаулық саласы бойынша да атқарылған іс-шаралар өз нәтижесін беруде. Бұл саладағы басты жаңалықтардың бірі – ауданда заманауи медициналық аппараттармен және кеңселік жиһаздармен жабдықталған жаңа аудандық орталық аурухана пайдалануға берілген.

Баспасөз мәслихатында аудан әкімі құрылыс, спорт, мәдениет салаларын назардан тыс қалдырған жоқ. Атқарылып жатқан толымды тірліктер мен межелі міндеттерге тоқталып өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау, автомобиль жолдары, жұмыспен қамту, жастар саясаты мәселесіне қатысты жоспарланған жобалар жүзеге асуда. Аталмыш салалар бойынша ел игілігін көріп отырған істерді баяндады.
Арал ауданының жетістіктері бұдан да ілгері арта түсіп, халықтың тұрмыстық әлеуеті көтеріліп, жұмыссыздық жойыла түспек. Бұл жағынан барлық мүмкіндік қарастырылған.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.