Жалағаш өрендері үздік болды
Жалағаш ауданында әлеуметтік-экономикалық жағдайды дамыту бағытында көптеген игілікті істер атқарылған. Алдағы уақытта да келелі міндеттер тұр. Үстіміздегі жылы ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету басталып, ол келер жылы толықтай аяқталады деп күтілуде.
Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі жыл санап артып келеді. Бұл сала бойынша 4,9 млрд. теңге қаржыға негізгі міндетті жұмыстар орындалған. Ал, жыл сайын мол табыстарға негіз қалап келе жатқан ауылшаруашылығы саласы жергілікті қазына қазанының ұлғаюына септігін тигізуде. Мәселен, агроөнеркәсіпте өткен жылы 15 млрд.254 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Оның ішінде 22382 гектар күріштің әр гектарынан 56,6 центнер өнімге негіз қаланды.
– Бүгінгі таңда аудан халқының көпшілігі ірі малды ұстау бағыты бойынша кәсіп көзін тапты. Шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласында да үлкен бетбұрыс бар. Кәсіпкерлікті дамыту нәтижесінде бюджетке кіріс көзін көбейтуге жол ашылып келеді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.
Жалағашта құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі ретінде Мәдениет ауылындағы 90 орындық балабақша, 150 орындық клуб, спорттық кешен, аудандық ішкі істер бөлімі, Мырзабай ахун елді мекенінде ауыл әкімі аппараты ғимараттарының құрылысын айтуға болады. Еңбек елді мекенінде ашылған шағын маркет пен мейрамхана игілігін көретін болады.
Жалағаштық өрендер ҰБТ бойынша алдыңғы лекте келеді. Былтыр олардың орташа кәсіпкері 87,5 баллды құрап, облыс бойынша бірінші орынды иеленген еді. Ауданда әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған іс-шаралар өз нәтижесін көрсетіп отыр. Әсіресе, спорт, денсаулық, мәдениет саласында ілгері басу бар. Аталмыш салалар жеке кәсіпкерлердің демеуімен көптеген жетістіктерге жетіп келеді.
Жалағаштық жастар үшін биыл үлкен мүмкіндіктерге жол ашылмақ. Себебі, Жастар жылына орай, ауданда «Әуез» мектебі мен «Оқушылар үйін» салу көзделіп отыр. Оған жергілікті бюджеттен 7 млнт теңге қаржы қаралған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында кент орталығынан спорт кешенін салу да биылғы жылдың жоспарына енгізілген.
Жалағашта жүйелі істер жеткілікті. Кәсібін дөңгелентіп, төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтқан ауданда мемлекеттік бағдарламалар көмегімен жаңа бастамалар қолға алынған. Оның оң нәтижесін халық көруде.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.