Үш адамның өлімі: Gelandewagen жүргізушісі кінәсін ішінара мойындады
Алматының орталығында жантүршігерлік жол апатын жасаған Ілияс Кар сот алында жауап берді, деп хабарлайды Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz.
Ілияс Кар ҚР ҚК 345, 347-баптарына сәйкес жол ережесін бұзып, абайсызда үш адамның өліміне алып келген әрекет жасады және оқиға орнынан қашып кетті деп айыпталып отыр.
Сот отырысында ол кінәсін ішінара мойындады.
«Кінәмді ішінара мойындаймын. Мас болды деген бөліміне келіспеймін. Оқиға орнынан қашып кету туралы ойым болған жоқ. Мен сол жерде болдым», – дейді Ілияс Кар.
Еске сала кетсек, 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин және Абай даңғылдарының қиылысында жол апаты орын алып, салдарынан 3 адам мерт болған еді. Олардың ішінде актриса Шолпан Елгезекова да бар. Дәл осы көлікте отырған актриса Айзада Сатыбалдиева ғана аман қалып, ауыр жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді. Бүгінде ол ауруханадан шығарылды.