Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Аймақ өміріндегі айшықты үлгі

Аймақ өміріндегі айшықты үлгі

   Аптаның сәрсенбісінде Н.Бекежанов атындағы театрда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында есепті кездесу өткізіп, жылды қорытындылады.
Аймақ басшысының есебіне халық көп жиналды. Облыс жұртшылығы тікелей байланыста тыңдауға мүмкіндік алды.
         Облыс  әкімінің халық алдында берген есебінде 2018 жылы атқарылған жұмыстар таразыланып, алдағы жылдың еншісіндегі жоспарлар баяндалды.
– Өңірдің сан-саласын қамтыған, даму жолымызды бұрынғыдан да жетілдіріп, болашаққа ұмтылдырған, түрлі оқиғаға толы тағы бір жыл тарих қойнауына енді. Бұл өз қиындығы мен қызығы мол жыл болды. 2018 жылға арналған іс-қимыл жоспарының негізгі басымдықтары ретінде жаппай кәсіпкерлік пен адами әлеуетті дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері, бағалардың негізсіз өсімін болдырмау, экономиканы әртараптандыру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен халықаралық қаржылық ұйымдар арқылы инфрақұрылымды дамыту, экономиканы цифрландыру деп белгіледік. Осы жоспар негізінде өткен жылы тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылды, – деп бастады баяндамасын облыс әкімі.      
   – Өткен жылы облыс экономикасында көптеген ілгерілеушілік болды.  2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн. теңге тікелей инвестиция тартылды. Былтырғы жылдың өзінде инвестиция көлемі 25,5 пайызға артты. Инвестицияның өсімі көп жағдайда кәсіпорындардың өз қаржысын салу есебінен болған. Өнеркәсіп саласы бойынша 2013 жылдан бастап 70-тен астам жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді. Бұл саладағы  еңбек өнімділігі тек соңғы жылдың өзінде 25 пайызға артты.
Кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Сыр өңірінде 2018-2020 жылдар «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл – халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мүмкіндік. Осының нәтижесінде аймақта оң өзгеріс қалыптасып, кәсібін дөңгеленткісі келген кәсіпкерлер қатары көбейген. 2018 жылы «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың кешенді Жол картасын әзірленіп, оны жүзеге асыруға барлық қаржыландыру көздерінен 32 млрд. теңге жұмсалған. Осының нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған мыңнан астам адам 4,3 млрд. теңге көлемінде шағын несие алған. Ал 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген шағын бизнестің 1000-нан аса жобасын жүзеге асырған.
Аймақ басшысы өндіріс орындарын құру, жерасты байлығын тиімді пайдалану, халықты ыстық сумен қамту, қоғамдық көліктерді жаңалау сияқты мәселелер жөнінде кеңінен тоқталды.
– Биылдан бастап біздің облыста жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша өңірлік бағдарлама жұмыс істей бастайды. Көпшілік тұтынатын тауарлар шығаратын – мата, тігін, тері өндірісін, тамақ өнеркәсібін құруға берілетін несие Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жылға 8 пайызбен берілетін болады. Осы мақсатқа, алғашқы кезеңінде біз 800 млн. теңге қаржы бағыттауды жоспарладық, – деді облыс әкімі.
         Білім саласының сапасын көтеру бағытындағы іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Аймақта балаларға қолдау көрсетуге, дамуына және өзін-өзі жетілдіруге барлық жағдай жасалған. Мәселен, 2014 жылдан бастап мектептердің 500 түлегі Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты бойынша сол елдің жетекші инженерлік жоғары оқу орындарына қабылданды. Алғашқы 32 студент оқуын аяқтап, елге оралды. Бүгінгі таңда олар аймақтағы кәсіпорындарда жұмыс жасауда. Ал 42 түлек оқуларын магистратурада жалғастыруды жөн көрген. Осы үрдіс өткен жылы да жалғасын тауып, Мәскеу және Санк-Петербургтағы инженерлік жоғары оқу орындарына тағы 58 түлек оқуға кеткен.
Облыста денсаулық сақтау саласын дамыту барысында жүйелі іс-шаралар жасалған. Соңғы 5 жылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының 63 пайызы жаңартылған. Медицина саласындағы мамандар тапшылығын азайту үшін 2016 жылдан бастап Қазақстанның 5 жетекші оқу орнында облыс әкімі грантымен 42 резидент білім алуда. Осы жылы бізге қажетті мамандықтар бойынша 16 білікті дәрігерлер келеді деп күтілуде. Ал, былтыр жалпы тәжірибе бойынша 30 дәрігерді оқытуға арнайы грант бөлінген.
Үстіміздегі жылы орындалатын ауқымды жұмыстар көп. Солардың ішінде басты деген екі мәселе жөнінде облыс әкімі кеңінен айтып өтті. Қазіргі қоғамда көпбалалы отбасыларды қорғау мәселесі айрықша айтылып жүр. Өзекті мәселе тек біздің аймақта ғана емес, бүкіл ел бойынша бар.  Дегенмен, аталмыш мәселенің шешілуі жолдары қарастырылып жатыр.
Облыс орталығындағы қалаішілік жолдар мәселесін шешу бағытында нақты істер атқарылып келеді. Осы жылы қалада «Шағын жолдарды дамыту» арнайы бағдарламасын жүзеге асырмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға 3,3 млрд. теңге бөлініп, қаланың шет аймағындағы 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 
Айта кетерлігі, облыс әкімінің баяндамасында өңірді дамытуға арналған ауқымды істер ашық айтылды. Содан кейін, жиналған жұрт көкейдегі сауалдарын жолдады. Микрофонға қол созғандар жеке бастың емес, көптің көкейінде жүрген қоғамдық тақырыптарды қозғап, сұрақтарға  жауап алды.
  – Өткен жылы су тапшылығы болғаны белгілі. Биыл Сырдария өзеніндегі судың жағдайы қалай болмақ. Шаруаларды осы мәселе алаңдатады? – деді «Ақжол» шаруа қожалығының төрағасы Д.Әбдібеков.
– Биыл жауын-шашын мөлшері жақсы.Өткен жылы «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жиналған су көлемі қажетті көлемнен 1 млрд текше метр кем болды. Су ресурстары комитетімен байланысқанымызда «Шардарада» 5,2 млрд, «Көксарайда» 3 млрд. текше метр су болады деп жоспарланып отыр. Өз тарапымыздан да қол қусырып отырған жоқпыз. Облыста 3 млрд. текше метр тасқын су жинайтын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, – деді облыс әкімі.
 – Қызылорда қаласы осы атауымен 100 жыл өмір сүрді. Меніңше, бұл атау өз миссиясын орындап болды. Сондықтан қалаға өзінің байырғы Ақмешіт немесе Алашорда деген атау берілсе, – деген ұсынысын айтты тұрғыны Қ.Нағашыбаев.
– Алаштың арыстарының, Қызылорданы астана еткен Сұлтанбек Қожановтың сөздерінде Қызылорда неліктен осылай аталғаны айтылады. «Қызыл» сөзі тек большевиктермен байланысты емес. Түрік қағанаты, Күлтегін дәуірінен бері айтылады. Сондықтан бұл ұсынысқа орай, тарихты зерттеуге Рухани жаңғыру орталығының мамандары кірісіп, өз зерттеулерін жасайтын болады, – деді аймақ басшысы.
Ал, медицина саласының ардагері Т. Маханов аймақ басшысының облыста атқарып жатқан жұмыстарына ризашылық білдіріп:
 – Аймақтар рейтингінде біздің облыс үнемі жоғары көрсеткіштермен танылып келеді. Елбасының «Қазақстанның дамуын бір ғана Қызылорданың көрсеткішінен айқындауға болады» дегені бар. Кәсіпкерліктің өркендеуін де жоғары бағалады. Даму барлық сала да бар. Дәрігер ретінде айтсам, материалдық база жыл өткен сайын жаңарып келеді. Менің, айтарым аймақ дамуына алға қойған мақсатты жұмыстардың жүзеге асуына үлес қосайық. Бірге жұмыс жасайық, – деді.
Осылайша жиын барысында өңір дамуына қатысты көптеген мәселелер айтылды. Алдағы бағдар, мақсат, міндет белгіленді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
16 ақпан 2019 ж. 1 018 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 450 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам