Ұлт намысына берік ұландар

Ал, бүгінгі күні ұсталықпен айналысатын адамдар өте сирек. Барлығы да жаңа бизнестің көзін ашуға құмар. Ал бизнестің басты жетістігі ол – тың идея. Кімнің идеясы мықты, сол адамның кәсібі алға дөңгелейді. Тек ерінбей еңбек етсеңіз болғаны. Тыңбай еңбек етіп жүрген жастардың бірі – Самғау Нәсіпхан бүгінде отандық өнім шығаратын «Арлан» жеке кәсіпкерлік орталығын ашып, ұлттық нақыштағы аяқ-киім түрлері мен әмиян, белбеу сияқты қолөнер бұйымдарын жасайды. Қытайдан елімізге қоныс аударған қандасымыз жастардың сұрақтарына жауап беріп, ойымен бөлісті.
– Бұл идеяны өткенімізді жаңғырту деп түсінген абзал. Өйткені, сән дегеніміздің өзі біраз жылдан соң қайталанып отыратын дүние ғой. Сондықтан өзіміздің ұлттық нақышта аяқ киімдер шығару екі жаққа да тиімді. Біріншіден, қазақы нақыштағы киімдерді кию арқылы өзімізді танытып, айналамыздағы адамдарға дәстүрлі тұрғыдан ықпал ете аламыз. Екіншіден, еліміздегі бизнесті дамытудың жаңа көздері ашылады. Сол арқылы мемлекетке де пайдамыз тиеді, шаруамызды да дөңгелетеміз, – деді Самғау Нәсіпхан.
Кездесуді айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жүргізді. Кездесу барысында Ибрагим Ескендір әннен шашу шашты. Жиын соңында Сыр перзенті, жас композитор Жарасхан Төлебай әлеуметті әнімен әлдилей түсті.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.