Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жас жүрек жайып саусағын...

Жас жүрек жайып саусағын...

 Кестелі сөз келелі ойдың көкжиегін кеңейтеді. Әдебиет әлемінің әр кезде де өміршеңдігі соның айқын дәлелі. Қаламның құдіреті қоғамның тынысын айқын көрсетеді, өмірдің тамыр бүлкілінің барометрі іспетес. Кезінде қаламгер құрметті атақ еді. Оларға төрден орын беретін. Әдебиет әлеміне өз өрнегін айшықтауға ұмтылған әрбір ақын-жазушыға үлкен қолдау жасалатын. Бүгінде жастар арасында әдебиетке қызығушылық жайы қалай? Өрелі өнердің өресін биік етуге ықыласы мен ынтасы зор бүгінгі буын өкілдеріне қандай қолдау жасалуы тиіс? Олардың өлеңнен өрнек салып, әңгімеден әдемі ой түйінін тарқатуына қаншалықты ықпал жасалуда? Пайымды пікір қашанда әдебиет айдынында желкенін керген жастарға зор қолдау болары сөзсіз.
Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан "Boketto" әдеби клубы тұсауын кесті. Аймақтағы шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған аталмыш жобаның болашағы зор. Онда жергілікті жас ақын-жазушылардың шығармалары талқыланып, ғалым, әдебиетші мамандар салалық дәрістер жүргізеді.
Әрбір өркениетті мемлекет өз жастарына қолдау көрсетеді. Өйткені, елдің болашағы – бүгінгі жастар. Еліміздің нығая түсуінде олардың қосатын үлесі зор. Шығармашыл жастар елдің рухани өміріне еркін араласып, пікірін ашық жеткізу үшін талғамы жоғары, көзіқарақты оқырман көкейіндегі орамды ойдың тетігін таба білуі тиіс. Әдеби клуб негізінен жас әдебиетшілердің өз тағамын қалыптастыру бағытында қызмет атқарады.
– Басты мақсатымыз жастардың теориялық білімді толыққанды, заманауи жүйе бойынша алуын және өзара шығармашылық байланыс орнатуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, Сыр өңіріндегі белгілі өнер иелері, әдебиетші, ақын-жыраулар мен аудармашы-ұстаздардың шеберлік дәрістерін онлайн жүйеде және аудио-видео нұсқада көпшілікке насихаттауды қолға алатын боламыз, – дейді әдеби клуб жетекшісі Ерсін Шамшадин.
"Boketto" әдеби клубының алғашқы жиыны ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнімен тұспа-тұс келді. Басқосуда алдағы жоспар барысы талқыланды. Кездесу барысында белгілі жырау Берік Саймағанбетов бастамаға сәттілік тіледі.
– Әдеби клубтың оқу бағдарламасы тиісті деңгейде ұйымдастырылса, бұл жастарды жаңа белестерге көтерері сөзсіз. Себебі, әдебиетке келіп жатқан жастар университет пен өзге де оқу орындарында алған білімдеріне қоса таза әдеби-гуманитарлық білім алса, олар болашақта жақсы шығармалар жазатыны анық, – деді Б.Саймағанбетов.
Ол сондай-ақ клубқа арнайы шақырылған әйгілі қаламгерлер, философ, мәдениеттанушы, өнертанушы, дінтанушы, жаратылыстану ғылымдарының озық ойлы ғалымдары дәріс оқығанын жөн санайды. Бұл жастардың интеллектуалдық деңгейін мүлде басқа кеңістікке шығарады.
Бүгінгідей компьютерлік технологияға тәуелділігіміз артқан заманда адам зейінін кітапқа аудару оңай емес. Кейбір тәуелсіз сарапшылар соңғы уақытта елімізде, әсіресе, көркем әдебиетті оқу көрсеткіші күрт төмендеп кеткенін алға тартады. Жиында өз пікірін ортаға салған халық шығармашылығын дамыту орталығының бөлім меңгерушісі Гүлжан Байзақова жан азығы саналатын көркем дүниелерге насихат кемшін болып тұрғанына тоқталды.
– Сондықтан клубтың алдағы жиындарында бірлесе оқу үшін өңіріміздің белгілі жазушыларының туындылары таңдап алынуы керек, – деді ол.
Әдеби клубтың оқу бағдарламасы әзірленген. Алғашқы отырысы барысында оның жұмыс жоспары таныстырылып, ол кеңінен талқыланды.
Шығармашылық ұжымын алдағы уақытта әдебиет теориясы мен тарихы турасында толыққанды ақпарат беруді, қазақ тілінің емле-ережелері мен тілдік заңдылықтары туралы базалық білім қалыптастыруды қарастыратын болады. Сонымен қатар, шығармадағы қателіктер мен идеялық кемшіліктер жөнінде кәсіби сын-пікірлер айтылып, аймақтағы жазу стилі қалыптасқан ақын-жазушы, аудармашылар және әдебиетші мамандарымен байланыс орнатылады.
Жиын соңында Сәния Жақып, Динар Рахман секілді жас ақындар өз шығармаларын оқыды. Мұнан соң мәнерлеп өлең оқу, дауыс ырғағын қалыптастыру бойынша клубтың алғашқы шеберлік сабағы өткізілді.
Биболат Сағындықұлы.
19 ақпан 2019 ж. 1 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 450 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам