Қоршаған орта – қоғам байлығы
Өткен жылы қоршаған ортаны қорғау саласында 67 нысанға бақылау шаралары ұйымдастырылып 129 экологиялық заңнама талаптарын бұзу деректері анықталған.
– Табиғат пайдаланушыларға 168 әкімшілік айыппұлдар салынып, өндірілді. Ал ҚР Экологиялық кодексінің талаптарын өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен уақытша 6 объектінің қызметі тоқтатылды. Қоршаған ортаға келтірген залалды өтеу бағытында 43 нұсқама берілді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев.
Сонымен қатар, табиғи ресурстарды заңсыз пайдалану бойынша 15 деректі тиісті шешім қабылдау үшін құқық қорғау және уәкілетті органдарға жолданған. 2018 жылы мемлекеттік экологиялық сараптамаға келіп түскен 367 жобалық құжаттама қаралған. Оның 166-на мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілген. Ал 127-сі алдын ала сараптама сатысында кері қайтарылған.
Өткен жылдың есепті кезеңінде атмосфералық ауаға тасталатын ластағыш заттар көлемі 9138 тоннаға төмендесе, ластаушы заттардың төгінділері 495 тоннаға азайған.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ