ҚОРШАҒАН ОРТА ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Биыл қоршаған ортаны қорғау саласының құрылғанына – 30 жыл. Елімізде экологтар күні жылма-жыл 5 маусым күні тойланады. Бұл мереке ресми түрде 2011 жылы заңымен бекітілді және БҰҰ Бас Ассамблеясы белгілеген қоршаған ортаны қорғау мерекесімен тұспа-тұс келеді.
Бұл мерекені Сыр өңірінің экология саласы мамандары толымды табыспен қарсы алып отыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы сала мамандарын қоршаған ортаны қорғау күнімен құттықтап, салтанатты шара барысында үздік қызметкерлерді марапаттады.
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі көптеген жылдар бойы Арал теңізі суының тұздану мәселесі алаңдатқан Сыр өңірі үшін бұл мерекенің маңыздылығын атап өтті.
- Арал дағдарысы – осы аумақтың бассейнінде өмір сүретін 35 млн. адамға әсерін тигізіп отырған, адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптардың бірі. Соның салдарынан 6 млн. гектардан асатын аймақ тұзды шөлге айналып, атмосферадағы тұзды тозаң көзі болды. Осындай қиын жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арал теңізін қалпына келтіру туралы тарихи шешім қабылдап, ғасыр жобасы – САРАТС қолға алынды. Аймақтың балық шаруашылығы қайта жанданды. Бүгінгі күні жобаның екінші кезеңі басталып кетті. Енді теңіздің жағаға ұрған толқындары Арал қаласына жетеді деген сенім мол, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон» зымыран-тасығыштарын ұшыру мәселесі шешім тапқанын жеткізді. «Протон» зымырандарын ұшыру қысқартылып, 2026 жылы ол мүлдем тоқтайтыны туралы шешім қабылданды.
Облыс әкімі қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұйымдардың үздік қызметкерлеріне марапаттар табыстады. Сондай-ақ, әріптестерін сала ардагері Қуанышқали Шапшаңов құттықтады. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға жалғасты.
Биболат Сәтжан