Театр жастарының тартуы

Елбасы жариялаған Жастар жылына орай ұйымдастырылған шарада сахнаның жас шеберлері көрерменге өздерінің жаңа қырын көрсетіп, тың идеяларын, жаңашыл жобаларын ортаға салды. Топтасқан қыз-жігіттердің Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласын газеттен оқып, қызу талқылауы, Жастар жылын қуана қарсы алу сәтін бейнелейтін ерекше сюжетпен шымылдығы түрілген кештің өзегі бұл жолы, расымен, өзгеше өрілді. Көреремендер әдеттегідей, тек спектакль ғана тамашалап қайтқан жоқ. Әуезді әнге, мың бұралған биге, театрдың шығармашылық қоржынындағы қойылымдардың ең әсерлі үзінділеріне, әртістердің нағыз шеберлігін айшықтап ғана қоймай, еріксіз езуге күлкі сыйлайтын қызықты пантомималық көріністерге де куә болды. Сондай-ақ, бұл кеште талантты жастар халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен қатар, қазақ сазгерлері әндерінің өміршеңдігі, театр сахнасы ұлттар достығының ордасы екендігі, қазақ қызының сұлулығы символына айналған – сәукеленің сырлы сымбаты туралы тәлім тағылымын ұғындыра түсуді де мақсат етіпті.
– Бұл – біздің Жастар жылына орай ұйымдастырып отырған алғашқы шарамыз. Театрдың жас әртістері бірігіп, көрерменге осындай қызықты әрі мағыналы кеш ұсынуды жөн көрдік. Бұған дейін де біз қаладағы қарттар үйінде, жастар мекемелері мен сауықтыру орталықтарында қайырымдылық концертін өткіздік. Аталмыш бағыттағы шараларға келгенде театр басшылығы бізге ешқандай шектеу қойған емес. Керісінше, әрдайым демеп, қолдап келеді. Енді алдағы уақытта труппадағы белсенді оншақты жасты Ресейдің Мәскеу қаласында тәжірибеге толы үлкен сапар күтіп тұр. Бұл бастама – біз секілді жастарға өнер жолында жасалған үлкен қолдау, – дейді театрдың белді әртісі Санат Жүзбай.

– Бүгін сондай рухани тұрғыда кемелдене түскен кеш болды. Тек спектакль ғана тамашаламай, ән де тыңдадық, би де биледік. Жастардың сондай белсенділігі мен ерекше өнері таңқалдырды. Сахнаны еркін меңгергені байқалып тұрды. Көздері жанып тұр. Өнерге шын берілгені сезіледі, – дейді Жұлдызай Артықбаева есімді көрермен кештен алған әсерімен бөлісіп.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.