САХНА ШЕБЕРЛЕРІНІҢ СЫНАҒЫ
Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессорлары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Аман Құлбаев және Дариға Тұранқұлова Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрдың шығармашылық ұжымына «Актер шеберлігі» және «Сахна тілі» бойынша арнайы шеберлік сағатын өткізді. Бұл шараны өткізудегі мақсат – аталмыш өнер ұжымы мүшелерінің біліктілігін, артистік шеберліктерін одан әрі шыңдай түсу, дамыту.
Шара барысында шығармашылық ұжымның біліктілігін арттыру мақсатында аттестация өткізілді. Соның нәтижесінде театр актерлеріне І, ІІ, орта және жоғары санаттар берілді. Басты ерекшелігі, – әр санат бойынша облыстық мәдениет басқармасының мөрімен бекітілген сертификаттар табыс етілді. Мұндай құжат алғаш Шымкент қаласында өткен аттестация барысында табысталса, екіншісі Қызылордада беріліп отыр.
– Үлкен шығармашылық ұжымның бет бейнесі – өздерің. Үнемі үздіксіз ізденіс қажет. Бүгінгі аттестация – сендер үшін бір белес. Бағындырар белестерің көп болсын. Театрға адал болыңдар. Көрермендерге ой салатын образ шығаруға тілектеспіз. Сомдаған әрбір рөл тарихпен табыстырады. Қазақ театрының абызы Серәлі Қожамқұлов бір ғана Қарабай образымен тарихта аты қалған. Сендерге де сондай бақыт тілеймін. Театр – ұжымдық өнер. Татулық пен тұтастық болса сендер алмайтын қамал жоқ, –деді Аман Құлбаев.
Әріптесінің осындай орамды ойын жалғастырған Дариға Тұранқұлова « Өнердің тағдырына әділ қараңдар. Шынайылық – жасандылықты қажет етпейді. Көрерменді өсіретін де, өшіретін де театр. Сахнадағы әдеби тілді жоғалтпауға тиіспіз. Рухани байлығымызды сақтау – сендерге аманат. Маңдай терді төгіп жұмыс жасау қажет. Театр – рухыңмен егіз болсын. Айтар ойыңды дәл және анық айт. Театр мәдениетін өз мәдениетіңнен де биік қой. Соңғы қатардағы көрерменге дейін ойна. Сонда халық бағаңды береді», –деді.
Жарты ғасырдан аса тарихы жазылған өнер ордасы қай кезде де өз көрерменін жоғалтқан емес. Сахна шымылдығы түрілген сәттен бастап әр қойылымның көпшілікке айтары болуы шарт. Сапалы еңбек – актер мен режиссер арасында тығыз байланыс болса ғана өз жемісін береді. Осы орайда театрдың режиссері Хусейн Әмір - Темірді айтпай кетсек айып болар. Өнегелі өмірін өнер жолына арнап, театрдың өсіп - өркендеуі үшін еңбек етіп келеді. Актерлік қызметке келген келген жастардың қарасы қалың. Киелі шаңырақтың бүгіні мен ертеңі – сол жастар.
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ