Құрт ауруына қырын қарамаңыз

Өткен аптада аталмыш тақырыпқа орай қалалық №5 емханада баспасөз туры өтті. Емханада дүниежүзілік туберкулезге қарсы күніне орай ашық есік күні ұйымдастырылды. Ашық есік күні аясында тұрғындар дәрігерлерден тегін кеңес кеңес алды. Дәрігерлер тұрғындарға туберкулезге шалдыққан науқас қандай тексерістен өту керек екенін сатылап көрсетті.
– Есірткі, темекі шегу және ішімдік ішу секілді зиянды әдеттер туберкулездің тез дамуына әкеледі. Алдын алу мақсатындағы іс-шаралар 2 бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда қоздырғышты жою, дені сау адамда аурушаңдық болдырмау бағыттарында қажетті іс-шаралар жасалады. Сондықтан бала кезден вакцинация және ревакцинацияны уақтылы алу керек. Құнарлы тамақтану және зиянды әдеттерден аулақ болу және жеке бас гигиенасын сақтау қажет, – деді дәрігер-фтизиатр Ләззат Төремұратова.
Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр облыс бойынша туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 2 495 адам диспансерлік есепке алынған. Олардың ішіндегі 998 белсенді түрімен ауыратындар болып табылады.Өткен жылы 422 адам туберкулезді жаңадан жұқтырған екен.
– 2020 жылдан бастап осы әлеуметтік медициналық сақтандыру егізілді. Әлеуметтік маңызды аурулардың тізімі бар. Соның ішінде туберкулезбен ауыратын науқастар кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді және мемлекет қарауында болады. Ол мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалының бөлім басшысы Асқар Рақышев.
Дер кезінде анықталып, тиісті ем-дом жасалса қатерлі дертті толық емдеп жазуға болады. Сондықтан ауруды асқындырмай, емдеуші дәрігердің нұсқауларын орындаудың маңызы зор. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2000 және 2016 жылдар аралығында туберкулезді ерте анықтау мен емдеу нәтижесінде әлем дәрігерлері 53 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған.
Туберкулездің қарапайым түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Елімізде бұл ауруға шалдыққандар интеграцияланған бақылау стратегиясы бойынша емделеді. Бақылаудың бұл түрі туберкулездің жабық түрімен ауыратын науқастардың емханада амбулаторлық ем қабылдауына мүмкіндік береді.
Бағлан АЛТЫНБЕК,
Қорқыт атындағы ҚМУ студенті.