Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Өнерге іңкәр жас толқын

Өнерге іңкәр жас толқын

  Ардан аттамаған қыз тағдыры. Дала тағысы – қасқырлар ортасында қалған оның өмірі қиянатқа қарсы табанды тартыспен бірге өріле түседі. Іштен шыққан шаранасын өзекке тепкен әйел. Қанша жыртқыш болса да, оны өгейсінбей, бауырына басқан құртқа қасқыр әрекеті.    
     Былтыр дәл осы ойды баяндайтын жазушы Шерхан Мұртазаның әңгіме желісі бойынша жазылған Айжан Атымтаеваның "Қыз қасқыр" қасіретнамасын көрермен назарына "Жастар театры" ұсынған еді. Сыр театры мәдениетіндегі алдыңғы буын ағалардың сара жолын өнеге тұтып, өнер айдынында желкен түрген талантты жастардың өнерін сол кезде алғаш рет тамашалағанмын. Одан кейін де облыстық маңызы бар ауқымды шараларда аталмыш ұжымның дарынды жас әртістері түрлі образда театрландырылған қойылымдар қойып, көпшіліктің қошеметіне ие болып жүргенін бірнеше мәрте байқадым. Бар-жоғы жиырма жастың о жақ бұ жағындағы өңкей үлбіреген қыз-жігіттің құлшынысынан өнерге, сахнаға деген ерекше іңкәрлік пен ынтызарлық лебі айқын сезіледі.
         Алғаш 2016 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың жетекшілігімен қаз басқан жастар театрының бүгінгі аяқ алысы жаман емес. Ұстанған бағдары да бекем. Көрген тәлімін іліп алып, кәдесіне жарата білетін талапты жастардың бас-аяғы осы үш жыл көлемінде-ақ сахнаның қыр-сырын меңгеріп, айтарлықтай төселіп қалғандығы байқалады. Тіпті, үнемі шабытын шыңдап жүретін ұжым театр фестивалдерінен де қалыс қалмай, бақ сынауды үлкен тәжірибе деп біледі. Мәселен, екі жыл бұрын Шымкент қаласында өткен "Ашық алаң" театр фестивалінде арнайы жүлдені иемденуі де олардың өнерге деген осындай құлшынысының жемісі болса керек.
         – Қазір труппада 20 шақты жас бар. Арасында әртістік қабілетімен көзге түсіп жүрген дарынды оқушылар да бар. Театрдың құрамы жастардан құралғандықтан көбіне пластикалық би элементтері басым спектакльдерді қоюға тырысамыз. Себебі, қазіргі көрерменнің талғамы басқа. Бірсарындылықты, көпсөзділікті ұнатпайды. Сахнаның ойнап, еліктіріп тұрғанын құп көреді. Сондықтан біз де көрерменнің осындай қалауына сай жұмыс жасаймыз. Режиссеріміз әр қойылым сайын дайындығымызды пысықтап, жан-жақты әзірлік жасайды. Біз Дариға Тұранқұлова, Мұрат Әбзелбаев, Ғани Құлжанов сынды өнер майталмандарының шеберлік дәрісін алдық. Театр А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылғандықтан сахналық костюм, декорация дегеннен ешқандай мәселе жоқ, – дейді труппа жетекшісі әрі әртісі Әл-Мұхаммед Алдажаров.  
         Бүгінде театрдың шығармашылық қоржынында Қанат Жүнісовтің "Алғашқы махаббат" комедиясы, Айжан Атымтаеваның "Қыз-қасқыр" трагедиясы, Байділдә Айдарбековтің "Неге?" драмасы секілді белгілі драматургтердің тырнақалды туындылары бар. Мектеп бітіргелі тұрған оқушының сынып жетекшісіне ғашық болып қалуын шебер орындап шыққан олар "Алғашқы махаббат" қойылымында комедиялық көріністерге басымдық беріп, көрермен көңілінен шыға білді.
         Халықтың езуіне осындай күлкі сыйлап ғана қоймай, тағылымы мол дүниелерді де ұсынып жүрген өнердің жаңа буыны биылғы Жастар жылында да тың бастамаларды жүзеге асырмақ. Кезекті жаңа қойылыммен көрерменін қуантуға асығып, бұл жолы көп көңілінен шығу үшін қызу дайындық үстінде.
         Аз уақыттың ішінде осындай толағай табысқа жетіп, шабыт шыңын бағындырып келе жатқан жас театр болашақта рухани-эстетикалық қызметіне қылау түсірмей, сахна арқылы талай толқынның тұсауын кесіп, сан буынның жүрегіне ізгілік шамын жағарына сенім кәміл.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
02 сәуір 2019 ж. 1 170 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 479 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30