ҚЫЗ ҚАСҚЫР
Ардан аттамаған қыз тағдыры. Дала тағысы – қасқырлар ортасында қалған оның өмірі қиянатқа қарсы табанды тартыспен бірге өріле түседі. Іштен шыққан шаранасын өзекке тепкен әйел. Қанша жыртқыш болса да, оны өгейсінбей, бауырына басқан құртқа қасқыр әрекеті. Жазушы Шерхан Мұртазаның әңгіме желісі бойынша жазылған Айжан Атымтаеваның «Қыз қасқыр» қасіретнамасы дәл осы ойды баяндайды. Аталмыш трагедиялық қойылымды А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде жастар театры көпшілік назарына ұсынды. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың режиссерлығымен көрерменге жол тартқан спектакль аң екеш аңның да жүрек елжіретер қасиеттері арқылы адамдық пен адалдықтың өнегесін көрсететіндігін дәріптейді. Осынысымен де жиналған қауымды баурай түсті. – Бұл туынды жастарды әртістік жағынан қабілетін шыңдауға, жан-жақты дамытуда, өнер адамы ретінде шеберлігін арттыруда ықпалы жоғары. Себебі, мұнда түрлі эксперименттік тұрғыдағы сахналық үздік сюжеттер бар. Жастар соны сахналау арқылы өздерін дамытуға мүмкіндік алады. Бұл спектакльдің тұсаукесері осымен екінші мәрте өтуде. Зал қашанда лық толы. Ал, жастар театрының құрамы жылдан-жылға қарай кәсібиленіп келеді. Олардың әрқайсысының өнерге деген құштарлығы ерекше. Бастысы, ізденіс бар екендігі қуантады. Қойылымға келсек, оның тәрбиелік-танымдық деңгейі өте жоғары. Қазір біздің қоғамда баласын тастап кетіп жатқан көкек аналар көп. Соларға ойсаларлық бірден-бір дүние деп ойлаймын, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі әрі балетмейстрі Ерғазы Әбжалиев.Жастардың еңбегі мен үздіксіз ізденісінің арқасында сахналанған қойылымда адамдарды ұрпақ алдындағы жауапкершілігі, қасқырлардың ұйымшылдығы, аң адалдағының ант тұғыры, адам пенделігінің әшкере әлемі шебер көрініс табады. Ал, қыз қасқыр образын сомдаған Аңсаған Жолмаханова өзінің сахналық бейнесі арқылы кішкене де болса, адамдық қасиетті дәріптеп, адалдық іске себепкер болғанына қуанышты екенін айтады. Бұдан өзге спектакльде Назерке Қали, Әйгерім Әбдірахман, Әлмұхаммед Алдажаров, Салия Әшірбек, Арман Серікбай сынды талантты жас әртістер өнер көрсетеді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.