Түйе сүтінен балмұздақ шығарды
Соңғы жылдары өңірде кәсіпкерлік сала түрлі бағытта дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсінгендер жеке кәсібін ашып, заманына қарай амалын жасауға көшкен. Жан-жақты қолдаудың арқасында ел игілігі үшін ауқымды істер атқарылуда. Әсіресе, аймақтағы жеңіл өнеркәсіптің дамуы қарқын алуда.
Шиелі ауданында орналасқан «Ару-ана» шұбат өндіру цехы осы бағытта өңірде алғаш ашылған өндіріс орнының бірі. Негізі 2016 жылы қаланып, жұмысын 400 литр шұбат шығарудан бастаған еді. Бүгінде оның ауқымы кеңейген.
Мінсе көлік, ішсе сусын, жесе азық болған түлігінің қадір-қасиетін жіті ұғынған халықтың ұрпағы емеспіз бе? Аталмыш кәсіпті өрге домалатқан кәсіпкер Сабыр Ермаханов көпшілік іздеп жүріп әрең табатын ұлттық сусынды қолжетімді етті. Соның нәтижесінде жұртшылық табиғи өнімді тұтынып отыр. Цехтың басты өнімі – шұбат сусыны, оған қоса сұранысқа сай сиыр сүтін де өндіреді. Қазір мұнда күніне 1 тонна шұбат және сиыр сүті дайындалады. Сиыр сүтінен бұдан өзге айран, құрт, йогурт, сүзбе әзірлейді. Шикізатты Балаби ауылы мен «Шиелі төрт түлігі» ауыл шаруашылығы кооперативінен алдырады.
Жыл өткен сайын мұндағы өндіріс арнасы кеңейіп, шығарылатын өнім көлемі де толыққан. Соның бірі ретінде мұндағы балмұздақты айтуға болады. Түйе сүтінен әзірленген тәтті дәм құлаққа таңсық естілгенімен халықтың зор сұранысына ие. Сондықтан күніге шығарылатын 1000 шақты балмұздақ бір ауданның өзіне толық жеткіліксіз. Цехтың технолог маманы Баян Дүйсенбекова алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды көздейді. Бұл ретте ол облыстың кәсіпкерлер палатасына балмұздақ өндірісінің қуаттылығын арттыру бойынша бизнес-жоспарын ұсынған. Алдағы уақытта жоба мақұлданса, аймақтың барлық ауданына қолжетімді болмақ.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы іссапар кезінде мұндағы өнімдерге жоғары баға берген екен. Бүгінгі күндерде сарысу өндіру жолға қойыла бастады. Көп күттірмей мұнда сүзбе-ірімшік (брынза), сарысу өнімі шығарылды. Сарысудың адам ағзасына пайдасы зор. Мұның барлығын цехтың технолог маманы Баян Дүйсенбекова өзі зерттеп, зерделеп іске асырып отыр.
– Бізде ең әуелгі процесс түйе сүтін тексеруден басталады. Яғни, арнайы аппараттың көмегімен сүттің майлылығы, тығыздығы, ақуыз мөлшері анықталады. Сосын тексерістің екінші кезеңіне өтеміз. Ол жоғары градуста қайнату арқылы белгілі болады. Кейін 92 градуста пастерлендіру жасалады. Бұдан соң жұмыс салқындату, ұйыту, қайта салқындату сияқты бірнеше процесстен өтеді. Осылайша дайын болған өнімді құтыға құю барысы жүргізіледі. Ал, жарамдылық мерзімі қазіргі кезде 1 жылға ұзарды. Бұған дейін 2-5 ай көлемінде жарамды болатын. Былтыр Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті мамандарымен бірлесе отырып шұбат өніміне арналған ұйытқы шығардық. Шұбат сусыны қазір шетелдің емес өзіміздің ұйытқы арқылы әзірленуде. Бүгінде цехтан шығарылатын өнім облыстың барлық аумағын қамтып отыр. Алдағы уақытта Алматы қаласына шығару жоспарлануда, – дейді технолог маман Баян Сабырқызы.
Түйе сүті қуаты мен дәрумендік қасиеті жағынан қымыздан кем түспейді. Осыны жіті түсіне бастаған халықтың бұл өнімге сұранысы жоғары. Ал, емдік қасиетін жоймай, құнарлы сусын ұсынған «Ару-Ана» шұбат өңдеу цехының өңірде ашылғаны мақтануға тұрарлық. Ел ішінде үздік бағаланған тағам өндірісі ел игілігі үшін жұмыс жасай бермек.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.