Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ӘЛЕУЕТІ

ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ӘЛЕУЕТІ

   
  Қызылордада әлемдік деңгейде әріптестікті нығайтуға бағытталған «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында ІХ «Baikonyr invest» инвестициялық форумы өтті.
Екі күнге созылған ауқымды шараны облыс әкімдігі «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ қолдауымен бірлесе ұйымдастырды. Оған халықаралық және отандық бизнес саласының өкілдері, қаржы институттары мен корпорациялардың, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, сондай-ақ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Түркия, Оңтүстік Корея, Польша мен өзге де шет мемлекеттерден арнайы делегаттар келіп қатысты. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жиында аймақтың инвестициялық жаңа мүмкіндіктері мен халықаралық экономикалық-ынтымақтастық байланысы жан-жақты талқыланды. Инвестфорумның алғашқы күні «Қызылорда облысының инвестициялық жобалары» тақырыбындағы көрмемен басталды. Онда өңір дамуындағы жарқын жобаларды, тың мүмкіндіктерді насихаттайтын дүниелер көпшілік назарына ұсынылды.
Содан кейін шара жұмысы жиынның пленарлық отырысымен жалғасты. Оны «Management System Consulting Corporation» мекемесінің басқарушы директоры Озат Байсеркеев жүргізді. Форум жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ дамуында қолға алынып жатқан ілкімді істерді баяндады. – Алдымен, облыстың логистикалық мүмкіндігі жоғары екенін айтқым келеді. Өңірдің өне бойынан Сырдария өзені өтеді. Аймақ ауылдары темір жолдың бойында қоныстанған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымы осында орналасқан. Оның үстіне «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбыры да, тауарларды Еуропаға жеткізуге мүмкіндік беретін «Жезқазған – Сексеуіл – Бейнеу» теміржолы да осы аумақтан өтеді. Облыс елді мекендерінің 85 пайызы осы транспорттық инфрақұрылымдардың маңында орналасқан. Ол жерлерде аймақ халқының 93 пайызы тұрады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде өңір экономикасының қарқынды түрде дамуына индустриалды-инновациялық бағдарламалардың ерекше ықпал ететіндігін жеткізді. Мәселен, аталған бағдарламалар шеңберінде өңірде 20 шақты жоба жүзеге асқан. Оның көш басында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары тұр. Бұл міндет аясында жақында ғана «Қараөзек» газ-компрессорлық станциясы іске қосылғаны белгілі. Ол өз кезегінде еліміздің солтүстік аймақтары мен Астанадағы газ құрылысы жұмыстарын бастауға мүмкіндік беріп отырғандығын айта кеткен жөн. Ал, келер жылы үш тотықты молибден шығаратын кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Ондағы өнім экспортының көлемі Жапонияның үлесінде болады. Сондай-ақ, алдағы жылдың шілде айында шыны зауытының алғашқы өнімін шығару жоспарланып отыр. Аймақтың өнеркәсіп саласына ерекше ден қойылғандықтан келер жылы мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты іске қосу да межеге алынған. Облыс әкімі бұл кәсіпорындардың барлығы да өндірістік әлеуеті жоғары әрі мүмкіндігі орасан зор заманауи техникалық құрылғылармен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Сондай-ақ, британдық инвесторлармен бірлесіп, «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба іске асып жатқандығын тілге тиек етті. Жалпы, аймақта қолға алынып жатқан жарқын жобалар мұнымен аяқталған жоқ. Қазір 110 тонна аммоний метаванадаты Тайваньға сыртқы саудаға шығарылуда. Мұнан өзге қалада ферроқорытпа зауытын салу көзделіп отыр. «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электростанциясының құрылысы басталды. Алдағы 2019 жылдан бастап тау-кен байыту комбинаты 2 млн. тонна, ал, 2020 жылға қарай 4 млн. тонна кен өңдейтін болады деп күтілуде. Аталған кәсіпорын іске қосылғанда 1500-дей жаңа жұмыс орны ашылып, халыққа тұрақты еңбек көзі табылмақ. – Аймағымыз еліміз үшін күріштің 90 пайызын өндіреді. Біздегі үш ауданда егілетін күріш көлемі республика халқын толықтай қамтамасыз етуге қауқарлы. Соңғы бірнеше жылда дала еңбеккерлері рекордты көрсеткіштерге қол жеткізіп, әр гектардан 56 центнерден өнім жинады, – деген Қ.Көшербаев сөз арасында өңірдің ауыл шаруашылық саласындағы серпінді істерді де атап өтті. – Аграрлық саланы дамытудың арқасында өнімдеріміз тек ішкі нарықты ғана қанағаттандырып қоймай, өзге елдерге де экспортталуда. Жақында ғана іс-сапармен Иран Ислам Республикасының Мазандаран және Гүлістан провинцияларында болып, ынтымақтастықта жұмыс жасау жөнінде 8 меморандумға қол қойдық. Соңғы бір жылдың өзінде аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты – 48, ал, күріш экспорты 53 пайызға артты. Агроөнеркәсіп секторында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылдың ішінде мал азықтық дақылдар, майлы дақылдар және азықтық дән алқабы 6 мыңнан астам гектарға артқан. Өндірістік негізде картоп, көкөніс және бақшалық дақылдар өндірісін дамытуды бастадық. Оған қоса осы кезең ішінде, әсіресе сорт өнімділіктерін арттыру есебінен күріштің жалпы өнімі 20 пайыздан астамға өсті. Биыл аймақта 500 мың тоннадан астам күріш жиналды. Су ресурсын тиімді пайдалану бойынша Өзбекстанмен нәтижелі жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда бұл елдегі шағын және орта бизнесті дамытудағы тәжірибесіне қызығушылық артып отыр, – деді облыс әкімі.Сондай-ақ, өңірдің ақпараттық-техникалық заманға сай бейімделуі де назардан тыс қалған жоқ. Оның айтуынша, биылғы шілде айынан бастап «Microsoft» компаниясымен бірлескен жұмыс бастау алған. Бұл шара шеңберінде облыста онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологиямен жұмыс істейтін жоғары кәсіби мамандарды бірлесе дайындау жұмыстары басталды. Бүгінде ЭКСПО аумағын қолдана отырып, Мәскеу болат және қорытпалар институтымен Қызылордада машина құрастыру, 3-D принтерінің көмегімен түйіндер мен детальдар өндіруге бағытталған мәскеулік ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының баламасын құру жөнінде келіссөздер жүргізілу үстінде.Мұнан соң ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев сөз алып, бұл форумның Қызылорда экономикасын одан әрі дамытуға оң септігін тигізетіндігін мәлімдеді. Ол аймақтың басқа елдермен тікелей қарым-қатынас жасау оң нәтижесін беретінін тілге тиек ете отырып, оған мемлекеттік бағдарламалардың да ықпалы зор екенін атап өтті.Ал, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағанбетов аталған шараның Байқоңыр ғарыш айлағына да тың серпін беретіні туралы баяндады. Ол біздің жұлдызды қалашықты әлем жұртшылығы «Жердің бірінші ғарыштық айлағы» деп мойындайды деген ойды алға тартты. Ал, Елбасының ғарыш қызметін іске асыруға қолдау көрсетіп, оған ерекше назар аударып жүргені де баршамызға мәлім. Ғарышқа осылайша жол салған «Байқоңырдың» бүгінде екінші тынысы ашылды деуге болады. Себебі, қазір «Байқоңырды» ғарышқа бағытталған қала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. Бұл тұрғыда алдағы уақытта айлақтан «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі болуда. Еншілес екі мемлекет бүгінде дамудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен. Бұл туралы Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшылығының орынбасары Евгений Чулков ғарышты шаһардың тыныс-тіршілігі туралы баяндамасында әңгімеледі. Сондай-ақ, мәжіліс барысында Иран Ислам Республикасы Гүлістан провинциясы экономиканы үйлестіру жөніндегі департаментінің директоры Юсеф Басанжиде, «АралСода» «Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны» АҚ басқарма төрағасы Динг Чао Ран және түркиялық «Yıldızlar SSS» холдингі энергетикалық тобының басшысы Эртем Суат, Корея Республикасының Қазақстандағы Бас Консулы Мин Джон Сын, еліміздегі Польша Республикасы елшісінің кеңесшісі Скшидло Анджей сөз сөйлеп, ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.Осылайша пленарлық мәжіліс соңында облыс әкімдігімен және аймақ кәсіпкерлерімен Түркия, Қытай, Иран, Польша, Ресей, Өзбекстан елдерінің компаниялары арасында ынтымақтастық туралы бірнеше келісім мен меморандумға қол қойылды.Түскі үзілістен соң форум жұмысы шетелден келген делегация өкілдерімен бірлескен өзара ынтымақтастықтың келешегі тақырыбында секциялық отырыстармен жалғасын тапты. «Туған жерге тағзым» бөлімінің модераторы, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов биылғы форумның ерекшелігі – туған жер тақырыбына да басымдық берілуінде екенін айтты. Жиын барысында аймақ басшысы Сырдарияның сол жағалауындағы бой көтеретін жаңа қаланың құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқандығын айтты. Бұрын Қызылорда астана болған кездегі ҚазЦИК ғимаратының сызбасы архивтен табылып, қазір сол жағалаудағы музей құрылысы осы жобамен салынып жатқандығынан хабардар етті. Бұл ғимаратта болашақта Рухани жаңғыру орталығы да орналаспақ. – Негізі, рухани жаңғыру бізде іс жүзінде бұдан біршама уақыт бұрын басталып кетті. Қазақтың кең даласында таланттар көп. Біз оларды тауып, туған жеріне қызмет жасауына мүмкіндік бере алсақ, еңбегіміздің ақталғаны, – деді секция жұмысына қатысқан композитор Кеңес Дүйсекеев.Ал, «Айқын» газетінің бас редакторы, жерлесіміз Нұртөре Жүсіп өзінің ойға алған істері мен ұсыныс-пікірін ортаға салды. Аймақтың соңғы жылдардағы даму үрдісін «Сырым менің, сырласым» атты деректі әңгімелер жинағына арқау етуді ұйғарыпты. Сондай-ақ, қарымды қаламгер жас тілшілерді «Айқын» газетінде тағылымдамадан өткізу, Сыр өңірі туралы жаңа әндерге конкурс жариялау туралы ұсыныстарын жеткізді. Оған қоса облыстың фотошежіресін жүйелеп, ардагер фототілшілер Б.Омарәлиев пен С.Хутаевтың суреттерін цифрлық форматқа көшіру, Сыр бойының жыраулық дәстүрін насихаттау, туған жерді көгалдандыру үшін «1001 ағаш» акциясын бастау туралы бастаманы сөз етті. Жақында ғана облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегацияның Иран Ислам Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында екі елдің кәсіпкерлік саласындағы палаталары әріптес болып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғаны белгілі. Бұл туралы «Қазақстан Республикасы және Иран Ислам Республикасы арасындағы ынтымақтастық» тақырыбындағы №2 секциялық отырыста сөз болды. Жиын барысында Горган Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының вице-президенті Аразджан Шомолиден, «Khazar Electric Industrial Co» компаниясының атқарушы директоры Наваеи Моджтаб та инвест-форум жайлы пікірімен бөлісті.Ал, «Қазақстан және Қытай арасындағы ынтымақтастық» секциясы жұмысында облыс әкімдігі Қытай елінен келген ірі өндіріс кешендерінің өкілдерімен бас қосып, әлеуметтік-экономикалық әріптестік байланысты нығайтуға ниетті екендіктерін білдірді. Онда облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким бұл байланыс қос тарап үшін де мол мүмкіндіктерге толы екенін алға тартты. Шиелі ауданында салынып жатқан цемент зауыты инвестициялық жобасының өкілі «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС басқарушы директорының орынбасары У Чжэньхуа ауданда іске қосылатын ірі зауытта жылына бір миллион тоннаға дейін цемент шығарып, 400-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмысқа тартатындығынан хабардар етті.Сондай-ақ, қытайлық «Dayuan Group» компаниясының директоры Ванг Диенфэенг Сыр елінен ауылшаруашылық тыңайтқыштарын өндіру жобасын қолға алып, құрылысын жүргізбек. Ал, «Petrosilkway» ЖШС-ның коммерция жөніндегі директоры Лю Ци аймақта өндірістік парк құрылысы жобасын салуға, газ-химия өндірісіне қажетті зауыт ашуды жоспарлап отырғанын айтты.«Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаев жүргізген «Қазақстан және Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық» секциялық отырысында қос тарап арасындағы ынтымақтастыққа тиімді жобалар талқыға түсті. Өздеріңізге белгілі, биыл облыс әкімі бастаған делегация Өзбекстан елінде болып, бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізді. Отырыста осы мәселелер, инвестициялық жобалардың мемлекеттік қолдау құралдары мен шаралары, индустриялық аймақтарға жобаларды орналастыру мәселелері сараланды. Басқосуда Өзбекстаннан келген «Telecom Innovations» бас директоры Фирдавс Алиев, «Advantage Kazakhstan» компаниясының бас директоры Дмитрий Родин, «UzEraeCable» бас директоры Шехзод Умаров сынды делегаттар форумның маңыздылығына ерекше тоқталып, бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынастың тамыры қашанда тереңнен бастау алатынын жеткізді. Секциялық жұмыстар соңында шетелдік кәсіпорындар өкілдерімен кәсіпкерлік және әріптестік байланысты нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.Форумның екінші күнінде делегаттар Тұран даласының абызы – Қорқыт ата кешені және «Байқоңыр» ғарыш кешенінің мұражайымен танысып қайтты.Айта кетейік, «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 8 форум ұйымдастырылып, нәтижесінде 100-ден астам меморандум жасалған. Нәтижесінде өңірге 100 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Олардың қатарында шыны, цемент және ферроқорытпа зауыттары секілді ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.





20 қараша 2017 ж. 1 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам