Ауылдағы ағайынға – лайықты қолдау
Экономиканы дамытудың негізгі драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Ол үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Жері құнарлы, шөбі шүйгін. Мал бордақылап, егін шаруашылығымен айналысамын дегендерге мүмкіндік мол. Аграрлық секторды дамытуға ынталы жандарға мемлекет те көмек беруден қарап қалмайды.
Осы мақсатта ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында елдегі кәсіпкерлерді қаржыландыруды бастады.
– «Биыл қор «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» бағдарламалары бойынша 2,4 млрд. теңге несие беруді жоспарлап отыр. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несие жылдық 6 пайыздық сыйақымен берілетін болады. Етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» мен сүт-тауар фермаларын дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жалғасады, – деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалының директоры Мұхтар Әлімханұлы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Аталмыш қор ауыл кәсіпкерлерін қолдайтын бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың қаржылық көзі болып келеді. Сонымен бірге, несие берілетін уақытта кәсіпкерлер қызметінің ерекшелігімен қатар, ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклдігі ескеріледі. Бүгінге дейін аталмыш бағдарламалар арқылы мал шаруашылығын дамытуға ынталы азаматтардың жұмысы жанданып келді. Бұдан былай, жеңілдетілген несие алу үшін кепілдендіру электронды портал арқылы жүргізіледі.
Айнұр МАМАНҚЫЗЫ.