Бала – байлық, бала – бақыт

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық демалыс саябағында жас өрендерді төл мерекесімен құттықтады. Бүлдіршіндерге ыстық лебізін жеткізген қала басшысы олардың толыққанды жоғары білім алуына жасалып жатқан жағдайларға тоқталып өтті.
– Сіздер – біздің болашағымыз, бастаған ізгі ісіміздің жалғастырушысы боласыздар. Үйдегі әрбір ата-ана өз баласын үкілеп өсіріп, келешегінен үлкен үміт күтіп отыр. Қоғамда баланың орны ерекше. Себебі, болашақ мемлекетті жастар қалыптастырады. Бұл өмірде баланың балғын жүзінен нұр шашып, бар ықыласымен риза болғанын көруден асқан бақыт жоқ. Жүздеріңіз тек қуанышқа толы болсын, – деді қала әкімі.
Айта кеткен жөн, қаламызда балабақша мәселесі толық шешімін тапқан. Бүгінде облыс орталығында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен 240 ғимарат бүлдіршіндерге қызмет жасауда. Мәселен, 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен қамтылған. Олардың ішінде ақпараттық технологияны дамыту мақсатында «Алтын ұя», «Алпамыс», «Бегім Ана» балабақшаларында тағы бір жаңаша бастама қолға алынып, жас робототехника кабинеттері ашылған. Сондай-ақ, «2016-2020 жылдарда Қызылорда қаласының аумағын дамыту» бағдарламасы аясында 46 инклюзивті топтар ұйымдастырылды.
Қалалық демалыс паркінде бүлдіршіндерге үлкен қуаныш сыйлады. Оның шырайын сайқымазақтар мен ертегі кейіпкерлері келтірді. Шара барысында аттракциондар балаларға тегін қызмет көрсетіп, тегін 1000 дана балмұздақ пен тәтті шырын үлестірілді.
Демалыс саябағында жастар үшін барлық мүмкіндік қарастырылуда. Соның дәлелі ретінде, жазғы кинотеатр ғимараты ішінде ролик тебу алаңы кеңейтілген. Сонымен қатар, ескі әжетхана ғимараты да бұзылып, орнына 50 көлікке арналған автотұрақ салынған. Мұндағы жасалып жатқан жағдайдың барлығы – тек қана тұрғындар игілігі үшін.
Жаңарып, жасанған саябақ маңында келушілер саны күннен-күнге көбеюде. Қазіргі уақытта мұнда барлығы 13 батут, 30 дүңгіршек, 17 жазғы кафе, 2 фотосалон, кәсіпкерлерге тиесілі 63 және қалалық мәдени және паркіне тиесілі 9 аттракцион халыққа қызмет көрсетуде.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.