Несиені неге аламыз?
Бүгінгі нарық заманында несиесі жоқ адамды кездестіру қиын емес. Тұрақты жұмысы бары да, жоғы да банктен қарыз алып әлек. Кейбіреу бірін төлеп жауып тастап, екіншісін алып жатады. Тіпті, соған етіміз де үйреніп кеткен. Баспана, көлік алу былай тұрсын телефон, дүние-мүлік, киім-кешек секілді ұсақ-түйекке дейін несиеге алғанды шығардық. Былай алып қарағанда соның бәрі бірдей аса қажеттіліктен туып тұрған жоқ. Тек әйтеуір табысым бар ғой, тірі жүрсем бірдеңе етіп өтермін деген оймен алды-артын ойланбай ұрына береміз.
Қайбір күні ағайындардың басы қосылған бір отырыста несие мәселесі аяқ асты сөз болды. Сонда жасы алпысты алқымдаған апамыз осы уақытқа дейін өзіне де, балаларына да кредит алғызбағанын айтты. Шынымен дәл қазіргі таңда таңғалмасқа болмайды. Олардан несие алып, оны бірнеше пайыздық өсімақымен қайтарғанша, қолымдағы барға шүкір етіп, қарызданбай қарап отырғаным жақсы, – деп өз ұстанымын көпшілік алдында жасырмады.
Апамыз айтқан сөздің жаны бар. Осы күні қарыз еліміздегі күрделі мәселенің біріне айналды. Қарыздың қай түрі болса да оңай емес. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 6 триллион теңге берешек көрінеді. Сонда жан басына шаққанда ол әр адам басына орта есеппен 900 мың теңгеге жақындайды. Ал, соңғы бір жыл ішінде халықтың қарыз алу қарқыны 15 пайызға артқан. Бұған қатысты философия және әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Болат Апенов:
– Елімізде 18 миллионнан астам адам өмір сүрсе, оның үштен бір бөлігі банктерден несие алып, қарызға батқандар. Оның үстіне, биылғы көрсеткіш бойынша 1,5 миллион адам алған несиесін қайтаруға қауқарсыз. Мамандар мұның себебі еліміздегі несие берудің пайыздық үлесінің жоғары болуында, – дейді.
Белгілі бір кәсіп ашу немесе үй салу үшін алынатынды сөз етпегеннің өзінде несиенің түрі көп. Кәсіп ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтимын деген адамның алдына қойған мақсаты бөлек. Банктің өзі одан әуелі бизнес жоспарын сұрап, барлық тәуекелін ескереді. Ал, біздің жанымызға бататыны – бір күндік мақтанға жайылатын дастархан мен елден қалмас үшін ұятты болудан қорқып қарызға батудың әлегі.
Қазір көпшілігі қызын қияға, ұлын ұяға қондырамын деп қарызданып, той жасайды. Бір-бірінен асып түсемін деп құндыз жағалы тон, соңғы үлгідегі тұрмыстық заттар сыйлап қарқ болып жатады. Алған несиесін сосын 4-5 жыл төлеп әуре сарсаңға түседі. Ең сорақысы, сөйтіп банк табалдырығын тоздырып, қарызға белшеден батып жүргенде әлгі жастар кейде үйленбей жатып, айырылысып кетеді емес пе? Екі оттың ортасында қалған ата-ана үшін бұл ауыр соққы. Ішпей-жемей ақ адал, маңдай терімен тапқан нәпақасын банкке төлеуге мәжбүр.
Өткенде осыған байланысты бір ағамыздың баласының ісіне күйініп отырғанын естідік. Әлгі кісінің ұлымен бас құрамын деп жүрген қалыңдығы оған жасырын кредит алғызып, қымбат бұйымдар сатып алған көрінеді. Енді үйленетін уақыт таяғанда әлгі қыз уәдесінен тайып, қош айтысып кете берген. Жігіттің үй-іші несие алғанынан бейхабар болып шыққан. Баласының тұрақты жұмысы жоқ, не оны төлейтін ақшасы жоқ. Ата-анасы баласының қарызын қалай өтерін білмей басы қатып отыр. Қазір қоғамда мұндай жағдайлар көп. Екінші деңгейлі банктер тұтынушының тұрмыстық жағдайын елеп-ескерместен несие рәсімдей береді. Соңында сан соғып қалатын да өзіміз.
Мұсылмандар арасында марқұм болғандарды жерлеу кезінде оның жаназасында молда: «Бұл кісінің мойнында қарызы бар ма? Алашағы барлар айтсын» – дейді. Сол сәтте менде қарызы бар еді дегендерге оның туыстары өтейді немесе кеңпейілділік жасап қарызын кештік деп жатады. Бұл қара жер қарыз арқаламайды деген сөз. Бауырлас адамдар бір-бірінің қарызын осылайша кешіріп жатса, банк жүйесі кісі қайтыс болса да қалайда оның несиесін баласына немесе кепілгеріне артады. Бүгінгідей алмағайып заманда ертеңін ойламай әрекет ету қиын. Ешкім сенің амандығыңа кепілдік бере алмайды. Мына жалғанда есепсіз дүние жоқ. Кісінің ақысы кісіде кетпейді. Сондықтан, қарыз күліп келіп, жылап шығатынын естен шығармаған жөн.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА.