Дәрілік заттардың рецептуралық босатылуы

Қазіргі таңда рецептімен босатылуы тиіс дәрілердің рецептісіз сатылуы ең өзекті проблемалардың бірі саналады. Дәрілердің қатаң түрде дәрігердің рецептісімен берілуі бұл - жалпыәлемдік тәжірибе.
Мәселен, Германия дәріханаларында дәрілік заттардың 80% ЕО аумағында жазылған рецепт бойынша босатылады. Дәрігер дәрілік заттар рецептісін науқасты толық тексергеннен кейін ғана тағайындайды. Германияда фармацевтті рецептісіз дәрілерді беруге көндіру мүмкін емес. Мұндай жүйе өз бетімен емделу және әсері өте күшті медикаменттерді бақылаусыз қабылдаудың алдын алады.
2019 жылдың 07 маусымында Қызылорда облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ұйымдастыруымен «Дәрілік заттардың рецептуралық босатылуы» тақырыбында семинар өтеді.
Аталмыш семинардың мақсаты – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы маңызды мәселелерді, оның ішінде дәрілерді рецептімен босату сұрақтарын талқылау, сонымен қатар фармацевтикалық қызмет саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Семинарға облыстағы медициналық және дәріханалық ұйымдар өкілдері, Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау мен дамыту қауымдастығының Президенті Дурманова Мария Ивановна, сонымен қатар Ресей мен Белоруссия елдеріндегі фармацевтикалық компаниялар өкілі Чуркина Оксана Владимировна арнайы шақырылды.
Семинар барысында а.ж. 5 айында «Допинг» жедел-профилактикалық шаралар аясында атқарылған жұмыс қорытындылары таныстырылады.

Семинардың күн тәртібінде сондай-ақ ақылы рецептілер жазу, дәрі тағайындаудағы дәріханалардың дәрілерді сатудағы анықталған заңбұзушылықтары туралы сұрақтар да қозғалатын болады. Бұдан бөлек, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті мен оның аймақтық құрылымдық бөлімшелерімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер ("Қазақстан Республикасында тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге (әкетуге) келісім және (немесе) қорытынды (рұқсат беру құжатын) беру", "Фармацевтикалық қызметке лицензия беру", "Денсаулық сақтау саласында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметтерге лицензия беру", "Фармацевтикалық білімі бар мамандарға біліктілік санатын беру туралы куәлік беру" ), тәртібі түсіндірілетін болады.