Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Еңбек бәрін жеңбек

Еңбек бәрін жеңбек

Қазіргі таңда нарықтық экономикада кәсіпкерлік саласының өз орны бар.  Облыс әкімінің бастамасымен аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланды. Бұл бағытта оң тәжірибе қалыптасып, тіршілік тамыры қайнай түсті. Осының негізінде кәсіпкерлер табысты еңбек етіп келеді. Расымен, жасалып жатқан жұмыстар мен ондағы оң көрсеткішті жұртшылыққа таныстыра білуіміз қажет. Бүгінгі таңда аймақтағы қай бір салада болсын көш ілгері келе жатқан жастар көп. Сыр өңірі алдағы үш жылда кәсіпкерлікті дамытуды қолға алу арқылы, облыс экономикасын алға тартуды мақсат етіп отыр. Кәсіпкер, іскер жандарды табу арқылы жұмыссыздықпен, әлеуметтік ахуалмен күресуге әбден болады. Сол үшін де қазіргі таңда ауылдағы тұрғындар, әсіресе, жастар берілген мүмкіндікті пайдаланып, шағын болса да кәсібін бастауды қолға алған.
Аймақ басшысы біздің басты мақсатымыз – жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 14,4 пайыздан 2020 жылға қарай 20 пайызға дейін ұлғайту болып табылатынын, сол үшін шағын және орта бизнес саласына инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындар ашып, экспорт үлесін арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Сонымен қатар, ауданда, қалада немесе ауылдық елді мекендерде бизнес-жобаларды әзірлеуге және сүйемелдеуге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.
Соның дәлелі ретінде, бір ғана «Бастау» жобасы аясында өңірімізде бизнес сауаттылығын арттырып, кәсібін ашқан азаматтардың қатары көбейді.  Сондай-ақ, аталмыш жоба ауылдық жерде жұмыс көзін табуға септігін тигізіп отыр. Мәселен, кәсіпкерлер палатасы қолға алған аталмыш жоба кәсіппен айналысқысы келген жандарға бағыт-бағдар беруде таптырмайтын құралға айналды.
Үстіміздегі жылы 800 азаматты «Бастау» жобасы бойынша оқытылу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 555 азамат сол бойынша білім алса, оның 44-і өз кәсібін бастап үлгерді. Олардың 3-і «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалынан 11,5 млн. теңге несие алса, 41-і «Еңбек» бағдарламасы аясында өткен гранттың жеңімпазы атанған. Оларға берілген грант көлемі – 10,4 млн. теңгені құраған.
Өзіміз білетіндей, қазір ауылдық жерде жұмыс тапшы. Бүгінде жастардың көбі мал баққанды бейнетті кәсіп санайды. Оның қиындығынан қашады. Алайда мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген жастар да жоқ емес. Солардың бірі – Асылхан Абылайұлы.
Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Асылханның жастайынан мал шаруашылығынан хабары бар.  Сондықтан да кәсібін осы саламен байланыстырғысы келді. Ағалары жылқы өсірсе, ол ірі қараның басын көбейтуді қолға алған.
 Жас кәсіпкер ең алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасы мамандарынан кеңес алып, «Бастау» жобасын оқыды, бизнес-жоспарын жасады. Жоспары мақұлданғаннан кейін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан жеңілдетілген несие алады.
 – Мен үйдегілерге несие алу жайын айттым, көп ұзамай оған да қол жеткіздік. Міне, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, кәсіпті бастап та кеттік. «Бастау» жобасына кедергісіз қатысып, кәсіпкерлік саласындағы біліктілігімді жетілдірдім. Жобамды сәтті қорғап шықтым. Соның нәтижесінде 3 млн. теңге несиеге бірнеше бұзаулы сиыр алып, көбейтіп жатырмыз. Сүтті ауылдағы азық-түлік дүкендеріне өткізудемін, – дейді кәсіпкер Асылхан Абылайұлы.
Несие қаражатына Асылхан 10 бас мүйізді ірі қара сатып алып, сиырларды жайлауда ұстауда. Ағалары да мал шаруашылығымен айналысады. Үйде тек сауын сиырларды ғана ұстайды. Жас кәсіпкердің ендігі жоспары – мал басын көбейтіп, шаруашылығын өркендету.
 – Қазіргі таңда көптеген адамдар жеке кәсіп ашуды ойлайды. Алайда, бизнестің қай түрін таңдарын білмей қиналады. Мемлекет тарапынан да көрсетіліп жатқан қолдауға арқа сүйеп, ештеңеден қорықпай, кәсіп ашуға болады. Мал бағу, оны күтіп-баптау – бізге таңсық іс емес. «Мал баққанға бітеді» деген ата-бабамыз әу бастан төрт түлікті көбейту жайын жақсы біл­ген. Сондықтан, қазақ даласында тұяқты мал­дың саны өте көп. Міне, қазіргі таңда осы атакәсіпті қайта жандандыруға барлық мүм­кіндік жасалған. Тіпті, тиісті мамандарға ба­рып, кеңес алсаңыз да, сізге кәсіп бастаудың қыр-сырын үйретіп, жеңілдетілген несиеге қол жет­кізу тетігін көрсетеді. Осындай мол мүм­кін­дікті елге жасаған, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге жәрдемдескен ел ағаларына алғысым шексіз, – дейді ол.
Ауыл баласы мал басын көбейтіп, оны асылдандыру жайын қарастырып, ойлаған мақ­сатына мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізуді мақсат еткен. Бүгінде соның бір бөлігі орындалғанына қуанады. Ал, алдағы жетістіктер тек еңбек ету арқылы ғана еңсеріледі. Бұл тұрғыда Асылхан өз жоспарын дайындап қойған. Сол арқылы армандарына жетуге бірте-бірте қадам басып келеді. Тек артқа шегіну жоқ.
Осының бәрін қорыта айтқанда, еңбек адамның табиғи жетістігі болып табылады. Қаншама теңгені кәсіп ашамын деп алып, еңбектеніп, соның нәтижесін шығармасаң бәрі құрдымға кетері анық. Сондықтан да әуелі ниет содан кейін еңбек керек. Жастарымыз осыны ұғынып, берілген мүмкіндікті пайдала білгендері жөн. Рас, қазіргі таңда қиындықтан қашып, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндер көбейді. Олай болса, Абай атамыз бес нәрседен қашық болу керектігін ескерткенде, оның ішінде еріншектік те бар екендігін естен шығармағанымыз абзал. Мемлекет мүмкіндік беріп отыр, олай болса берекелі істің басында жүріп, өз кәсібімізді дөңгеленту жолында жұмыс жасайық. Сол арқылы еліміздің экономикасы дамып қана қоймай, әлеуметтік ахуалымыз арта түседі.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
11 маусым 2019 ж. 1 167 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам