Балалар хирургі
Бала – адам өмірінің негізі. Қазақ халқы перзентінің «табанына кірген тікен, маңдайыма кірсін деп тілейді. Ата-ана үшін бауырындағы бүлдіршінінің амандығы бәрінен маңызды. Әдетте бала сырқаттанып қалса бірден-ақ дәрігер қызметіне жүгінеміз. Ақ халатты абзал жандар аялы алақан және жүректегі жылуымен жас өреннің дертіне шипа іздейді.
Облыстық балалар ауруханасының жедел хирургия бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Әлімжан Төлегенов бала жанына араша болған білікті маман. Он жылдан астам уақыт медицина саласында жемісті еңбек етіп жүрген ол талай бүлдіршіннің өмірін сақтап қалды. Бүгінде көпшіліктің алғысына бөленген азамат бұл мамандықты игеруді жастайынан армандаған екен. Кішкентай інісінің ауырғанына жаны шыдамай, өскенде балалар дәрігері болуды мақсат тұтқан. Бүгінде мақсатына жеткен ол күн сайын қаншама бүлдіршінге ота жасайды. Олардың өмірін сақтау үшін барын салады.
– Біздің бөлімге күніге түрлі жағдаймен науқас балалар түседі. Оның ішінде оқыс оқиғалар немесе дертіне байланысты өміріне қауіп төнетін сәттер болады. Мұндай кезде оларға әріптестермен бірге шұғыл ота жасаймыз. Отаны сәтті аяқтап, қауіп сейілген кезде арқамыздан жүк түскендей жеңілдейміз. Әрине, баланы аман алып қалу – үлкен жауапкершілік. Қаншама ата-ана сәбиі үшін бізге сенім артады. Сол сенімнің үдесінен шығу – біздің міндет, – деді балалар хирургі Әлімжан Шағанбекұлы.
Қызығынан қиындығы басым саланың білікті маманы отаны ең алғаш интернатурада оқып жүргенде жасаған екен. Соқырішек диагнозымен түскен науқасқа шұғыл ота жасап, бұл істі оң нәтижемен аяқтайды. Әрине, алғашқы тәжірибе болғасын бойында қобалжу мен қорқыныш орын алғаны анық. Дегенмен, ұстазының демеуі оның бұл сынақтан сүрінбеуіне сеп болған. Міне, содан бері бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалу жолында талай мәрте ота жасалды. Оның ішінде ота бөлмесіне ауыр халде түсіп, бірнеше сағатқа созылғаны, сәтті аяқталғаны қаншама.
– Өткен жылы 3 жастағы бала ауыр халде ауруханаға түсті. Байқаусызда 5 қабаттағы үй терезесінен құлап кеткен екен. Бізге келгенде талағы мен бауыры жыртылғанын көрдік. Шұғыл ота жасауға кірісіп кеттік. Ақырында 2 сағатқа созылған ота сәтті аяқталып, сәби өміріне төнген қауіп сейілді. Қазіргі таңда ол баланың жағдайы жақсы. Сол сияқты жайттар бізде жиі кездеседі. Ота кезінде түрлі қиындық болады. Ондайда білімің мен тәжірибеңнің арқасында жеңіп шығасың. Хирург маманы өте білімді, батыл әрі сабырлы болуы тиіс, – деді білікті дәрігер.
Жалпы, жауапкершілігі зор бұл саланың маманы болу кез келгеннің қолынан келмейтін іс. Біліктілік пен шыдамдылықты талап ететін медицинада дәрігерге емдейтін құралынан бөлек, жылы сөз бен мейірім де керек. Ал, осындай қасиетімен жұртшылықтың ықыласына бөленген кейіпкеріміздің «ақ халатты абзал жан» деген атқа лайық, антына адал болу басты қағидасы. 2010 жылы аймақтың талантты, білімді, білікті жастарын қолдау мақсатында «Сыр үміті» жастар сыйлығы тағайындалған еді. Сол сыйлықтың алғашқы иегерлерінің қатарында кейіпкеріміз Әлімжан Төлегенов те болған. Жас та болса өзінің біліктілігімен көзге түскен маман бүгінде талай бүлдіршін мен ана жүрегіне үміт сыйлаған абзал азамат.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.