КӘСІПКЕРЛЕР ЖАТАҚХАНА САЛҒАНЫ ҮШІН ҚОЛДАУ ТАБАДЫ
«Қаржы орталығы» АҚ-ның менеджері Алпамыс Сатыбалдин оқу орындары үшін жатақхана салып берген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
-Белгіленген механизмге сәйкес, мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберінде жыл сайын әрбір орын-жай үшін жаңа жатақхана салынған жағдайда – 122 айлық есептік көрсеткіш (308 050 теңге), ғимаратты жатақхана етіп қайта жабдықтаған жағдайда 47 айлық есептік көрсеткіш (118 675) төленетін болады. Жатақхана салған немесе ғимаратын қайта жабдықтаған инвесторға мемлекеттік тапсырыс 8 жылға дейін төленетін болады,- дейді Алпамыс Сатыбалдин.
Мамандардың айтуынша, инвестор операторға өз немесе қарызға алған қаржыға жатақхана салатындығы туралы өтініш береді. Өтінішпен бірге жер телімінің құжаттары, жатақхананың эскиздік жобасы қоса ұсынады. Құжаттар сай келген жағдайда Білім және ғылым министрлігі, «Қаржы орталығы» АҚ және инвестордың арасында үшжақты келісім-шарт жасалады. Бұл ретте инвестор жатақхананы 2 жылдың ішінде салып бітіруі тиіс.
Айта кету керек, жатақхана 100 орыннан төмен болмауы керек. Кәсіпкер объектінің нысаналы мақсатын 20 жылға дейін ауыстыра алмайды.