КІТАПХАНАЛАРҒА СМАРТФОНДАР ТАБЫС ЕТІЛДІ
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының директоры, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккатпен кездесу ұйымдастырылды.
2015 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қызылорда облысы тұрғындарына әлеуметтік қызмет көрсетуді жақсарту бірлескен жобасы аясында «Ауылдық онлайн орталығы» жобасы жүзеге асырылды. Жобаны үйлестіруші орталық – Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы. Жоба аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы ауыл кітапханаларына компьютерлер, түрлі жабдықтар беріп, қолдау көрсетті.
Облыс кітапханаларында ақпараттық қызметтерді кеңейту, ауылдар тұрғындарының қоғамдық-маңызды сапалы ақпарат алу мүмкіндігін арттыруды кһздеген жоба аясында Арал ауданындағы Сексеуіл, Жақсықылыш, Қазалыдағы Өркендеу, Жанқожа батыр, Қармақшы ауданындағы ІІІ-Интернационал, Төретам, Жалағаштағы Мәдениет, Аққұм, Іңкәрдария, Ақжарма, Шиелі ауданындағы Сұлутөбе, Еңбекші, Жаңақорған ауданындағы Төменарық, Бірлік ауылдық кітапханаларында онлайн орталықтар жұмыс істейді.
Онлайн орталықта ақпараттық қызметтер, компьютер және Интернетпен жұмыс негіздері бойынша ақысыз тренингтер, мемлекеттік онлайн қызметті пайдалану жөніндегі семинарлар, қашықтан кеңестер жүргізіледі.
2015-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының қолдауымен ауылдық онлайн орталық қызметкерлеріне арналған семинар-тренингтер өткізілді.
Кітапхана қызметкерлерімен кездесуде ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік Бюросының директоры, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Тәжікстандағы өкілі Криста Пиккат облыстағы ауылдық онлайн орталықтардың жұмысына оң баға беріп, алдағы уақытта облыста тағы 10 ауылдық (Райым, Бірлік, Ақарық, Бұқарбай, Қоғалыкөл, А.Тоқмағанбетов, Досбол би, Жаңажол, Ақай, Қожакент) кітапхананы мобильді мультимедиялық орталық ретінде ашып, оған қолдау көрсету мақсатында кітапханаларға смартфондар табыс етті.