Шарапатты шараның шапағаты

– «Мектепке жол» акциясы «Білім және Ғылым» министрлігінің бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан өнегелі іс-шара. Осы жылдар ішінде акция шеңберінде қаламызда мыңдаған баланың мектепке баруына көмектер беріліп, оларды қуанышқа бөлеуде. «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» – дейді дана халқымыз. Өсіп-өркендеудің, табысқа, жетістікке жетудің, дәулетті өмір сүрудің негізі – терең білімде. Сондықтан әрдайым оқудан, ізденуден шаршамаңдар. Білім мен ғылым заманында алар асуларыңыз бен бағындырар биіктеріңіз көп болсын, – деді Райкүл Байназарова.
Расында, әрбір жаңа оқу жылы оқушылар үшін үлкен мереке. Олар осы күнді асыға күтіп, мектеп табалдырығына жақсы көңіл күймен қадам басады. Сондықтан бүлдіршіндерді өз қажеттіліктерімен қамтамасыз етуге үлесімізді қосуға тиістіміз.
Балаларының оқу құралын бүтіндеген ата-аналардың бірі – қала тұрғыны Жадыра Рахметбекова. Оның 3 баласы мектепте оқиды. Өзі жұмыс жасайтын оқу ордасы 2 баласына сыйлық табыстап, қуанышқа бөледі. Көпбалалы ана бұл акцияны «шапағаты мол шара» деп есептейді.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымына ата-аналар атынан алғысымды айтамын. Балаларымыз енді сабағын үздік оқып, осы ағаларындай үлгілі азамат болсын деп тілек білдіремін, – деді Ж. Рахметбекова.
Облыс бойынша 300-ден аса кәсіподақ мүшелерінің балалары акция негізінде сыйлыққа ие болды. Бүлдіршіндер де шапағаты мол шараны ұйымдастырған жандарға алғыстарын жеткізді.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ