Жылу, электр жүйелерінде жаңа технология
Күз мезгілі де жақындады. Әні-міне дегенше қыстың ызғарлы суығы да сезіледі. Сондықтан қыстың қамын осы бастан қамдаған абзал. Бұл ретте қалада жылу маусымына дайындық жаз айынан бері жүргізілгені белгілі. Өткен жылы орын алған ақауды жою керек. Тұрғындардың қақаған қыста жылусыз қалуын болдырмау қажет.
Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыстық департаментінің ұйымдастырумен баспасөз туры өтті. Онда қаладағы жылу, электр жүйесіндегі БАҚ өкілдері жаңартылған, қайта қалпына келтірілген нысандардағы жұмыс барысымен танысты.
Қысқы маусымға дайындық барысында «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ны инвестициялық бағдарлама негізінде жаңарту, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Оның ішінде «Шұғыла» мөлтек ауданындағы Бұқарбай батыр көшесі бойында диаметрі 273 мм болатын 200 метрлік жаңа жылу құбыры жүргізілген. Қазіргі таңда жұмыс барысы 70 пайызға орындалыпты. Ендігі қыркүйек айына дейін орталық желіге қосылатын негізгі құбыр жалғанып, толықтай аяқтау жоспарлануда. Ал, жаңа құбыры іске қосылған кезде жылуды сақтауға, аз жұмсауға, үнемдеуге мүмкіндік тумақ.
Ал, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмешіт мөлтек ауданындағы №34 – 37 жылу камерасы диаметрі 630 мм-ді құрайтын жаңа заманға сай 800 метрлік орталық жылу құбыры ауыстырылған. Бұл өткен жылы жүзеге асқан жоба. Бір қыс бойы қаланы жылумен қамтамасыз еткен құбырдан әзірге ешқандай кемшілік байқалмаған. Тиісінше жылуды сақтау қасиеті жоғары екен.
– 2019-2020 жылғы жылу маусымына дайындық негізінде мекеменің өз қаражаты есебінен 57 млн. теңгеге бөлініп, биыл барлығы 8,5 шақырым қашықтықты құрайтын жылу құбырлары ауыстырылды. Қазіргі таңда бұл іс-шара 80 пайызға орындалды. Жалпы қыркүйек айында толықтай аяқтау көзделіп отыр. Ал, өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасымен 2,2 млрд. теңгені қаражатқа 8 жоба жүзеге асты. Оның барлығы былтырғы жылу маусымында ешбір апатсыз жұмыс істеді, – дейді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК-ның жылу жүйесі филиалының директоры Бақытжан Молдиманов.
Биыл қаладағы «Шанхай» «Қызылжарма», «Комунизм» мөлтек ауданындағы бірқатар электр желілері де жаңартылды. Мамандар тозығы жеткен бағандар мен желілерді ауыстырғанда электр қуатын үнемдеп қана қоймай, сапа мен қауіпсіздікті де арттыруға болатынын айтады. Қазіргі жаңа технологиялар ауа-райының қолайсыз күндерінде төзімді, бұрынғы жүйеден әлдеқайда тиімді көрінеді. Сондықтан тұрғындардың былтырғыдай жарықсыз қаламыз деп үрейленуіне себеп жоқ.
Жалпы «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Мұхитжан Каримбаевтың айтуынша, мекеменің өз қаржысы есебінен аймақта 120 электр станциясы ауысады деп жоспарланған. Оның 73-і қалаға тиесілі болса, қалғаны Шиелі ауданында. Былтыр бұл бағытта ұзындығы 2441,16 шақырым болатын электр желісіне жөндеу жүргізілген. Соның нәтижесінде энергия көлемі 16,84 пайыздан 15,33 пайызға үнемделген. Ескі электр желісі мен қосалқы станциялар саны азайған. Сондай-ақ аталған аумақтағы тұрғын үйлерге 7300-ге тарта есептеуіш құрылғысын орнату көзделген. Қазіргі уақытта жаңа құрылғы Шанхай мөлтек ауданындағы бірқатар үйдерге орнатыла бастады.
Айдана СЕЙІЛ