Латын әліпбиін меңгеру оңай

Кіріспе сөзін қазақ әліпбиінің тарихы туралы бастап, одан әрі бүгінгі латын әліпбиіне көшудің маңызы жайлы айтқан оқытушының сөзін ынтамен тыңдаған қызметкерлер осы мәселе төңірегіндегі өз сауалдарын да қойып жатады. Берген білімнің нәтижелі болуы мұғалімнің шеберлігіне байланысты десек, бұл тұрғыда Әсел Манасқызы тәжірибелі маман екенін байқатты. Сабақ барысында латын әліпбиінің әріптерімен ғана таныстырып қоймай, түрлі оқыту тәсілдерін қолдана отырып өткізеді. Оның ішінде: мәтінмен жұмыс, сөзжұмбақ шешу, танымдық ойындар сияқты әдістерді шебер қолданып, тыңдаушылардың қызығушылығын оята біледі. Қатысушылардың біразы алғашқы сабақтың өзінде латын әліпбиінде өз бетінше жазуға үйреніп, кирил графикасындағы мәтіндерді латыншаға жылдам көшіріп жазып жатты. Сабақ соңында үйге тапсырмалар беріліп, бүгінгі алған білімдеріне қорытындылар жасалады. Күнделікті қайталанып жататын бірқалыпты жұмыстардан бір сәтке қол үзіп, жаңа біліммен сусындаған мекеме қызметкерлері оқытушыға алғыстарын білдіріп жатады. Өздерінің әліпбиді оңай меңгергендеріне масаттанған қуаныш та бар жүздерінде.
Міне, бұл болашақта барлық саланың латынға көшкен жағдайында айтарлықтай қиындықтар туа қоймайтынының бір ғана көрінісі. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу бүгінгі жас буынның латын графикасына негізделген ағылшын тілін меңгеру кезеңінің жеделдеуіне де көмегі мол. Бүгінде әлемдік ғылым-білімнің қайнар көзі ағылшын тілінде болса, оны меңгеруге жасалған алғашқы қадамдар да осы латын әліпбиін меңгертуден басталмақ.Ендеше әрқайсымыз ХХ ғасыр басында алаш зиялылары салып кеткен латын қарпіне көшу жұмысының сәтті жүзеге асуына атсалысып, өзіміз де үйрене жүрейік.
ҚАЖ департаменті
ЗК-169/1 мекемесі
С.Жүргенов