Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қазақтың жаңа әліпбиі әлемдік өркениетке жол ашады

Қазақтың жаңа әліпбиі әлемдік өркениетке жол ашады

   Соңғы кезеңде қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесі жөнінде жиі-жиі сөз бола бастады.Бұл - ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келген Елбасының маңызды бастамаларының бірі. Бір кездері тарих бедерінде мұндай қадамды жасаған біздер үшін бұл өзгеріс аса қиындық туғызбасы анық. Дегенмен қазіргі уақытта осыған орай ел арасында айтылып жүрген пікірлер сан-саққа бөлінетіні анық. Латын әліпбиіне қатысты мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар мен енгізілген өзгерістерге байланысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасиловпен ой бөліскенді жөн деп санадық.   
 – Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керектігін айтқан болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып келеді? Қазіргі қазақ жазуына қатысты қандай ой айтасыз?
 – Әліпби ауыстыру, оның ішінде латыннегізді жаңа  әліпбиі  жасау мәселесі елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай көтеріліп, халық арасында кеңінен айтылып келеді. Ең алғаш 2006 жылы Тұңғыш Президен-Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген салиқалы ойын білдірді. Одан кейін де Мемлекет басшысы бұл мәселеге қайта оралып, кезекті Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтқан болатын.
 Содан кейін көп жылдан бергі қатқан сең қозғалып, әліпби жасаудың жобасы басталып кетті. Білуімше, сол уақытта 100-ден аса әліпбидің үлгісі ұсынылды. Оның ішінде А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғалымдары атынан, тіпті  жекелеген азаматтар тарапынан дайындалған түрлі жобалар Президент әкімшілігіне ұсынылды. Бірақ солардың арасынан көпшіліктің көңілінен шығып, біршама дұрыс деп танылған профессор Әлімхан Жүнісбековтің «Ұлттық әліпби жобасы»  еді. Осыған орай  еліміздің әр түкпірінен тіл білімі мамандарынан құралған кеңестер ашылды. Біздің өңірде де облыс әкімдігі жанынан осындай комиссия құрылды. Онда Ж.Сәдуақасұлы, А.Абасилов, Б.Кәрібозов, Р.Рүстемов т.б. бірқатар ғалымдар, қоғам қайраткерлері бас қосып, облыс атынан Ә.Жүнісбековтің жасаған жобасын бірауыздан мақұлдайтынымызды білдіріп хат жолдадық. Дегенмен бұл жоба қолдау тапқан жоқ. Оның орнына кім жасағаны белгісіз бір әліпби жобасы Парламентте талқыланды, одан ол түзетіліп Президентке қол қоюға ұсынылды. Бұл әліпби жобасына екі рет қол қойылып, Президент Жарлығы шықты. Дегенмен бұл әлі де түзетуді, нақтылауды қажет етді. Алдағы уақытта бұл қайта қаралады, өзгеріс болады деп сенемін.       
 – Бүгінде біз танысып жүрген жаңа әліпбидің артық-кемшін тұстары қайсы? Ғалымдар оның қай жағын қабылдай алмай жүр?
Әлемдегі бір тілден екінші тілге сөз ауысу табиғи үдеріс. Бұл - тілдің өміршеңдігі үшін қажеттілік. Бірақ бір тілден екінші тілге дыбыс алмаспайды. Бұл -  тілдің табиғи иммунитеті үшін қажеттілік. Тәжірибеде өзге тілден ауысқан  кірме сөз сол тілдің дыбысымен айтылады, жазылады. Ғасырлар бойы қазақ тілі де өзге жұрттан сөз алып, оны өз тілінің дыбысымен игеріп, сөздік қорына қосып келді. Алайда Кеңестік заманда орыс тілінің, кирилл әліпбиінің қыспағына түсіп, жат дыбыстарды қабылдауға мәжбүр болды. Қабылданған әліпби қазақ-орыс, тіпті орыс-қазақ әліпбиіне айналды. Өзге жұрттың сөзі тілімізде дыбыстық өзгеріссіз енді. Мұнан тілімізге өзге тілден сөз алу қажеттілігі өтелгенімен, тіліміздің өмір сүру иммунитеті әлсіреді, аралас, қойыртпақ тілге айнала бастады. Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алып аман қалдық. Енді осы тәуелсіздік мәңгі болуы үшін тілімізге де егемендік беріп, рухани жаңғырудың тетігін төл дыбыстардан тұратын ұлттық әліпби жасаудан бастап отырмыз.
Қазіргі жаңа әліпби жобамызда 32 әріп бар. Оның 28-і төл дыбыстарды таңбаласа, 4-і кірме (жат) дыбысты белгілейді. Түйткілді мәселенің бірі жоғарыда айтып өткеніміздей осы жат дыбыстарға байланысты болып отыр. Мәселен, кірме дыбыстар ішіндегі «Ф» және «Х» дыбыстарын әліпбиде қалдыру, не қалдырмауға байланысты 1925 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш сьезінде Алаш зиялылары да әртүрлі көзқарас танытқан. Біздіңше,  арабтың «Х» дыбысымен келетін сөздерді қазақтың «Қ»  дыбысы емін-еркін ауыстыра алады. Мұны соңғы кезде қолданыстарда анық байқап жүрміз. Мысалы, «Хош келдіңіздер –Қош келдіңіздер, рахмет – рақмет, дастархан - дастарқан т.б.. Сол сияқты «Ч» дыбысымен келетін сөздерді де «Ш» дыбысымен жазуға әбден болады. Ал орыстың «В» дыбысымен келетін сөздерді қазақтар атам заманнан бері «У» дыбысымен айтады. Москва – Мәскеу, европа – еуропа, самовар – самаурын, кроват – керуерт, викепедия- уекепедия т.б.. Керісінше орыстар біздің «У» дыбысымен келетін сөздерді «В» дыбысымен жазып-оқиды. Уалиханов –Валиханов, Көкшетау – Кокшетав т.б.
– Ұлты - татар, өзі Америкада  тұратын бір түрколог-ғалым (аты-жөнін ұмытып қалдым) жаңа әліпби жобасына арналған бір телебағдарламада көптің көкейінде жүрген мәселені ашық айтты. Ол: «Сіздердің мына әліпби жобаларыңыз не әкесіне, не шешесіне тартпаған жетім әліпби», - деді. Шынымен де біздің қазір қолданысқа ұсынылған әліпбиіміз түркітілдес халықтарының әліпбилеріне де (әкесіне), Еуропа халықтарының әліпбилеріне де  (шешесіне) ұқсамайды. Кім жасап, кім ұсынғаны да белгісіз. Латын графикасындағы «С» және «W» таңбалары игерілмей қалған, екі дыбыс диграфпен «Sh», «Ch» берілген, алты (үш дауысты және үш дауыссыз) дыбыс бір-бірінен акут арқылы айырылады, олардың қойылу принциптері де түсініксіз.
 Әліпбиде тағы бір назар аударатын мәселе дауысты дыбыстарға байланысты. Қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс бар. Оның төртеуі жуан-жіңішке жұп құрайды да біреуі жұпсыз.  Олар: А-Ә, О-Ө, Ұ-Ү, Ы-І, Е. Бұларды 5 әріппен таңбалауға болар еді. Бірақ жаңа әліпбиде оларға 6 әріп берілген. Бастапқы үшеуі акут арқылы ажыратылады да соңғы «Ы» мен «І» дыбыстарына жеке-жек таңба берілген. Бұл біріншіден, әліпбидегі әріптің санын көбейтсе, екіншіден,  жоғарыдағы жұп дыбыстардың бір әріппен таңбалану жүйесін бұзады. Жазу барысында әсіресе дауысты «Ы» дыбысы мен дауыссыз «У» дыбысын шатастырып қолдану  жиі кездеседі.  Сондықтан бұған қайта мән беру керек. Қазіргі кезде бұл ғалымдар тарапынан бұл мәселе жиі айтылып жүр. Сондай-ақ диграфпен бірілетін екі дыбысты да қайта қарастыру қажет сияқты.
 – Латын тіліне өтудің арнайы енгізілген жұмыс жоспары бар ма? Олар қандай бағыт бойынша іске асырылуы тиіс?

Айнұр, біз латын тіліне өтіп, латынша жазайын деп жатқан жоқпыз. Біз латыннегізді жаңа қазақ әліпбиін жасап, тілімізді жат дыбыстардан, жат емле ережелерден арылтып, тіліміздің өміршеңдік иммунитетін қалпына келтіргелі жатырмыз. Бұрынғы ата-бабаларымыз сөйлеген қалыпқа түсіріп, жазуымызды жөнге салудың тетігін қарастырудамыз. Сондықтан алдымен журналистер осы мәселені жіті түсініп, латын тіліне өту емес, жаңа қазақ әліпбиіне өту, ұлттық әліпбиімізді пайдалану, жаңа ұлттық жазу мәселесі деп жұртшылыққа насихат жұмыстарын жүргізуі керек.
 – Жаңа қазақ әліпби жобасына өту бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл үкіметтік бекіткен кестесіне сай жүзеге асады. Оның біріншісі 2018-2021 жылдар аралығын қамтиды. Екіншісі 2021-2023 жылдарды құраса, үшінші кезең 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Осы аталған уақыттың ішінде жаңа әліпбиге көшу жоспарланған. Осы бағытта арнайы ұлттық комиссия құрылып, нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Ұлттық комиссияның бірінші жұмыс бағытына әліпби жасау мәселесі енсе, екіншісі жаңа әліпбиді балабақшадан бастап, бастауыш білім беру, орта, арнаулы орта, жоғары оқу орнына дейін, одан барлық ересектерге оқып-үйренудің әдістемесін жасау жүктелген. Үшінші бағыты жаңа емле ережесін жасау жұмыстарымен айналысса, төртінші бағыты  жаңа әліпбиді енгізуді техникалық және ақпараттық сүйемелдеу мәселелерімен  жұмыс жасуда.
 –Жаңа қазақ әліпбиіне көшудің екінші кезеңінде азаматтардың жеке құжаттары ауыстырылады. Сонда аты-жөнімізді жазуда қателіктер кетуі мүмкін бе?
        
 – Жоқ қателік кетуі мүмкін емес. Қайта бұдан біздің ұтатын тұсымыз көп. Біріншіден, аты-жөнімізді қазақша жазудың ұлттық тәртібіне келтіреміз, екіншіден, кез келген терминал, қандайда бір электронды құралдар оқи алатын  өркениеттік стандарттарға енетін боламыз. Қазір осы бағытта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жұмыс жасауда. Бұл орталық  қазақ тілін жаңа әліпбиге көшірудің әрбір кезеңін саралап, бақылаудан өткізуде. Мұнда тіліміздегі барлық ономастикалық атаулары, атап айтқанда, кісі есімдерін (антропонимдерді), жер-су атауларын (топонимдерді) жаңа әліпбимен жазудың стандарттары жасалуда. Сондай-ақ терминжасам мәселесі, терминологияны жүйелеу мен реттеу проблемалары қарастырылуда. Орфографиялық, орфоэпиялық,  т.б. сөздіктер мен әртүрлі анықтамалықтар жасалу   үстінде.
 – Кеңес үкіметі ыдырап, тәуелсіздік алғаннан кейін Өзбекстан, Әзірбайжан секілді көршілес мемлекеттер латын графикасына көшті. Аталған елдің әліпбиінде аздаған кемшіліктер орын алған. Бізге де сол қателікті қайталамау үшін нені ескеру керек?

 – Жалпы осы уақытқа дейін өз дыбыстарына латын графикасын дәлме-дәл лайықтап, проблемасыз алғандар қатарына ағылшын тілі жатады екен. Латын графикасын пайдаланатын басқа тілдердің барлығында да бірді-екілі шешілмеген мәселелері бар. Мұндай жағдай  ертеден латын графикасын қолданатын француз, неміс тілдерінде де кездеседі. Тәуелсіздік алысымен латын графикасына көшкендер қататындағы әзербайжан мен өзбектер де әліпбилеріне бірнеше өзгерістер енгізді. Соған қарағанда мінсіз әліпби бір күнде жасала салмайтын сияқты.  Кезінде дүрілдеген Кеңес үкіміті де осы күнгі пайдаланып жүрген кирилл әліпбиін бірнеше рет түзеткені белігілі.  Дегенмен жоғарыдағы елдердің латын графикасына өту тәжірибесінен сабақ ала отырып, ең бастысы өз тіліміздің табиғатын ескеріп, соған сай мінсіз әліпби түзу негізгі мақсатымыз болуы керек. 
 – Латыннегізді қазақ әліпбиін қайта қарағанда бізге қандай жайтты ескеру керек?
Біз жаңа әліпби жасауды алдымен өзіміздің төл дыбыстарымызды анықтап алудан бастауымыз керек еді. Бірақ біз тілімізге еніп кеткен орыс тілі дыбыстарын алып тастаудан бастадық та, енді сол орыс сөзін немесе орыс тілі арқылы енген кірме сөздерді қалай жазамыз деп басымызды қатырып жатырмыз. Кеңестік заманның оқулықтарында, қазіргі күнге дейін қазақ тілінде бірде 37 дыбыс, бірде 38 дыбыс бар деп оқытылып келді, әлі де солай оқытылып жатыр. Ал шын мәнінде қанша дыбыс бар? Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс және 17х2=34 дауыссыз дыбыс, барлығы 43 дыбыс бар дейді. Өзі жасаған әліпбиде 9 дауысты дыбысты 5 әріппен, яғни 4 жұп дыбысты дәйекше арқылы ажыратқан да жұпсыз «Е» жеке таңба берген. Ал дауыссыз дыбыстарды 19 әріппен белгілеген. Сонда қазақтың төл дыбыстары 24 әріппен таңбаланған. Ал 1929-1940 жылдар аралығында қолданылған латыннегізді қазақ әліпбиінде қазақтың төл дыбыстарын 28 әріппен берген.  Мұнда ешқандай дәйекше де, акут та жоқ, тек бүгінгідей «Ә» және «Ө» әріптері пайдаланылған.
Мұнан шығатын қорытынды жаңа әліпбидің олқы тұстарын қайта қарағанда А.Байтұрсынұлының ұстанымын мықтап басшылыққа алғанымыз жөн. Өйткені қазақ тілі дыбыстарынының саны мен өзіндік ерекшеліктерін анықтағанда Ақаңнан асатын ешкім жоқ. Жалпы тіл дыбысы - тілдің жаны, ол - табиғи, ол - қолдан жасалмайтын, қайталанбайтын құбылыс. Ал әріп - табиғи емес, жасанды, ол - дыбыстың сыртқы киімі. Бұрын біз орыстың 42 әріптен тұратын кең шапанын жамылып жүрсек, енді өзіміздің төл дыбыстарымызға шақ келетін, әлемдік брендтке айналған киім - латын әрпін кигелі тұрмыз. Сондықтан, тағы қайталап айтамын, біз латын тіліне өтіп, латынша жазайын деп жатқанымыз жоқ. Біз тілімізді түлетіп, оның табиғи қалпын мен заңдылықтарын сақтап, ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұрамызды өміршең етіп, болашақ ұрпаққа таза күйінде қалдырғалы жатырмыз.

 – Латыннегізді қазақ әліпбиін қолданысқа енгізуде қандай кедергілер бар?       
 – Атап айтатындай үлкен кедергі жоқ. Тек жаңа әліпбидегі ғалымдар көрсетіп жүрген кемшіліктер түзетілуі керек. Сондай-ақ қазақ тілінің емле ережесіндегі дауыссыз «И» және «У» дыбыстарына байланысты пікір қайшылықтарын ретке келтірсе дұрыс болар еді. Тағы быр қиындық кірме сөздерге байланысты болып отыр. Тілдің өміршеңдігін ойласақ, өзге тілден енген сөздер қазақ тілінің заңдылығы бойынша игеріліп алынғаны жөн.
 – Қазіргі қолданыстағы әліпбиді латын графикасымен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымыз қайсы?
– Тұтастай алғанда, латыннегізді жаңа қазақ әліпбиіне көшуді қолдаймын. Қарап отырсақ, кирилл әліпбиінің иесі - орыстар, армиян жазуының иесі - армияндар, иероглиф – қытайдікі, араб - жазуы арабтікі, ал латын әліпбиі барлық тілдерге ортақ. Өйткені латын тілі – тек жазуда ғана қолданылатын өлі тіл. Сондықтан оны ағылшын да, француз да, неміс те, италияндық та, өзбек пен түріктер де пайдаланады. Латын әліпбиі сондай-ақ ғылым мен техникада, әсіресе компьютер тілі ретінде кеңінен қолданылады. Сондықтан латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау – заман талабы, уақыт сұранысы.
Әліпби ауыстыру - өз тілімізді ұмытып басқа тілге (латын тіліне) көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысы сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы замаңғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол жоғары айтылған, үкімет жасаған кестеге сай кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа әліпбиді игере алмаймыз деп қорқудың,  дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдірейік.
– Әңгімеңізге рахмет!  
Сұқбаттасқан Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
24 тамыз 2019 ж. 1 401 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам