Зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері жөніндегі алқа отырыс өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бейнеконференцбайланыс режимінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін министрлік қандай тетіктерді әзірлейтіні туралы айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бейнеконференцбайланыс режимінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін министрлік қандай тетіктерді әзірлейтіні туралы айтты.
Министр Қазақстанда жыл сайын ынтымақты зейнетақы инфляция деңгейінен өсіп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, өткен жылы еңбек өтілін ескере отырып, базалық зейнетақы көбейтілді. «Тиісінше, жыл сайын зейнетақы төлемдеріне бюджеттің шығыстары артып келеді. 2019 жылы республикалық бюджетте осы мақсаттарға 2,3 трлн теңге көзделген, бұл өткен жылдың деңгейінен 15%-ға жоғары. Жинақталған зейнетақыны есептемегенде, зейнетақы төлемдерімен кірістің жиынтық коэффициенті бүгінде 52,7% құрайды. Сонымен бірге зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданатын болады», - деді Біржан Нұрымбетов. Біріншіден, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес, бизнеске жүктеменің бір мезгілде ұлғаюын болдырмау мақсатында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен қатар, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының 5 пайызын енгізу 2023 жылға дейін кейінге қалдырылады. Екіншіден, азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй немесе білім беру сияқты басқа да маңызды мақсаттарға пайдалану мәселелері кешенді пысықталатын болады. «Министрлік ұзақ мерзімді актуарлық үлгілерді құру негізінде жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеу үшін жұмыс тобын құрды. Оның құрамына Ұлттық банктің, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерінің және басқа да мемлекеттік органдардың, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, Кәсіподақтар федерациясы, «ТАЛАП» қолданбалы зерттеулер орталығы, Стратегиялық бастамалар орталығы, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері кірді. Кешенді және жан-жақты қарастыру үшін, сондай-ақ бизнес өкілдерінің, болашақ зейнеткерлер мен мүдделі мемлекеттік органдардың мүдделерін ескере отырып, сындарлы ұсыныстарды әзірлеу үшін жақын арада Үкімет деңгейінде осындай жұмыс тобы құрылатын болады. Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды Үкімет пен Ұлттық банк жыл соңына дейін әзірлейді», - деді министр. Үшіншіден, шығындарды оңтайландыру және инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатында бюджеттен тыс жүйені шоғырландыру және бір әлеуметтік төлемді енгізу мәселесі зерделенетін болады.