Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ: «Жазудың қадірін кетірмедік, ар-ожданымызға қылау түсірмедік»

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ: «Жазудың қадірін кетірмедік, ар-ожданымызға қылау түсірмедік»

   «Бұл сәт тыста ақ көбелек тәрізді ұлпа қар баяу тамылжып тұрған. Жердегі жұлдыздардың биік-биік бағаналар басынан жарқырап құйылған жұмсақ нұры түнгі ауыл үстінде тұнып қалыпты», «Топ-толық ай жерден жаңа ғана көтерілгендей тым жақын тұр. Сүттей жарық. Алыс-алыс қиырлардан жымыңдап жапырлаған жұлдыздар көзді қытықтайды» деген бейнелі сөздер табиғат көрінісінің ғажап суретін көз алдыңа шашауын шығармай алып келеді. Әрі қарай адам сол көркем туындыны оқуға шабыттанып, еріксіз кітапты қолға аласыз. Ғажап,  шынайы, тілге жеңіл, жүрекке жылы шығарма сіздің жан дүниеңізді  баурап алады.         «Жақсылардың кеудесі алтын сандық» деген сөздің парқын осындайда сезінесің. Ол кісінің қаламынан туған қай туындыны алсаңыз да, тілсіз дүниенің өзі бұлбұлша сайрап кетеді. Ұлтының сөз құдіретінен қаншама қазына іздеген жанның бірі – жергілікті қаламгер  – Айжарық Сәдібекұлы.
Шалқар шабыт иесі біз барған сәтте жұмыс үстелінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын оқып отыр екен. Кітаптың қызығына беріліп кеткені сондай, біздің есіктен кіргенімізді де байқамай қалды. Сәлемдесіп бөлмесіне кіргенде, басын көтеріп «Кел, айналайын, жоғарылат!» деп жанында тұрған диванды нұсқады. Емен-жарқын амандық сұрасқаннан кейін, бір күрсініп алды да жылыстаған жылдар қойнауында жасырын жатқан  көңілдегі жан сырын шертті.
Көңіл шіркін қартаймайды ғой. Өмір болса өз ағысымен өтіп жатыр. Кезінде тай-құлындай тебісіп қатар жүрген жора-жолдастардың көпшілігі бүгінде бақилыққа аттанды.  Бірақ ұмытылмас естеліктер әлі күнге көз алдымда. Ол да бір дәурен екен ғой. Марқұм жазушы Жақсылық Түменбаев, Әділхан Бәйменов, Асқар Кіребаев, Құттыбай Сыдықов қазір арамызда жоқ. Қатар жүргесін әзіл-оспақ, қалжың-қақпамыз үзілмейтін еді. Әсіресе, Жақсылық әзіл сөздің мәйегін тамызатын. «Айжекең таңертең ұйқыдан тұрған соң балконға шығады, азанғы ауамен еркін тыныс алады. Сосын төсек жамылғышын, майкісін шешіп алып қағады. Шұлығына жел қақтыруды да ұмытпайды» деп күлдіруші еді. Солардың қалпы, қасиеті күні кешегідей көз алдыңа келіп, көңіл бұзылады...
Көңіл қалай бұзылмасын, өмірімнің орта тұсында құдай қосқан жарымнан айырылып, 5 перзентіммен қанатым қайырылғандай күй кештім. Аядай бөлме ішінде бір сәт тыныштық орнады. Ол төрде ілулі тұрған жұбайы мен екеуінің суретіне қарап, жанарын мұң басып, жабырқап қалды. Көкірегін кернеген шер оны лезде босаңсытып жібергендей. Шығармашылық адамының көңілі жас баладай нәзік, пәк келеді ғой. Елуді еңсерген шағында келген тосын сынаққа шыдас беріп мойымағанмен, көркем шығарма жазуға тұрмыс тауқыметі көлденең тұрып мүмкіндік бермеген. Лезде өзін сабырға шақырып, таза қоңыр даусымен әңгімесін әрі қарай сабақтай жөнелді.  
Тек ойымда анасыз қалған балаларды қалай адам қатарына қосып, жетілдірсем екен деген үлкен жауапты сынақ тұрды. Сағынамын, қазір өзіммен сырлас жандардың бір шоғырынан көз жазып қалдым.
  Ішкі рухани қуатыңыз мықты екені әр туындыңыздан сезіліп тұрады. Шеберлік сөз қолданысыңыз, суреткерлік машығыңызға қарағанда сізді тәрбиелеп, жазушылыққа баулып, қалыптастырған ұстаханаңыз мықты секілді.  Шабыт та ұшқан құс секілді. Сол алтын құсты алақаныңызға қалай қондырдыңыз?
 Бала кезімде де тағдырдың тауқыметі мен теперішін көп көрдім. Соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шағымыз бізді ерте есейтті. Көкарал деген түбектің бұйығы бір шалғайы «Қармыс»  деген жерде дүниеге келдім. Ол кезде жазуға қабілет-қарымым болғанмен, журналист деген мамандықтың барын да білмеппін. Ол жайлы педагогикалық институтта оқып жүргенде бір-ақ білдім. Мені қаламға талпындырған да, сәтті туынды тудырған да Жүсіпбек Арыстановтың «Жалынды жүрек» повесі болды. Оқиғаға елтігенім сондай оны бір түнде оқып шықтым. Алған әсерімді лезде қағаз бетіне түсіріп, оны «Қазақ әдебиеті» газетіне жібердім.  Үшінші апта дегенде мақалам жарыққа шықты. Қаламақысы да әжептәуір екен. Пәтерде бірге тұратын достарыммен бір тойынып қалдық. Ең ғажабы, сол мақала жарияланысымен ұстазым Ақтай Тұрбеков пен ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев повесть бойынша оқушылар конференциясын өткізді. Ректорымыз Әділ Ермеков Алматыдан туынды авторын шақыртты.  Мен баяндама жасадым. Маған риза болғаны сондай кездесуден кейін ол кісі менің маңдайымнан иіскеп құшағына қысты. Осылайша шығармашылық жолымның тұңғыш парағы ашылған еді.  Алғашқы әңгімем «Әлімнің әжесі» деп аталады. «Ленин жолы» газетінің «Әдебиет» бетінде жарияланды.  Көпшіліктің көңілінен шығып, жағымды пікір білдіргенмен өзіме ұнай қоймады. Мұнан соң бірыңғай мақала жазумен шұғылдандым. Екі курс бойы жоғары стипендиямен оқыдым. 1963 жылы  екінші курстан кейін деканмен келісіп Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетіне қызметке орналастым. Бір жылдан соң ақпан айында әскер қатарына алындым.   Әскери борышымды 2 жарым жылда бітіргенмен, қайта оқуға барғым келмеді.  Ата-анамның үміт артқан жалғыз ұлы болған соң, олардың алдындағы парызымды өтеуге бел байладым. Тезірек қартайған әке-шешеме келін түсіріп, қолғабыс жасамақ болдым. Осылайша, құжатымды сырттай оқу бөліміне ауыстырдым. Көп ұзамай Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетіне еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі болып қызметке тұрдым.  Мұнан соң «Сырдария» газетінде де бөлім меңгерушілік қызметте болдым. Бұл кезде мен ширап қаламымнан әжептәуір дүниелер туып, қалыптаса бастадым. 
  Еңбек адамының бейнесін сомдауда өзіндік стиль қалыптастырғансыз. Суреткерлік бояуды сол кейіпкердің  жан дүниесімен қабыстырып оқиғаны бір-біріне көрінбес жіппен өрнектеп  әдемі бересіз. Классик жазушылардың шығармаларын көп оқығаныңыз көрініп тұрады.  Тіл байлығыңыз мол, ішінде құнарлы сөз тіркестері, нақышты ойлар  бар. Десе де алғашқы жазған очеркіңіздің орны бөлек болар, әлбетте?
Алғашқы очеркім Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетінің редакциясында жүргенде жарық көрді. Газеттің тұтас бір бетін алып жатқан «Дүбірлі күндер тынысы»  атты очерк күріш орағы кезіндегі дән даласындағы тіршілік жайында жазылған болатын. Бұл очеркті редактор Қален Әбдешовтің кеңесімен облыстық «Ленин жолы» газетіне жібердім. Көп кешікпей газет бетінде «Дала тынысы» деген атпен жарық көрді. Менің жазу стилім, ой-пікірім бас редактор Ұзақ Бағаевқа ерекше ұнаса керек. Алған әсері туралы маған хат жазып жіберді. «Маған ұнады. Жақсы ойың бар екен. Сол ойды қағазға түсіруің де жатық, жайдары көрінді. Сенің пікір саптауыңа қарағанда жадағай, жылтыр сөздер аз ба деп қалдым. Жақсы нәрсенің бәрі қарапайымдылығында демей ме? Очеркіңнен осындай жылы леп еседі. Жалт беріп кетер алақол болмасаң бәрімізді де қуанта бермексің. Сонымен, Айжарық, өзіңді бұрын көрмесем де көргендей, сырлас достай көріп отырмын. Кездесуге ынтықтығым арта түскендей» деп пікір білдірді. Білдей бір газеттің редакторы Ұ.Бағаевтың бұл лебізі еңбек жолын енді бастаған маған қанат бітірді. Соның әсері болар, бірінен соң бірі газетке лайықталған көркем очерктер дүниеге келді.
  Аймақтың жетекші басылымында ширек ғасыр қызмет атқарыпсыз.  Онда да жауапкершілігі мол, аса қиын бөлімдерге басшылық жасапсыз.  Шеберлігіңіз шыңдалған тұс та осы болар?
  Аудандық газеттерде бірнеше жыл қызмет атқарып, біраз тәжірибе жинап 1972 жылы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің еңбекші хаттары, совет құрылысы, партия тұрмысы, саясат және қоғам бөлімдерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі және редколлегия мүшесі  болдым.  Бірақ аға буын өкілдері бізді қайрап, жұп-жұмыр, сөзі нақ, өзі мағыналы мақала жазуға баулыды. Партияның қыруар тынымсыз жұмысына жегілдік. Жазудан бас көтеруге уақыт болмайтын. Сол кезде еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі Қалыбай Бөршеев деген кісі сал ауруына ұшырап, қан қысымы көтеріліп, көп ауыратын. Газет редакторы Қалқабай Әбенов «қашан бір жөн болғанша бүкіл бөлім жұмысына қоса ай сайын ағаңның 2 бас мақаласын жазу сенің міндетің болады» деп маған тапсырма берді. Қалекеңнің адамгершілігіне тәнті болдым. Екі жылдай төсек тартып жатқан бөлім меңгерушісіне айлық жалақысы мен 2 көлемді мақалаға қойылатын қаламақыны демі үзілгенше беріп тұрды. Сол кездегі адамдардың кең пейілділігі, адамгершілігі неткен керемет! Аға буын бізді осындай үлгі боларлық ұстаныммен тәрбиеледі, көңіл тереземізді тұрпайы әрекетпен кірлетпеді. Содан болар біздің жазған туындыларымыз да  сол заманның, парасатты ағалардың тағылымымен жазылды. Жазудың қадірін кетірмедік, ар-ожданымызға қылау түсірмедік. Шынайылыққа ұмтылдық, шындықты айна-қатесіз жаздық.
Әсіресе, «Совет құрылысы» бөлімінде жұмыс істеген кезім қиындығымен есте қалды. Кейде сьезд, партконференция, пленум  болған кезде редакцияға түнеп қалатын күндеріміз көп болатын. Біз жұмысты бітіріп шыққанда сиырлар өріске кетіп бара жататын. Ол кезде тәртіп өте қатал болатын. Сөзден қате кетсе, партиялық жаза күтіп тұратын. Әсіресе, сайлау кезіндегі науқандық жұмыстар жүйкемізге салмақ салатын. Қағаздың бәрі орысша келеді. Оны отыра қалып аударатынбыз. Осы бөлімде табаны күректей 10 жыл істедім. Әріптер түспей қиналған күндеріміз болды. Себебі, тозығы жеткен әріп болғандықтан бір нөмірді 4-5 рет басып шығаратынбыз. Сөйтсек ол өте көне неміс техникасы екен.
Газет тігінділерін ақтарып көрсеңіз, «Партия тұрмысы», «Совет құрылысы», «Кәсіподақ өмірі» айдарлары алдыңыздан мен мұндалап шыға келеді. Соның бәрінде менің қолтаңбам бар. Саналы ғұмырымның ширек ғасыры аймақтағы бас басылымға қызмет жасаумен өтіпті.
Біздің «Ленин жолы» газеті сапалы мақаласы, салмақты ойы екшеліп, сол кезде республикада «Жетісу» газетінен кейінгі екінші орында болды. Мұнда мен 3 редактормен жұмыс жасадым. Олар Қалқабай Әбенов, Нұрділдә Уәлиев, Әскербек Рахымбекұлы.  Әрине, шығармашылығымның шыңдалған тұсы да осы кезеңмен байланысты.
1993–2000 жыл аралығында республикалық «Сұхбат» және халықаралық «Түркістан» саяси газеттерінің Ақтөбе, Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқардым. Қай жұмыста болмайын еліме адал қызмет еттім. Қалың бұқараның тұрмыстық тауқыметін, елдегі экологиялық зардапты  ақпарат құралы арқылы, баспасөз беттерінде  жоғары билікке жеткізіп, оның шешілуіне де жәрдем бердім.  Ақиқатына жүгінсек, қай кезде де, қай қоғамға тәуелді болса да, қиянат пен қасіретке жандары төзбей, елдің алдымен дабыл қағып, қалғып кеткен қалың жұрттың санасын сергітетін – журналистер қауымы ғой. Кейде қиянат пен қияңқылыққа қарсы үн көтеріп, бәйгеге бас тігетін кезіміз болады. Сол кездегі газет-журналдардың тарихи айдарына айналған «Арал тағдыры – адам тағдыры» алдымен журналистердің жан айқайынан туған болатын. Сол  арқылы әлем жұртшылығы назарын Аралға аударғаны рас. Мен де  Арал тағдыры туралы мәселе қозғаған алғашқылардың бірімін. Бірнеше проблемалық очерктерім мен мақалаларым кезінде жергілікті, республикалық басылымдарда жарық көрді.
  – Өнегелі шаңырақта асқар тау әке, абыз атасыз. Сіздей алып бәйтеректен тараған ұрпақтарыңыз үлкен азамат болып, үмітіңізді ақтап жатыр. Сіздің руханиятқа қосқан еңбегіңіз ұшан-теңіз. Кітабыңызды қалың оқырман сүйіп оқиды. Елге деген ізгі лебізіңізді білдірсеңіз.
  Шұғылалы өмірдің шуақты күнінде Алла маған халықтың батасын көп алғасын ба (күліп алды), ұзақ өмір сыйлап жатыр. Біздің әулетте көп жасаған адам жоқ.  Бір өкінішім, жан серігім аяулы жарым – Мәриямен осындай бақты қатар қарсы алу бақыты бұйырмады. Ол өте аяулы да, асыл жан еді. Өмірден өте ерте кетті. Мені үй шаруасына араластырмайтын, асханаға кіріп, газды тұтатуға да рұқсат бермейтін. Марқұм Мәрия ұл да, қыз сүйгізіп, өрісімді ұзартып кетті ғой. Аллаға шүкір, перзенттерім жанымда, қалам қағазым қолымда. Енді елдің амандығын, бүкіл өмірімнің шыңына балаған ұрпақтарымның өсіп-өніп, тамырымды тереңге жібергенін қалаймын.  Ең берекелі ел, ол көк аспанында қыран құсы еркін самғап, жер үстінде бөбектері асыр салып ойнаған, тыныштық пен береке орнаған ел. Сондықтан елге ынтымақ, халыққа бақытты өмір тілеймін.
Әңгімелескен: Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Кейіпкеріміз жайлы
 «Дария жыры», «Көктемін күткен ару», «Жүректегі жауһарлар», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз» атты кітаптардың авторы.
А.Сәдібекұлы 2 мәрте «Облыстың үздік журналисі» (1992 және 1996 ж.) құрметті атағының иегері, шығармашылық конкурстардың бірнеше дүркін жүлдегері.
Облыстық партия және комсомол комитеттерінің, кәсіподақтары облыстық советінің Құрмет грамоталарымен, «Жеңістің ХХ жылдығы», «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» медальдарымен және 1987 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасымен марапатталған. Қызылорда қаласы Әкімінің және облыс Әкімі мен Мәслихатының Құрмет Грамотасын, Республика Президентінің «Алғыс хатын» алған. Облыс Әкімінің 2003 жылғы, 2009 жылғы стипендиаты.
24 қыркүйек 2019 ж. 1 289 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам