Аспанымнан ағылған ақ қар мынау...
Қыс ызғары сезіле бастаған сәттен өзінің әдеті бойынша қалың ұйқыға кететін аю көктем шыға оянып, аунап түсетін көрінеді. Егер ол аунап түскенде беті жатқан апанының аузына қарап қалса, онда көктем тез арада туады. Ал, теріс қарап аунаса, қыс біраз уақыт қонақтайды деп жорамалдайды екен көнекөз қариялар. Дала гидрометін жетік меңгерген ата-бабаларымыз ауа райын осылайша табиғат құбылыстары арқылы дөп болжап отырған. Қар қалың жауып, арты суырынды боранға ұласқанда айтылатын ел аузындағы "Ақ аю теріс аунап түсті" деген тіркестің мәнісі осында жатса керек.
Ал, биылғы қыс мезгілінің тосын мінезі Сыр өңірінде біраз сабырлық танытып тұрғандай. Тек желтоқсан айының ортасында ғана ақ ұлпа жер бетін түгел жасырғанымен, үсік жүріп, мал-жанды әбігерге сала қоймады. Десе де, еліміздің бірқатар аймақтарында қыс қаһарына мініп тұрғаны аян. Әсіресе, Арқада аяз күшіне мінгелі қашан. Күре жолдар жабылып, шалғай жатқан елді мекендер арасындағы көлік қатынасы қиындай түсті. Көктайғақ салдарынан тасжолдарда қаншама апаттық жағдай орын алды. Осылайша қыстың қатал мінезі жұртшылықты біраз үрейлендіріп қойғаны рас. Хакім Абай кезінде «Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды» деп ауа райының нақ осы көрінісінің суретін сөзбен салып кеткендей.
Жалпы, тілімізде аяз бен боранның осындай тосын мінезін сипаттайтын әртүрлі сөз нұсқалары қалыптасқан. Мәселен, сөздік қоры өте бай халқымыз бір ғана аяз ұғымының аясына бірнеше сөздерді тіркестірген. Олар ақ аяз, көк аяз, қақаған аяз, құрғақ аяз, қызыл шұнақ аяз, қытымыр аяз, сақылдаған сары аяз, түу десе түкірік жерге түспейтін аяз, тымырсыз аяз, үскірік аяз, шымшыма аяз, шыңылтыр аяз, шытқыл аяз, шытымыр аяз, шытынаған аяз деп кете береді. Сондай-ақ, қыстың тағы бір нышаны – боранға байланысты да топтастырылған тіркестер қатары қалың. Ақ түтек, ақ шұнақ, аққұйрық, алай-түлей, алақаншық, дауыл, долы, жаяу, жөпшеңді, қара, сырғыма, тентек боран, түтек боран, ұйытқыма боран, үскірік, ызғырық боран секілді сан түрлі сөздер бар. Данышпан халқымыз аталмыш ауа райы түрлерінің сипатына қарай осылай шебер атау беріп отырған. Расында, табиғатпен етене ғұмыр кешкен ата-бабамыз қыстың өзіне байланысты қаншама теңеу сөздер мен сөз нұсқаларын тудырған десеңізші! Әлгі атауларды естіген сәтте-ақ жайсыз мезгілдің күн райы көз алдыңа елестеп қоя беретіні бар.
Десе де, әлемді төрт түрлі күйге бөлейтін төрт мезгіл ішінде тап-таза, әрі көркем пейзажды бейнелейтін де осы – қыс. Сондықтан болар, оның бой қарықтырар мұздай лебіне, өңменіңнен өтер ызғырық желіне қарамастан оған көп адам іңкәр. Ақ ұлпа қарына құштар. Ендеше, қаңтарда қақап, ақпанда сеңі соғылып, наурызда қоштасатын мезгілдің көңіл пернесіндегі орны ерек.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.