Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ғалым Маханбетов: Әрбір адам өз жолын таңдауы тиіс

Ғалым Маханбетов: Әрбір адам өз жолын таңдауы тиіс

    Әзілкештер қатарында жерлесіміз Ғалым Маханбетовтің есімі жиі аталады. Алғашқыда жайдарманда өз өнерлерін көрсеткен ол бүгінде түрлі сериалдар арқылы көпшілікке жақын таныс. Қазақы қалжың қағытпасы арқылы елдің жылы ықыласына бөленіп үлгерді. Туған топыраққа келген сәтінде Ғалымды әңгімеге тарттық.

Әзіл әлеміндегі лғашқы қадамың қалай жасалды?
– Алғашқы  қадам мектеп қабырғасынан басталды. Әлі есімде. Оқушылар үйінде көптеген үйірме жұмыс жасайтын. Шамамен 10-шы  сыныптың кезі болу керек. Ол кезде көрермен КВН ойындарын қызыға тамашалайтын. Қызықтым. Мектепаралық сайыстарға қатысып, жүлделі орынға қол жеткіздім. Алдыма мақсат қойдым. Бүгінде қол жеткізген табысым соның арқасы.
 – Командалас достарыңмен қалай таныстың? Бұл ойын саған не берді?
– 2007 жылы «Арал-Ас» командасының тарихы басталды. Бәріміздің қызығушылығымыз бір еді. Ойымыз да бір арнада тоғысып жатты. Оқушы кезімізде әрқайсымыз әр мектептің атынан ойнайтын едік. Кейін ортақ идея тасталып, бүгінгі құрам жасақталды. Біз жеңіске лайықты жол жүріп өттік деп ойлаймын. Әзіл сахнасы маған әуелі шынайы достар сыйлады. Қиындықта қамал бұзатын, сертіне берік жігіттермен бір сахнада жүргеніме расында қуаныштымын. Еліміздің қай өңірінде де, бізге құшақ жайып, қарсы алатын достарымыз бар.
Қазір өзіңді ұлың Расулмен бірге телевизиялық түрлі жобалардан көзіміз шалып жүр. Отбасыңда қандай жаңалықтар бар? Басқа балаларың өнерге бейім бе?
          – Өмір жақсы жаңалықтармен қуантып жатыр. Отбасымыз тағы бір жанмен толықты. Асыл жарым аяулы қызды дүниеге әкеліп, 3 ұл, 1 қыздың әкесі атандым. Тұңғышым – Расул мектеп табалдырығын аттап, оқушы атанды. Ұлымның мектепке барғаны мені ерекше сезімге бөледі. Ата-ана ретінде ұстаздармен тілдесу үлкен жауапкершілікті жүктейді екен. Кез келген әке жасаған қателігін өз ізбасарынан көргісі келмейді ғой. Мен де Расулдың білімге бет бұрып, зерек азамат болғанын қалаймын. Менің бұрын ағат басқан қателігімді перзентім қайталамаса екен деймін. Тағы бір айта кететін жаңалық, инстаграм әлеуметтік желісіндегі достарымның саны 1 миллион адамға жетті. Жайдарманшылар мен КТА жұлдыздары арасындағы алғашқы болып миллион жинаған мен екенмін. Қуаныштымын. Бұл танымалдылықты игі бастамаларға жұмсайтын боламыз. Алға қойған жоспарымыз бар.
Соңғы уақытта команда сахнадан көрінбей кеттіңдер?
          – Кез-келген нәрсенің басы бар, аяғы бар. Біз жеткен жетістік аз емес. Мақтанышпен айтуға болады. Шынымен ауылдың талантты жігіттері бас қосып, сахнада өз өнерімізбен көрермен қалыптастырып үлгердік. Әлеуметтік желідегі «сіздерді сахнадан қайта көргіміз келеді» деген пікірлер қанаттандырады. Біздің дайындықта, сапарларда өткен ұйқысыз уақыттың зая кетпегеніне қуанамын. Чемпиондықды алғаннан кейін жігіттер әркім өз жобасын жүзеге асырып жатыр. Біз КВН ойнаудан басқа жоспар болған жоқ о бастан. «Театр ашып, ұжым қалыптастырамыз» деген ойымызға келмепті. Көрермендер осы тұрғыдан көп сауал көп қояды. Өзгелер сияқты «бәрі уақыттың еншісінде» деп үміттендіргім келмейді. Жігіттермен тек арнайы жобаларда ғана жүздесеміз деп келістік.
Қазіргі жайдарманшылар кей тұста күлдіре алмай жатады. Әзілкештерге  не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Қазір жайдарманшыларда ізденіс аз сияқты. Тынбай ізденіс жасап, идеяларды жүзеге асыра білетін, қыз-жігіттер толағай табысқа қол соза алады. Әрбір жайдарманшы жолын таба білуі қажет. Қазір көбісі көшірме сияқты. Ертеректе халыққа өткен ойындарды басын, соңын өзгертіп ойнай салатын сияқты. Жайдарман сахнасында кім жаңалықпен келеді, соның алатын ұпайы да жоғары болады. Әзілкештер арзан әзілге әуестеніп кетпесе деймін. Себебі, көгілдір экран – жастарды тәрбиелейтін құрал. Сондықтан байыпты, байсалды оймен әзілдерді ұштастыра алса нұр үстіне нұр. Бірақ, біздің кезіміз бен қазіргі сахнадағы ойындарды салыстыруға мүлде келмейді. Қазір жайдарман ойнау қиынырақ. Сол жағынан өнердегі інілеріме, бауырларыма ақыл-кеңес айтып, қол ұшын созып жүремін.
Біз танитын Ғалым Махамбеттің әзілкештігі тек сахналық образ ба, өмірде қалай?
          – Әрбір жайдарманшы сахнада жүргенде түрлі образды алып шығады. Бір ғана образ сені көрерменіңмен қауыштыруы мүмкін. Сол үшін үздіксіз ізденісте болдым. Залды күлкіге қарық еткен көріністер жайдарманның мұрағатында сақталып тұр. Айта кетейін, ол образдың бәрі – сахналық     бейнелер. Бірақ, мен өскен өңір Аралға барсаңыз, өзім бейнелеген адамдармен бетпе-бет жүздесіп қалуыңыз әбден мүмкін.
Балаңыздың өнер жолына түскенін қалайсың ба
          – Расул қазірдің өзінде өнердің айналасында жүр. Оның камера алдында өзін-өзі еркін ұстауы мені расымен таңғалдырады. Қай бағытта таңдау жасаса да, өз жолын тапқанын қалаймын. Егер өсе келе «әке, мен өнерді таңдамаймын» десе, оны қыспаққа алмаймын. Өзінің еркі біледі. Әрине, ұлымның жақсы жерде жүріп-тұрғанын қалаймын. Менде бұл тұрғыда қатып қалған қағида жоқ. Мысалы, әкем менің спортшы болғанымды қалады. Түрлі спорт үйірмесіне қатыстым. Жетістіктерге жетіп жүрдім. Бірақ, менде оған аса құштарлық болмады. Менің жолым спорт залында емес екенін түсіндім. Әрбір адамда таңдаған жолына қызығушылық болуы тиіс. Шынайы ықыласпен бекінсең, ол жолда кездескен бүткіл қиындыққа көз жұма қарайсың. Сүрінсең, қайта еңсе тіктеуге бағытталасың. Сол үшін де әр адам өз жолын біреудің ықпалынсыз таңдауы керек. Оң жамбасына келген іспен айналысса, жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары.
Алдағы жоспарларың қандай?
–Қазір ұлым –   Расул екеуміз 7-ші телеарнада жұмыс жасаймыз. 2021 жылға дейін келісім-шарт бар. Қазір Расулдан басқа жобам жоқ. Уақыт та тапшы. Комедиялық жанрда кинодан көрген шығарсың. Көрермендердің айтуы бойынша сәтті шығыпты. Әрине, бұл сөздер өнер адамына шабыт сыйлайтыны сөзсіз. Алдағы уақытта жоспар өте көп. Расулмен «Один дома» сияқты керемет фильм түсіргім келеді. Мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде.
Қаламыздың туған күніне айтар тілегіңіз қандай?
– Соңғы уақытта Қызылорда  ең таза қала деген мәртебеге ие болып жатыр. Қазіргі Қызылордамен бұрынғы қаланы салыстыруға келмейді. Сол жағалауда сәулеті келіскен ғимараттар бой көтеріп келеді. Сырт жақта жүрсек, қаланың даму қарқынын сөз етіп әріптестерімізге, достарымызға мақтанышпен айта жүреміз. Барша қызылодалықтарды қала күнімен шын жүректен құттықтаймын.
  • Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген
Бауыржан ҚОЖАНТАЙ
24 қыркүйек 2019 ж. 1 009 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 442 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам