«Қайсардың» құрамында Аруба құрамасының футболшысы ойнайды
Қызылорданың «Қайсар» командасының басшылығы тағы бір футболшымен келісімшартқа қол қойды. Аруба құрамасының жартылай қорғаушысы Джон Джошуа енді жыл соңына дейін қызылордалық клубтың намысын қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Джон Джошуа 1988 жылдың 1 қазанында Голландияның Алкмаар қаласында дүниеге келген. Алдымен сол елдің «Валвейк», Роттердамның «Спарта» командаларының жастар құрамында болды. 2007 жылдан кәсіби футболға қадам басты. Төрт жыл бойы Роттердамның «Спарта» клубында тер төккен ол одан кейін 2012-2013 жылдары Энсхед қаласының «Твенте» командасының жейдесін киді. Ал 2013-2016 жылдары Данияның «Нордшелланд» командасында ойнаса, 2016 жылдан бері Түркияның «Бурсаспор» клубында ойын көрсетеді.
Айта кетерлігі, 2009-2010 жылдарда Голландияның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы сапында бес ойынға қатысып, қарсыластар қақпасына екі гол соқты. 2018 жылдан бері тарихи отаны - Аруба құрамасында ойын көрсете бастады.
Ол «Қайсар» командасының баспасөз қызметіне алғашқы сұхбатын берді.
«Мен Голландияда арубалық эммигранттар отбасында дүниеге келдім. Аруба - Кариб теңізінде шағын аралда орналасқан мемлекет. Бұған дейін Қазақстан футболы жайында көп нәрсе біле бермейтін едім. Чемпиондар лигасында «Астана» клубының ойын көрсеткенінен аздап хабарым бар. Мен қызылордалық жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырысамын», - деді Джон Джошуа.
Аруба құрамасы 2018 жылдың 20 желтоқсанындағы есепте ФИФА рейтингінде 187-орында тұр. Құрамада Голландия, Норвегия мемлекеттерінде ойнайтын футболшылар бар.
Қазір «Қайсардың» құрамында хорватиялықтар Иван Граф пен Марин Оршулич, камерундық қорғаушы Абдель Азиз Ламанж, серб шабуылшысы Братислав Пуношевац бар.
Естеріңізге сала кетелік, «Қайсар» командасы қаңтар айының басында Түркияда жаңа маусымға дайындығын бастады.
Бұдан бұрын «Қайсар» командасының басшылығы бірден 17 футболшымен келісім-шарт жасағанынхабарлаған едік.
Сондай-ақ, «Қайсар» командасының бас бапкері Стойчо Младенов биыл да қызметін жалғастыратын болды.
Қызылорданың «Қайсар» командасы 2019 жылы жүлделі орынның біріне ілігу мақсатын көздеп отыр.