Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » КӨРКЕМ ӨНЕРДІҢ КӨКЖИЕГІ

КӨРКЕМ ӨНЕРДІҢ КӨКЖИЕГІ

  Жастайынан сурет салуға деген әуестігі оның осы өнерді игеруіне түрткі болды. Өзі ұстаздар әулетінде дүниеге келіп, ата-анасының жолын қуды. Бүгінде сол ұлы мамандықтың иесі атанды. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер – қаладағы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледждің сәндік-қолданбалы өнер, сурет, бейнелеу өнері пәндерінің оқытушысы Индира Шәмшатова. Ол – білім және ғылым министрлігінің «Жылдың үздік ұстазы» атанған үлгілі де білікті маман.
Әр адамның бір іске деген икемділігі ерте жастан байқалды. Индира да сол сияқты бала кезден сурет салуға құштар болады. Отбасындағы барлық бауырларының бойынан табылған бұл өнерді тек кейіпкеріміз ғана жетілдіре түскен. Сөйтіп, Ақтөбе өңірінің тумасы сондағы педагогикалық институттың «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын тәмамдайды. Еңбек жолын туған жеріндегі №32 мектеп-гимназиясында бейнелеу өнері пәні мұғалімі болудан бастады. Осылайша оның ұстаздық жолдағы алғашқы қадамы жасалды. Кейін отбасы жағдайына байланысты Сыр өңіріне табан тірейді. Мұндағы еңбек жолын аталмыш колледжде жалғастырады.
Кейіпкеріміз қолы бос уақытта майлы бояумен түрлі бейнелер, натюрморт жанрында кескіндемелер салғанды ұнатады. Оқушыларына да барынша сол өнердің қыр-сырын ұғындыруға тырысады. Десек те, үнемі ізденіс үстінде жүріп, тың дүниелерді жасауға тырысатын оны тек суретші деуге болмас. Кейіпкеріміз ұлттық қолөнер бұйымдарын, шығыстың батик өнерін, дизайн саласында жетік меңгерген.
– Шығармашылық адамына әуелі еркіндік, шыдамдылық керек. Ойға алғаныңды мұқият зерделеп, оны басқаша түрлендіруді, рең беруді көздейсің. Әсіресе, әдемілікті байқай алатын қасиеттің болуы өнер адамы үшін ең үлкен жетістік. Сондықтан әрбір туындыны қараған жанның көзі тоятын, жанына рухани азық алатындай етіп жасауың шарт. Ол үшін әрине, өз-өзіңді дамытуың қажет. Бір орында тұрақтауға болмайды. Ізденіс бар жерде тың дүние болады. Бұл – барлық мамандық иесіне қатысты. Алайда, ұстаздың шәкіртіне берер азығы мол болуы тиіс, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Баланы өнерге баулуда 25 жылға жуық уақыт тынымсыз еңбек еткен Индира жеңісті күндерге ізденістің арқасында жетті. Оның еңбек жолындағы жетістігін тізбектеу мүмкін емес. Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде өткізілетін байқауларда жиі бақ сынайтын ол үнемі олжалы оралады. Ал, білім және ғылым министрлігінің «Жылдың үздік ұстазы» номинациясын иеленуі – ол үшін ең үлкен жеңіс. Талай жылғы тынымсыз еңбектің көрінісі іспеттес марапаты оны одан сайын жігерлендіре түсті. Үйретуден жалықпаған ұстаз үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Осы орайда өз ісін жетілдіруге, шығармашылық өсуіне қолдау білдірген оқу ордасының басшылығына, шәкірттеріне, отбасына айтар алғысы зор.
Салмақты сөзі мен ұстамды ойы келіскен ұстаздың шәкірттері де жүлдеден құр алақан емес. Жыл сайын өткізілетін «Шабыт» шығармашыл жастардың байқауына қатысатын оқушылары қай кезде де сенімнен шыға біледі. Бұдан бөлек халықаралық, республикалық сайыстарда бірқатар оқушысы жеңімпаз деп танылған. Осылайша олар ұстаз мерейін үстем етті. Бәлкім, «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деп осындайда айтылса керек. Бүгінде Д.Тойшыбаев, Д.Жүсіпбаев, Ә.Жұмабекқызы, Н.Қалымбетов сынды ізбасарлары өңірге танымал суретшілер қатарында. Өнерпаз ұстаздың бойынан оқушыларына, мамандығына деген жанашырлығын, адалдығын аңғару қиын емес. Оның баланың жаңа қырын ашсам, үйретсем деген мақсаты – бүгінде қаншама өнерлі жастың жолын ашты. Қазірде олардың бос уақыттарын текке өткізбес үшін «Этно өрнек» үйірмесін ашқан. Онда студенттердің шеберлігін шыңдауына мүмкіндік жасалған.
Бос сөзге емес іске ептілік – Индира Жақсылыққызының басты қасиеті. Ол табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында біршама белесті бағындырды. Еңбек жолындағы жеңісі мен шәкірттер жетістігі оның расымен, «Үздік ұстаз» атағына лайық екенін аңғартады.

Айдана САЙДУЛЛА.

27 қараша 2017 ж. 2 084 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам