МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВТІҢ 80 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КЕШ ӨТТІ
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қоғам және мемлекет қайраткерін мерейтойымен құттықтады. Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбековтің 80 жас мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.
Кеш басында М.Жолдасбековтың өмірі мен еңбегі жайлы фильм көрсетілді. Онда қайраткердің Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған және жұмыс істеген жылдары, әрі қарай Қазақстан білім министрінің бірінші орынбасары және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымдарына дейін өсу кезеңі бейнеленген.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев Мырзатай Жолдасбекұлын мерейтойымен және қасиетті Сыр еліне келуімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
«Мырзатай Жолдасбекұлы Тәуелсіздік алған елең-алаң кезеңде қайраткерлігімен, ұлтжандылығымен ерекше танылды. Оның Алаш қайраткерлерін қайта оралту жолындағы еңбегі зор екенін айту керек. Бір кездері атын атауға қорқатын Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мір¬жақып Дулатов, Шәкәрім Құдай¬бердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағ¬жан Жұмабаевтар тарих бетіне қайта шықты, қайта туды. Ойы озық, жаны таза, елім деп еңбек еткен ерлер ғана елінің тағдырына араша түсе алады. Бұл ретте, Мырзатай Жолдасбекұлы - өзінің азаматтық борышын адал атқара білген жан», - деді аймақ басшысы.
Іс-шара аясында М.Жолдасбековтің өлеңдеріне жазылған әндері айтылып, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев арнау орындады.