Екінші Төлегенова
Қазақта «Көмейіне бұлбұл ұя салған» деген әдемі теңеу бар. Бұл – ән әлемінде ерекше дауысы бар дарын иесіне тән. Ол әркімнің бойынан табыла бермейді. Демек, ол бойындағы табиғат берген таланттың арқасында талай тыңдарманын тамсандырары анық. Олар өзінің сыңғырлаған сазды үнімен жазиралы кең даламызды әсем ырғақпен тебіренте біледі. Соның бірі – Сыр өңірінің сұлу саңлағы, өнерсүйер қауым арасында «екінші Төлегенова» атанған Миуа Төлегенова.
Әр дәуірдің өз ағымы мен дәстүрі бар. Өнердің де туу, даму тарихы болатыны ақиқат. Сонау 1967 жылдың мамыр айында облыс орталығында «Сыр сұлуы» ансамблі құрылды. Н.Гоголь атындағы пединституттың филология факультеті жанындағы музыка бөлімінің студенттері мен М.Мәметова атындағы педагогикалық училищенің шәкірттері, өңірдің өзге де өнерлі жастарының басын қосқан топ тұңғыш рет қазақ өнерін биікке көтерді. Сол құрамда ширек ғасырдан астам ән айтып, өңірдің шығармашылығын дамытуда үлес қосқан Миуа апамыздың өнерін бағаламау мүмкін емес. Жасы жетпіске таяса да, дауысының бояуы кетпеген ерекше талант иесімен етене танысу үшін үйіне әдейілеп іздеп бардық.
Біз барғанда бір ансамбльде талай жыл ән айтып, Миуа апамен әріптес болған алғашқы қарлығаштарды жолықтырдық. Табалдырықтан кірген бетте «Қазақ вальсі» әнін бірге тамылжыта шырқай жөнелген әжелер бізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, үйдің ішін әсем әуенмен нұрландырып жіберді. Сол сәтте көз алдымызға сонау алпысыншы жылдағы «Сыр сұлуы» ансамблі қайта оралып келгендей болды. Ақ дастархан төрінде отырған апамыз шырайлы жүзімен, күлімдеген көзімен кез келген жанды өзіне баурап алатыны сөзсіз. Баланың бал күлкісіне толы бақытты шаңырақта ұрпағы өсіп келеді.
Қазақтың ұлы композиторы, ән әлемінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқов пен белгілі ақын Зейнолла Шүкіровтің сөзіне жазылған «Сыр сұлуы» әнінің құрметіне құрылған ансамбль өз заманында қазақ өнерін өрге шығарды. Талантты жастардан жиналған аталмыш өнер ұжымының есімі әлемге әйгілі болды. Ансамбльдің ең алғашқы ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі – белгілі композитор, дирижер, ұлағатты ұстаз Мүлкаман Қалауов еді. Өнер үшін тынбай тер төккен ардақты азамат аз уақыттың ішінде ансамбльдің атын аңызға айналдырды. Елге белгілі болған құрам Ресей, Молдавия, Болгария, Йемен секілді бірнеше мемлекетте қазақ өнерін көпшілікке танытып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Сыр сұлуы» ансамблінің құрылу тарихы мен жеткен жетістігін зерттеп, сол туралы кітап жазған профессор, доцент Зина Сексенбаева өзінің естеліктерімен бөлісті.
– «Сыр сұлуы» ансамблінде өнер көрсету біз үшін үлкен бақыт болды. Өйткені, қызыққа толы жастық шағымыздың көбі сол құрамда жүргенде өтті. Қазақтың жезтаңдай, күміс көмей әншілерімен бір сахнада жүру кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады. Сол тұста айтулы ансамбль нағыз халықтық дәстүрді, ұлттық мәдениетті насихаттайтын тәрбиелік мәні зор өнер ұжымы болып құрылды. Музыкалық факультетте оқып жүрген өнерлі қыз-жігіттер алыс-жақын шет елдерде өнер көрсеттік. Бізден кейін «Дос-Мұқасан», «Айгүл» ансамбльдері бой көрсете бастады. Өнер ұжымы құрылған уақыттан 1982 жылға дейін Мүлкаман ағай топқа жетекшілік жасады. Ол кісі қайталанбайтын тұлға еді. Сол кісінің өнегесімен өнерге еліктеп өстік. Ағамыздың домбыра мен баянда ойнағанын көріп, таңғалушы едік. Егер, бүгінде өнер әлемінде өнегелі жол қалдыра алсақ, оның әрбір ізінде тек сол кісінің ерен еңбегі жатыр деп білеміз, – деді ол.
Топтың алтын құрамында ән шырқап, ерекше дауыс ырғағымен жұртшылыққа танылған Миуа Төлегенованың орны бір төбе. Оның өзге де қайталана бермейтін үні әлі таза бұлақтың суындай сылдырлап тұр. Қазақтың халық әнін шырқағанда дауысының мөп-мөлдір тұнық екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім.
Миуа апамыз ән салғанда ерекше шабыт алып, жүзі жадырап сала береді. Бұл оның өнер үшін жаратылғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Тумысынан ән айтуға құмар жайсаң жанға мұндай қасиет әжесінен дарыса керек. Одан бөлек, әкесі ылғи жанына алып, халық әндерімен қанаттандырып өсірген. Жоғары ноталы ауыр әндерді кәсіби орындаушы секілді ешбір қиындықсыз шырқай жөнелуі көпшіліктің таңданысын тудырғаны рас. Ол осы өзгешелігі арқылы «Сыр сұлуы» ансамбліне қабылданды.
– Отбасында әжем ән айтатын. Дауысы өте керемет еді. Бала кезімнен Роза, Бибігүл апаларымның әнін жаттап, сол кісілерге еліктеп өстім. Мектепті бітіргеннен кейін, ауылдағы «Алтын арай» ансамблінде өнер көрсеттім. Кейін Мүлкаман Қалауов «Сыр сұлуы» ансамбліне солист іздеп жатыр екен дегенді естідім. Ол кезде студентпін. Бірде Мүлкаман ағай аудиторияға кіріп, қаншама студенттің арасынан мені өзімен бірге алып кетті. Түк түсінбестен ол кісінің соңынан еріп келемін. Бір кезде маған «ән айтып көрші» деді. Сол сәтте оркестрге ілесіп, «Қазақ вальсін» шырқай кеттім. Ұлағатты ұстаз мәз болып, «ой, мына қара қыздың әнін-ай» деп дауысыма таңырқап қалды. Содан бастап «Сыр сұлуы» ансамблінде ән айту бақыты бұйырды. Мұның барлығы Алланың берген табиғи таланты дер едім.
1977 жылы музыка-педагогика факультетін үздік тәмамдаған соң, сол институтта «дауыс қою» сабағынан дәріс бердім. «Сыр сұлуы» ансамблінде жүріп, өнердің қаншалықты биік екенін сезіндім. 1985 жылы Украинада білімімді жетілдіріп, концерт өткіздім. Ал 1981 жылы Алматы қаласында қазақ, орыс, румын классиктерінің әндерін орындап, көрермен ықыласына бөлендім. Өнер биігінен көрінуім ең алдымен кафедра меңгеруші болған ұстаздарым Мая Быковская мен сол кісінің жұбайы Быковскийдің арқасы деп білемін. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар ғой. Ерлі-зайыпты өнерлі жұптар сол факультетте оқыған талай таланттардың бағын ашып, өмірде өз жолын табуға ықпал етті, – деді бұлбұл әнші.
2002 жылы Миуа Төлегенованың шығармашылығына отыз жыл толуына орай, Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде есеп беру кеші ұйымдастырылды. Ал, араға 10 жыл салып, алпыс жасты еңсерген сәтте «Мәдениет қайраткері» атағы берілді. Сол жылы өнер ордасында қызмет еткен қырық жылға жуық еңбегі еленіп, абыроймен зейнет демалысына шықты. Бүгінде отбасында өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты әже.
Ұлы даланың ұлылығы мен кеңдігін ерекше дауысымен үндестірген кейіпкеріміздің өмірі киелі өнермен қатар өрілді. Бүгінде жасы жетпіске таяса да, сахна сырын ұмытқан жоқ. Бұл қандай ғажап қуат, неткен сарқылмайтын талант дерсіз?! Мұның барлығы өнерге деген шексіз сүйіспеншілік пен үлкен еңбектің жемісі деп білеміз.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА