Екі Кенен тумайды...
Ән мен жырдың кені Кенен ақынның дүниеге келгеніне биыл 135 жыл. Қазақ әдебиеті мен руханиятына елеулі үлес қосқан Кенен Әзірбаев есімін ардақтау – елдік парыз. Осындай өнегелі іс Сыр өңірінде жоғары деңгейде тойланды.
Аталмыш мерейтойға орай өткен аптада А.Тоқмағамбетов мәдениет үйінде халық ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерінің құрметіне «Әң кемеңгері» атты мәдени шара ел назарына ұсынылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы мен ақынның қызы Төрткен Кененқызы қатысты.
– Біз ұлттық құндылығымызбен мақтана аламыз. Сондай баға жетпес қазынамыздың бірі – қазақтың ән өнері. Бабалар мұрасына баса назар аудару біздің ізгі ниетіміз. Бүгінгі кеш соның бір айғағы болып тұр. Кенен атамыз тек әнші емес, ақындық пен жыршылықты, сал-серілікті, айтыс өнерін бір бойына қалыптастырған адам. Қазақтың жазиралы даласын жырға қосқан атамыздың аты мәңгілік ел жадында қалды. Жасынан Жетісудың жүйрігі атанып, Жамбыл бабамызбен қатар жүріп, халқымыздың ғажайып ақындық-жыршылық өнерін кейінгі ұрпаққа саф күйінде жеткізген бірегей тұлға болды. Ол кісі өзі өмір сүрген дәуірдің кең панорамасын ақ қағазға мөлдіретіп түсірді. Кенен атамыз артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірмен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі. Сондықтан екі ғасырдың куәсі болған бабамыз ұмытылмайды, – деді Р.Рүстемұлы.
Кенен ақын жасынан ауыз әдебиетінің сан ғасырлардан бері үзілмей келген асыл мұралары ақындық, жыршылық, шешендік, айтыскерлік өнерден нәр алып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұйытқы болды. Жамбылдай жыр алыбын ұстаз тұтып, Сырда туған Нартай ақынмен дос-замандас болды.
Кенен Әзірбаев ғасырға жуық ғұмырында жұртымыз бастан кешкен зобалаңның арасында жүрді. Солардың бәрін дастанға айналдырып, кейінгіге керемет мұра қалдырды. Екі жүзден астам дастандар мен толғаулар жазды. Жүзден аса ән шығарып, оны өзі қоңыр дауысымен төгілдіріп орындады. «Екі Кенен тумайды Алатауға ексең де», деп жырлайды Кенен атамыз. Өнер аспанында Кенен Әзірбаев бар болмыс бітімімен дара, оқшау.
Ақынның мерейтойына арнайы Жетісу жерінен келген қызы лебізін білдірді.
– «Сыр елі–жыр елі» деген құлаққа сондай бір жағымды естілер сөз ғой. Осындай қасиетті жерде өзге облыстарға үлгі боларлықтай жақсы дүние көрсетіп жатырсыздар. Әкем мен Сырда туған Нартайдың достығы бір бөлек әңгіме. Бұрын басқалай еді. Әр облыс өзінен шыққан белгілі азаматын мадақтаумен шектелетін. Мысалы, Таразда Жамбыл мен Кенен, Семейде Абай, сіздерде Нартай немесе Асқар деп. Бірақ, ол азаматтар заманында өзі туған өлкеге емес, бар исі қазаққа қызмет етті емес пе?! Бүгінде шүкір. Сіздер жақсы бастама көтеріп отырсыздар. Кенендей даңқты тұлғаларды дәріптеу – барша елге игі іс, үлкен үлгі деп есептеймін, – деді Төрткен Кененқызы.
Қазақ тарихындағы қилы кезеңдердің куәсі болған Кенен ақынның тағдыр жолы оңай болмаған. Ол өзінің болмыс-бітімін мәңгі өлмес, өшпес ән-жырымен сомдап кетті. Қос бірдей перзентінен айырылып, арманда қалған ол «Базар-Назар» деген қасіретті әнін шығарады.
Өнер кешінде ардақты атамыздың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Ой, жайлау», «Күләшқа», «Келінжан», «Шырқа, дауысым», «Қайран жастық», «Базар-Назар» деген кең тынысты, әлеуметтік астары бар, сазды мұңға толы әндері орындалды.
Жетісу ән дәстүрінің алтын қазығы, сал-серілердің соңы, қазақ әдебиеті тарихында өзінің атын мәңгілікке қалдырған ақынның өлмес жырлары мен әсем әндері туған халқымен бірге жасай бермек.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.