Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Шебердің қолы көпке ортақ

Шебердің қолы көпке ортақ

Ат ерттеп, атан қомдаған көшпелі жұрттың тіршілік тынысы қашанда оның қолөнерінен көрініс тапқан. Халқымыз ықылым заманнан осындай ұлттық қазынасымен мәдениеттің озық үлгісін көрсете білді. Оның салт-дәстүр, әдет-ғұрып, сәндік өнері мен ұсталық кәсібінің негізінде халықтың таным-түсінігі, ұлттық ұлағаты, тәрбие-тағылымы жатыр. «Ұлттық өнер жойылса, ұлт жойылады» деген сөз бар. Шынында, әрбір халықтың төл мәдениеті – оның айнасы емес пе? Ал, атадан қалған ізгі дүниенің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы ендігі кезекте бүгінгі толқынның дәріптей білуінде жатыр.
Бұл орталықтың табалдырығын аттаған бойда халқымыздың бірнеше ғасыр бұрынғы ортасына, нағыз қазақ тұрмысына енгендей боласың. Киіз үй құрылғыларымен жабдықталған бөлігіне назарың бірден ауады. Айнала текемет, киіз, паннолармен көмкерілген. Жан-жағында тұрмысқа қажетті көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, құрал-жабдықтар орналасқан. Ұлттық құндылықтармен үйлесімді безендірілген дүкенге кірген жан қастерлі өнердің киелі екенін тағы бір түйсіне түседі. Жаны қазақ әрбір азамат мұнда ата-баба мұрасымен танысып, рухани толысқандай болады. Қаладағы «Qoloner» ұлттық нақыш орталығы кез келген тұтынушыға осындай әсер сыйлайды.
Соңғы бес жыл көлемінде елімізде қазақы дүниелерге көпшіліктің сұранысы артқан. Қазір той-жиында, іскерлік кездесу, түрлі мерекелік кеште мейманына ұлттық нақыштағы кәде сый беру үрдісі қалыптасты. Тіпті, ғұрпымызға сай ұлттық киім киіп, оюлы ағаш ыдыспен тағам тарту да күнделікті тұрмыста өрістеп келеді. Бұдан өшкеніміздің қайта жаңғырып, бабадан мирас боп жеткен құндылықтың түлеп жатқанын аңғару қиын емес. Әрине, бұл – қуанарлық жайт. Ал, «Qoloner» орталығы осындай дүниенің қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Жеке кәсіпкер Аида Керімқұлованың бастамасымен ашылған орталықтың нарықта жұмыс жасағанына бірнеше жылға жуықтады. Сол аралықта дәстүрімізді кеңінен зерделеп, аймақтағы қолөнер шеберлерінің басын бір арнада тоғыстырды. Олардың туындыларын көпшілікке танытып, кеңінен насихаттауда зор үлесін қосты. Игілікті іске қолдаушы болған Аиданың басты мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу еді.
– Сыр өңірі қолы алтын шеберлерге бай аймақ. Бұл – темірден түйін түйіп, он саусағынан өнер тамған олардың туындысын кеңінен насихаттау әрі түпкі тұрмысымызды, мәдениет пен руханиятымызды тану мақсатында қолға алынған жоба болатын. Кәсіпкерлік салада жүргеннен соң оны жан-жақты зерделеп, халық сұранысымен жұмыс жасауды қолға алдық. Бастамасы жаман емес. Ісіміз өрге басты, қазір орталықтың қызмет аясы кеңейді. Жылдан жылға көпшіліктің ұлттық өнерімізге деген ықыласы артып отыр. Соған лайықты жұмыс жасауға тырысамыз. Орталықта шеберлердің қолынан шыққан қазақы нақыштағы төсек жабдықтары, ағаш ыдыстар, түрлі кәде сыйлар, күміс әшекей, оюмен өрнектелген ер, әйел киімдері, тері бұйымдары, батырлар сайманы талғамға сай жинақталған – дейді ұлттық өнердің қолдаушысы Аида Әбдіқайымқызы.
Расымен, дүкен сөресінде кәдеңізге жарайтын дүниелер көп. Дәстүріміздегі шілдехана, бесік той, тұсау кесу, қыз ұзатып, келін түсіруге, мерейтойға дейін керекті дүниені осы жерден табуға болады. Барлығы да сапалы, тиянақты, бастысы – қолжетімді бағада.
Әрине, кез келген істе бірлесіп жұмыс жасау нәтижелі болады. Рухани құндылығымызды жаңғыртуда орталық ұжымымен бірге өңірдің танымал шеберлері де білек сыбана кіріскен. «Ата өнері балаға мирас» демей ме? Қанмен берілген қасиетті шыңдап, темірге тіл, жаңқаға жан бітірген дарынды шеберлер аймақта жетерлік. Сапалы әрі тың туындысымен танымал болған Б.Жақыпов, Ә.Сұлтанғали, Ұ.Мауытова, Р.Мүлікбаев сынды бірқатар қолөнершілер орталықпен тығыз байланыс орнатқан.
«Шебердің қолы көпке ортақ» демекші мұнда ата кәсіпті серік еткендер тек көпшілікке бұйым жасаумен ғана шектелмейді. Орталықтың ұйымдастырумен ұсталық ебі бар, талабы бар жастарға ағаш ою, зергерлік әшекей жасауда тегін шеберлік сабағын өткізіп тұрады. Бұл – ұлттық өнерді ұлықтауға, жастардың баба өнерін меңгеруіне жасалған ізгі қадам.
Халықтың сұранысы артқан сайын талаптың да күшейетіні белгілі. Жыл санап қызмет аясы кеңейген орталықтың жанынан «Дильназ» ательесі құрылған. Онда заманауи үлгіде ұлттық киімдер, төсек жабдықтары, қыз жасауы сияқты бірқатар дүниелертұтынушыға жол тартады. Тігін шеберлерінің қолынан шыққан әрбір өнім тапсырыс иесінің талғамына сәйкес тігіледі. Осы орайда орталықтың басқарушысы Әйгерім Қанатбаева жан-жақтан түсетін тапсырыстың басым екенін айтады. Ұлттық киімге деген сұраныстың көптігінен тіпті, тігіншілердің үздіксіз жұмыс жасауына тура келеді. Мұның қуанарлық жағдай екенін айтқан ол алдағы уақытта үлкен тігін цехының іске қосылатынын жеткізді.
Небәрі үш жыл ішінде аймақтағы қолөнердің дамуына сүбелі үлес қосып, тың идеясымен көпшілік көңілін таба білген ұжымның еңбегі еселі. Қанша ғасыр өтсе де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы өнерді дәріптеуде олар тынымсыз еңбек етті. Тек тапсырыс шеңберінде жұмыс жасамай, қаншама жастың жолын ашты. Ұлттық өнерді ұлықтауда ілкімді істерді іске асырды. Көненің көзін заманауи бағытта жаңғыртқан орталық ұжымы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысын одан әрі дамытпақ.
Айдана СЕЙІЛ








16 шілде 2019 ж. 2 222 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам