САЯБАҚТАҒЫ ЭТНОАУЫЛ
Қалалық мәдени-демалыс паркінен биыл алғаш рет этноауыл ашылды. Дәл осы ақжолтай жаңалықты естігенде қос қолды төбеге көтере қуанған жанның бірі – өзіміз. Расында, керемет емес пе? Халық нөпірі көп жиналатын орында ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, бабадан қалған қолөнер дәріптеліп жатса, нұр үстіне нұр.
Парктің кіреберіс жеріне үлкен ақшаңқан киіз үйдің үшеуі тігілген. Онда облыстың үздік қолөнершілері жасаған бұйымдарын келушілер назарына ұсынуда. Алты қанат ақ үйдің алғашқысында ағаш және зергерлік бұйымдардың шеберлері жиналған. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері мұндағы жәрмеңке көркі қыза түседі. Тұрғындар нағыз ісмердің қолынан туған әдемі бұйымдарды сатып алып, бір-біріне сый ретінде ұсынып жатады. Ал, екінші киіз үйде халқымыздың ұлттық тағамдары насихатталуда. Айран, қымыз, ірімшік, құрт сынды сүт өнімдерін іздесеңіз, осында дереу ат басын бұрғаныңыз абзал. Мұнда ағарғанмен қатар, бауырсақ, жеті шелпек те әзірленеді. Ал, оның жанында шахмат, дойбы ойындарына қызығушылық білдіретін тұрғындарға арнайы орын қарастырылыпты. Турасын айтқанда, шұбат іше отырып, ой қозғауға таптырмас жер.
Сықырлауық есіктен енген бойда көз алдында небір керемет самсап тұр. Айналаның бәрі қызылды-жасылды дүниеге толы. Қараған жанардың жауын алатын бұйымдар сан түрлі ұлттық ою-өрнекпен әспеттелген. Оюдан бетіне түр салып басқан текемет-кілемдер, тоқыма үлгілері, тақия мен қамзол-кәжекейлер, жүннен жасалған небір кәдесый заттары халқымыздың қолөнер шеберлігінің шыңын паш етіп тұрғандай. Біз әңгімелеп отырған дүниенің барлығы этноауылдағы үшінші киіз үйден көрініс табады. Ондағы үстел үсті мен қабырғаларда тұнып тұрған бұйымдардың көркемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардың әрқайсысында қаншама төзім мен еселі еңбектің жатқаны анық. Тіпті, балалардың кішкентай башмағына дейін асқан шеберлікпен жасалған. Қарап тұрып, ісмердің іскерлігіне таң-тамаша таңдай қағасың. Көздің майын тауысып дайындалған олардан тым ерекше нәзіктік пен үйлесімділікті аңғарасың. Тіпті, түрлі түсті бояулардың өзі бір-біріне әдемі жымдаса кеткен. Осыған қарап көне дәстүрлерді көздің карашығындай сақтап, байыту арқылы халықтық қөркем қолөнер кәсібі бүгінгі мәдениеттің айқын құбылысы болып қайта жанданғанына іштей қуанасың.
Сондай мұралардың көлеңкеде қалмай, түлеп, дамуына жанашырлық танытып жүрген қолөнершілердің бірі, Қазақстан қолөнершілер Одағынының мүшесі – Айдана Әлайдарова. Ол саябақтағы этноауыл есігін айқара ашқан күннен бастап осы киіз үйдің шеберіне айналған. Қолынан туған дүниелерін осында әкеліп, қолөнер кереметін көпшілікпен бөлісуде. Оның он саусағынан туған әдемі бұйымдарда өзгелерге ұқсамайтын бір әлем жатқандай. Пішіндердің ықшам да мәнді үйлесімі, түстердің жоғары талғамы, өрнектердің әсемдігі, колдың дәлдігі және қиял ұшқырлығын ұштастыру – Айдана ісмерге ғана тән шеберлік пе деген ойға келесің.
– Қазіргі таңда киізден, жүннен жасалған әртүрлі киімдер мен сәндік аксессуарларға сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Байқасаңыз, қазір мұндай үлгідегі киімдер сәнге айналған. Олардың қатарында ойық пішіндеу тәсілімен тігілген әйел кеудешелері, табиғи жібек мата мен жүнді біріктіру тәсілімен жасалған мойын орағыштар бар. Сондай-ақ, қыз балалар кеудешесін, бұйымдардың қалдықтарынан үйлестірілген моншақтар, үй жағдайында пайдалануға арналған аяқ киімдер, кәдесый ретінде жасалған киіз үйлер дайындауға көңіл бөлемін. Тағы да айта кетсем, табиғи киізден жасалған ұлттық ойыншықтар жасап жүрмін. Жұмысымның ерекшелігі – дәстүрлі тәсілді қазіргі заманауи инновациялық техникамен ұштасуында жатыр. Ал, бұл техниканың тартымдылығы оның сан түрлі көлемді бұйымдарды ешқандай тігіссіз дайындау мүмкіндігінде болып отыр. Осы әдіспен дайындалған киім-кешек элементтері тұтынуға ыңғайлы, олар өздерінің жылылығы, экологиялық тиімділігі, фактурасының жұмсақтығы және салмағының жеңілдігімен өте қолайлы саналады, – дейді қолөнерші. Сондай-ақ, мұнда Қармақшы, Шиелі аудандарынан да қолөнершілер арнайы келіп, өз жұмысымен таныстырады. Ал, ісмерлер таяу арадан бастап қызығушылық танытқан әрбір тұрғынға шеберлік сағатын өткізбек.
Жалпы, сәндік қолданбалы өнер немесе киіз өңдеудің инновациялық технологияларын үйретудің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндіктері жоғары. Өскелең ұрпақтың эстетикалық түйсік-талғамын дамытып, еңбекке баулиды. Сайып келгенде, ұлттық өнерді бағалауға, түсінуге ықпал ететіні анық.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.