ДАЛАЛЫҚ ӨРКЕНИЕТТІҢ АЛТЫН МҰРАСЫ
Бала күнімде үйдің қабырғаларында сәнді оюлармен өрнектелген кілем ілініп, киіз төселіп тұрушы еді. Ал онда бейнеленген ою-өрнектер тарихтан сыр шертіп тұратын секілді. Бұл дүниелерді әжем өз қолымен жасайтын. Сол кезде мен де әжеме жағаласып киіз басып, текемет жасауына колғабыс тигізетін едім. Сонда әжем кестелеген әрбір оюын «алаша», «су өрнегі», «сыпырмайым» оюы деп атаулары мен олардың тарихын айтып отыратын.
Халықтың мәдениеті мен тарихы – біртұтас дүние. Демек, оның қолөнерін зерттегенде осы тұтастықты аңғару керек. Оларды көзбен көріп қана тамсанбай, атауының мазмұны мен шығу тарихын білу маңызды. Өйткені, ою – өткен заманның хабаршысы, шежіресі. Біздің ұлттық ерекшелігімізді бүкіл әлемге өзіндік ерекшелігімен таныта білген де осы қолөнер саласы. Халқымыздың қай қолөнерінде де өрнектердің өзіндік ерекшелігін сақтап, белгілі тәртіппен орналасатынын аңғару қиын емес. Оюлардың ертеректегі нұсқаларында гүл, жануар, құс элементтері көп кездеседі.
Қазақ халқының ою-өрнегінің төркіні деп мүйіз оюын атауға болады. Өйткені, барлық жаңа элементтер сол негізде жасалып, атаулары жаңарып, өзгеріп отырған. Мысалы: «қошқармүйіз», «арқармүйіз», «қырықмүйіз», «қосмүйіз», «сынықмүйіз», «сыңармүйіз», тағы осы секілді ою атаулары осы сөзіме дәлел.
«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деген қазақ даналығында. Қазақ қолөнері көркемдік мол мағынасымен халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы. Олар тарихтан сыр шертеді. Мәселен «Айша бибі» күмбезінің кірпіштерін өрнектеу үшін «тоғызтөбе» өрнегін қолданған. Бұл күн – типтес өрнек ең көне оюлардың қатарына жатады. – Халықтың ою кестелеген бұйымдарға сұранысы жылдан жылға артуда. Біз оларды кестелегенде оның атауына мән береміз. Өйткені, қазақ оюларының түрі көп. Балаларға, ерлер мен әйелдерге арнайы арналған түрлері бар. Бас киімге, шапанға, қамзолға салынатыны да кездеседі. Олардың бәрін ажырата білуіміз қажет. Себебі қазіргі таңда көптеген түрлерінің мән-мағынасын білмегендіктен қате қолданылуда. Бас киімге салынатын оюды етікке, етікке салынатынды қамзолға дегендей. Мұның барлығын білместіктен, оюларымыздың мән мағынасын жете танымаушылықтан деп ойлаймын, – дейді «Қамар сұлу» тігін шеберханасының директоры Рита Сәрсенбаева.
Бұрынғы заманнан адам өзінің таным-түйсігін тасқа, тұрмыстық заттарға бейнелеген. Біздің тағылымды тарихпен жалғайтын кілт ұлттық ою-өрнектерімізде екені шүбәсіз. Бүгінде төл айшықтарымызды дұрыс қолданбау салдарынан бастапқы кескінін, мәні мен маңызын, тіпті атауын да жоғалтуда. Тәрбие – талбесіктен. Сондықтан өзіміздің төл туындыларымыздың бағасын біліп, жас ұрпаққа насихаттау – баршамызға ортақ міндет.
Фариза МАДИЯРОВА.