АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ СПОРТ АЛАҢЫ
Бүгінде елімізде заманауи спорт түрлері жақсы дамып келеді. Кроссфит, бразилиялық джиу джитсу, стрит-воркаут секілді ұғымдар ел құлағына сіңісті болды. Қаламызда стрит-воркаут алаңдарының саны артуда. Жалпы, воркаут дегеніміз не?
Бұл – әртүрлі спорттық құрылғылар орнатылған ашық аспан астындағы алаң. Ағылшын тілінен аударғанда көше жаттығуы деген мағынаны білдіреді. Ол – денсаулықты жақсартуға, сымбатты болуға арналған. Мұндағы жаттығулар көшедегі, алаңқайдағы белтемір, қоссырық, қырлы бөренелер, швед қабырғасы, көлденең баспалдақтар секілді қарапайым құралдар арқылы орындалғандықтан, қаражатты қажет етпейтін, қолжетімді болып табылады.
Воркаут – алғаш рет ежелгі Грекияда пайда болып, Ресей, Батыс Еуропада, одан АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында кеңінен таныла бастады. Оларды көше спортшылары, воркаутер, аула гимнасшылары, белтеміршілер деп те атай береді. 2000 жылдардың басында қарапайым көше жастарының ауладағы спорт құрылғыларымен жасаған қиын жаттығулары интернетте кеңінен тарады.
Нәтижесінде желіге салынған бейнетаспалар әлемге тез тарап, көпшілік қызығушылығын тудырды. Кейіннен әуесқойлар арасында дүниежүзілік чемпионаттар ұйымдастырылып, воркауттың өрістеуіне жол ашты. Мәселен, алғашқы әлем біріншілігі 2011 жылы Ригада өткен болатын. Жарыс қорытындысы бойынша украиндық Евгений Козырь воркаут тарихындағы ең алғашқы жеңімпаз атанған.
Ал, қазақстандықтардың арасында бұл спорт түрі 2009 жылы тарады. Осы спорт бойынша әлем чемпионы, Қазақстанның абсолютті чемпионы Дияс Биджиев чемпиондық атаққа жетуге төрт жыл жұмсапты, 12 жасынан бастап осы спорт түрімен жалғыз өзі айналысып бастаған ол воркауттың Кеңес одағы кезінен бар екенін, қазір тек ағылшынша атау беріп, заманауи айтылатынын атап өткен болатын.
Мұндай спорттан бүгінде Қызылорда да қалыс қалған жоқ. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Жаманқұлдың айтуынша, биыл қала әкімдігінің қолдауымен демеушілер арқылы «Street workout» Қазақстан федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестік өз қаражатына шаһардың 4 аумағында осындай алаңдарды орналастырды. Тасбөгет кентінің орталығында, М. Ералиева атындағы мәдениет үйі мен «Мерей» мөлтек ауданы №16 үйдің алдына және орталық алаңда стрит-воркаут алаңдары салынды. Қала әкімінің қолдауымен Бұқаралық спортты дамыту және спорт алаңдарды арттыру мақсатында бюджеттен 80 млн. теңге бөлініп, әр мөлтек ауданда дене жаттығуларына арналған 20 алаң ел игілігіне берілді.
– Воркаут алаңымен қоса қаламыздың «Мерей» мөлтек ауданында жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен жалпы құны 100 млн. теңгені құрайтын бір мезетте 4 футбол алаңы жұмыс жасайтын «Мерей арена» алаңын салды. Сондай-ақ, осы жылы өңірімізде салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жеке кәсіпкер бірнеше спорт нысандарын ашты. Қазір олардың әрқайсысы пайдалануға берілді, – деді бөлім басшысы.
Стрит воркаут алаңының тиімділігі қандай? Бұл алаңда турникті, швед қабырғалары мен қоссырықты, көлденең сатыларды қолдану арқылы немесе мүлдем ештеңе пайдаланбай түрлі жаттығуларды орындауға мүмкіндік бар. Негізгі екпін өз салмағыңды басқара білуге, күшті дамыту мен шыдамдылыққа түсіріледі. – Осы спорт түрінде жетістікке жеткен адам күшті қажет ететін кез келген өзге спортқа ауысып, жақсы нәтижелер көрсете алады. Қазір қарқын алып келе жатқан спорттың осы түрімен көптеген адам шұғылданады. Ол уақыт, жас талғамайды. Басты мақсат – бұлшық еттерді жетілдіру, төзімді шыңдау, – деді Асылжан Жаманқұл.
Жақында сол аумақтан бір топ жасты көзім шалды. Арқасындағы сөмкелерін қоя сала, әр құрылғыны пайдаланып жүр. Жастар да мәз. Спорттық алаң шаһарға да өзінше сән беріп тұр. Бәріне арналған әрі пайдалы алаңға келушілер қатары да баршылық. Олардың пікіріне құлақ түрдік.
Берік Әбуұлы, қала тұрғыны:
– Осыдан біршама жыл бұрын қаламызда мұндай алаңдар аз еді. Қазір шүкір деймін. Әр мөлтек ауданнан табуға болады. Сәл уақыт бөліп, шынығып қайтқанға не жетсін. Оған қоса қала тұрғыны ретінде айтқым келеді, бізде бір мәселе бар. Кейбір алаңдағы спорттық құрылғыларды бұзып кетіп жатады. Осы жағын қолға алу керек деп ойлаймын.
Мұхтар Болатұлы, студент:
– Өзім сабақтан қолым қалт етсе, осындай алаңдарға келушілердің бірімін. Әсіресе, ақшасы аз студенттерге жақсы деп ойлаймын. Өйткені, бұл дегеніңіз, ешқандай да қаржыны қажет етпейді. Сондықтан мұндай орындардың көбейе түскенін қалаймын, – деді.
Иә, бұл игі істер қалада атқарылып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта мұндай шараларды ауылдарда да жалғастыру жоспарда бар. Жалпы, елімізде воркаут секілді бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, халық денсаулығы да жақсарып келеді. Ол үшін сізге залға барудың, көп шығындалудың да қажеті жоқ. Тек, жиі жүгіріп, велосипед теуіп немесе жәй ғана жаңадан салынған алаңдарды аралап қайтсаңыз жеткілікті.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.