«Датаға» дағдыланған дұрыс па?
«Датаға» дағдыланған дұрыс па? Бұл - көп журналистің көкейінде жүрген сан сауалдың бірі. Жаңа медиамен келген жаңа белесті тек біліммен ұштасқан ізденіс арқылы бағындыруға болады,-дейді танымал тәлімгер Асхат Еркімбай. Сүлеймен Демирел атындағы университеттің оқытушысы, журналист, халықаралық медиатренер 21 қазан күні Қызылордада БАҚ өкілдеріне арнап семинар-тренинг өткізді.
Ол «Ашық дерек негізінде ақпарат әзірлеу жолдары», «Мультимедиа және дата визуализация» тақырыптарын қаузады. Спикер статистикадаға шұбырған санды сүзгілеу, салыстыру, сараптау, оны оқырманға ұғынықты тілмен жеткізу жолдарымен бөлісті. Интернеттен қажетті мәліметтерді тереңірек іздеу әдісін көрсетті. Ақпарат әзірлеуде факт, пікір, пайым, болжамды орынды пайдалану, оқиғалар ұқсастығын таба білу жолдарын интерактивті ойындар арқылы түсіндіріп өтті.
- Мақалада журналистің ішкі эмоциясы емес, бейтараптылық болуы шарт. Дерек бұрмаланбас үшін, күрделі сандарды салыстыруда қателікке жол беруге болмайды, - деді медиатренер.
Сонымен қоғамға керек ақпаратты датаны визуализациялау арқылы беру тәсілі жан-жақтылықты қажет етеді. Түрлі саланың қызмет қағидаттарын білу, жаңа ақпараттық жүйелерді игеру, тіпті IT сауатты әрі ағылшын тілін меңгеру маңызды. Кезінде шот қағу үшін де есепке жүйрік болуың керек еді. Бұл талап – жаңа заман шақыртуларымен жаңа кейіпте қайта оралып отыр. Асхат Еркімбайдың ой орамы осыған саяды.
Айта кетейік, Қызылордада бірер айдан бері бірнеше осындай тегін семинар-тренинг өтіп келеді. Медиасауаттылықты мұрат еткен бұл шараға да ұйытқы болған Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ұшқыр жебе» қоғамдық қоры.