ҰЛТҚА ҰҒЫНЫҚТЫ «ULYS» ЖУРНАЛЫ
Облыстық ішкі саясат басқармасы және «Ашық азаматтық қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Қызылордада «Digital media: мүмкіндіктер және тәжірибе» атты семинар өтті. Семинар барысында медиа саласындағы цифрлық технологияның дамуы мен бүгінгі жетістігін жайлы сөз етілді. Шараға Қазақстандағы тұңғыш электронды «ULYS» журналын шығарушы Ержан Қалымбайұлы мен Болат Әскерұлы қатысты.
Семинар барысында цифрлық медианың бүгінгі мүмкіндіктері мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Қазақстан ақпарат кеңістігіндегі тұңғыш цифрлық «ULYS» журналы жайында жан-жақты баяндалды.
– Жаңа медиаөнім Digital форматында шығады. Қарапайым тілмен жеткізсек, цифрлы журналды iOS және android жүйелеріндегі қосымшалар арқылы телефонға, яки Ipad-тарға тегін жүктеп, оқуға болады. Оны қосымшадан жүктеп алсаңыз жетіп жатыр, – дейді жоба авторы әрі журналдың бас редакторы Ержан Қалымбай.
Айта кетейік, журналдың тұсау кесері Алаштың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде кесілді.
– Ахаңның «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген керемет сөзі бар. Сондықтан қазақтың әрбір азаматы ертеңі үшін өлмейтіндей дүние жасаса деген ниетпен осы шаруаны Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде бастадық – дейді журнал редакторы.
«Ақылды» технология әдісін қолданған соңғы үлгідегі журнал. Оқырман қауымның жылы ықыласына ие болды. Қазір ақпараттық әлемде бәселестік дәуірі. Біз сол бәсекелестікке қабілетті болуымыз керек. Осы мақсатта әлемдегі ең соңғы үлгідегі трендтерді пайдалана отырып, «Ulys» журналын қолға алдық. Журналдың тағы бір мақсаты – сапалы контент қалыптастыру. Қазақ тілінде ақпараттық-сараптамалық бағытта контент аз. Сондықтан бұл журнал таза қазақ тілінде шығады. Үлкен трендтік, саясатқа қатысты, геостратегияға қатысты тақырыптарды қамтиды. Әсіресе Орта Азия мен Түркі әлеміне басымдық береміз. Журналдың әрбір санында Қазақстан мен Түркі әлеміне қатысты сараптамалық мақалалар мен сұхбаттар жарияланады. Әзірше журнал тегін. Электронды түрде тіркелуге болады. Сондай-ақ қосымшасын жүктеп алуға болады. Бауырлас елдермен рухани интеграцияны күшейту мақсатында журнал қырғыз, өзбек тілінде шығады», – дейді жобаны құрастырушы Болат Әскерұлы.
«Ulys» журналының басқа журналдардан ерекшелігі – ол интерактивті. Бұл журнал мультимедиялы, дыбысы, арнайы эффектілері бар, оқырманға тақырыпты ашып беретіндей құралдар қолданылған. Демек, заманауи тірі журнал десек те болады.
Семинарға қатысушылар «Ulys» журналын телефонға жүктеп алды. Материалдарын оқып, журнал бүгінгі оқырман талғамын ескере отырып жасалғанын түсіндік. Себебі, сіз журнал материалдарын оқып қоймай, сұхбат берушінің бейнежазбасын да көре аласыз. Ал кей материалдардың тақырыбына сай арнайы дыбыстарды тыңдауыңызға болады. Мәселен, «Каспий неге бөлінді?» атты сараптаманы оқып болғаныңызша, теңіз толқынының шуылы құлақ түбінде «сөйлеп» тұрады. Бейнежазбасын көргіңіз келсе, тақырып тұсына көз салып қойсаңыз жеткілікті. Журнал сараптамалық һәм танымдық бағытты таңдапты.
– Журналдың бір нөмірін жасауға бір ай уақыт кетеді. Материалдарды айтпағанда оның дизайнын жасау да оңай емес. «Ұлыс» сөзіне келетін болсақ, бұл көне түркі сөзі. Осы сөзді қайта жандандыру мақсатына «Ulys» деп алдық, – дейді Ержан Қалымбайұлы.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ.