«Абзал и К» – арманы асқақ жастар ұжымы
Ауылшаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан «Абзал и К» толық серіктестігі бүгінде әлемге танымал компания. Құрылғанына ширек ғасыр толған компанияның атап айтар жетістігі аз емес. Әрине, жетістік оңай келген жоқ. Бүгінде адал еңбектің наны тәтті екенін еңбегімен үлгі еткен абзалдықтардың қайсыбір жетістігінің артында маңдай тер, ерен еңбек сезіледі.
Жиырма бес жыл! Аз уақыт емес. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері санағанда атағы дүрілдеген талай компаниялардың бүгінде ізі жоқ. Нарық талабына шыдас бермей тарап кеткен еңбек ұжымдары аз емес. Ал осы бір жиырма бес жыл уақыт «Абзал и К» толық серіктестігі үшін іздену, еңбек ету, алға ұмтылу және биік белестерді бағындыру кезеңі болды десек артық айтқандық емес.
Осы жылдар ішінде компанияның егіс алқабында күріш егуден бастап әлемдік нарықта сұранысқа ие болу деңгейіне жеткізу 25 жыл ішіндегі тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Адам ғұмырымен санағанда «ойхой 25» дейтін жастағы компанияның тізгіні де жастардың қолында. Тағы бір атап айтарлығы, мұнда 800-дей адам жұмыспен қамтылса, соның басым бөлігі жастардан құралады. Зейнетінен бейнеті басым салаға жастарды жұмылдыру компанияның бір қыры десек артық айтқандық емес. Себебі, оңай ақша табуды ойлайтындар көбейген кезде дипломды жастар ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүр дегенге көзбен көрмесе, ешкім сене қоймайтыны шындық. Ал біз компанияны өрге сүйреген білімді де жігерлі жастар екенін көзбен көрдік.
Бүгінде компанияның тізгінін ұстаған да жастар. Атап айталық, «Абзал и К» толық серіктестігінің бас директоры Мағжан Ералиев пен коммерциялық директор Сағидулла Сыздықов шетелде білім алған жастар. Екеуі де кейбір замандастары секілді дипломды қолға алып, тәуір қызмет іздемеді. Алған білімді туған елді түлетуге жұмсасақ деген жастардың ізгі ниеті өзге жастарды да қызықтыра түсті. «Жас келсе, іске» демекші, жастар жүрген жерде қайсыбір істің болмасын, дөңгелене кететіні бар. Уақытпен санаспай, ізденуден шаршамаған, тың идеяларды жүзеге асырған жастардың еңбегі нәтижесіз емес.
«Абзал и К» күріші брендке айналды
Күріш сатып аларда оның сортына емес, қалта сыртынан «Абзал и К» деген жазуды іздейтініміз шындық. Күріштің қандай сорты екені маңызды емес, ең бастысы «Абзал и К»-ның өнімі болуы тиіс. Бұл – көпшіліктің берген бағасы. Мұның сырын компания басшылығынан сұрадық.
«Абзал и К» толық серіктестігі өзіне қарасты мекемелермен бірге биыл 5300 гектар жерге күріш еккен. Егілген күріштің 90 проценті «Янтарь», қалғаны «Партнер», «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» сорты. Ал, елдің «Абзал и К» күрішін іздеуінің сыры мынада екен.
– Компания өнім өндіру процесіне толық қатысады. «Не ексең, соны орасың» дегендей, біз ең әуелі тұқым сапасына мән береміз. Мекемеде тұқым шаруашылығы жолға қойылған. Тұқым зауыты неміс бренді – «Петкус» құрал-жабдығымен жабдықталған. Әрі қарайғы жұмыс білікті маманның қолында, – дейді компания бас директоры М.Ералиев.
Маман демекші, маңдайы күнге күйген әрбір еңбеккердің ауыл шаруашылығы саласы бойынша білімі бар. Қара кетпеннен цифрлық технологияға дейінгі уақыт өлшемімен қарағанда бүгінгі талап бір ізбен жүре беруді көтермейді. Бүгінгі комбайнер үсті май-май боп жүретін адам емес. Барлық басқару тетігі пультке алмасқан жаңа техникаларды жүргізу үшін де білім керек. Өнімнің сапалы болуы білікті маманның қолында екенін ерте болжай білген компания елде еңбек етемін деген талапты өрендерді өздері оқытуды мойнына алды. Мектеп бітірген соң Ресейдің белгілі оқу орындарында білім алған жастар «Абзал и К» - да еңбек етуде. Кеңседе емес, егін даласында.
– Тұқым себілген соң уақытында тыңайтқыш беру, оның мөлшерден сәл де болса ауытқымауы мамандар бақылауында. Бұл білім мен білікті талап етеді. Сәл қателіктің өзі өнім сапасына әсер етеді. Сондықтан бұл процесстің барлығы жоғары білімді мамандардың қатысуымен жүзеге асады. Компанияның бас агрономы Краснодардағы ауыл шаруашылығы университетінде магистратура тәмамдаған. Тағы екі жас маман аталған оқу орнында бакалаврды аяқтап, магистратураны жалғастыруда. Мұнан бөлек барлық қызметкерлердің Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Ресейдегі әріптестік байланыс орнатқан компанияларда жыл сайын білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуы дәстүрге айналған, – дейді компанияның коммерциялық директоры С.Сыздықов.
Мұндағы лаборанттар да жоғары білімді маман. Қай жылдары швейцариялық «Nestle» компаниясымен әріптестік байланыс өнім сапасына мән беруге талапты тіпті күшейтті. Сырбойылық өнімге тапсырыс беруші алпауыт компания үш жылда екі рет өнім сапасының халықаралық стандартқа сай болуына бақылау жасап отырады. Бұл жергілікті компания жұмысының алға басуына септігін тигізді. Өз кезегінде лаборанттар «Nestle» компаниясына тәжірибе алмасуға барып тұрады. Нәтижесінде күрішті егуден бастап жинауға дейінгі жұмыстың барлығы дүниежүзілік стандартқа сай.
Еңбек бағаланады!
Күріш өндіруден танымал компанияның 25 жылдық тарихында жалақыны кешіктіру оқиғасы болмаған. Ең алдымен ұжым еңбеккерлерінің жалақысы уақытылы төленуі тиіс деген ұстаным берік қалыптасқан мекемеде жалақы, сыйақы, материалдық қолдау басты назарда.
– Облыстағы күріш өсірумен айналысатын мекемелердің арасында ең жоғары жалақы бізде. «Алтын дән» қорытындысымен жылына бір рет сыйақы беріледі. Сыйақы көлемі әркімнің еңбегіне қарай 4,5 млн теңгеге дейін. Мұнан бөлек ай сайын сыйақы беру қалыптасқан. Алайда ол үшін де тәртіп пен еңбек керек, – дейді коммерциялық директор.
Ай соңында тәртібі мен еңбегі үйлесім тапқандар ғана сыйақы алады. Сондай-ақ баспанасыз жас отбасыларға жеңілдік бар. Яғни, олар бір жыл компания меншігіндегі пәтерде тегін тұрады. Сол мерзімде алаңдамай еңбек етіп, баспанаға қол жеткізуге тырысады. Бұл пәтер жағалаған жас отбасыларға үлкен қолдау екені сөзсіз. Ал, өткен жылы компанияда жұмыс істейтін көп балалы, жас отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Қала күні мерекесінде компанияның бұл тартуы көп балалы отбасыға үлкен қуаныш сыйлады.
Цифрлы технологияға қадам
Компанияның базасында бұған дейін күріш ақтайтын екі зауыт болса, өткен жылы тағы бір зауыт іске қосылды. Ерекшелігі – еліміз бойынша ең алғашқы цифрлық зауыт. Жаңа зауыттың диспетчерлік орталығында барлығы компьютер арқылы басқарылады. Зауытты бір ғана адам компьютермен немесе смартфонмен басқара алады.
«Жас мамандар кеңесі» немесе ерікті жастар үлгісі
Жастардың бұл бастамасы қатты қызықтырды. Әдетте өз жұмысынан өзгеге мойын бұрмайтын, қоғамдағы құбылыстардан сырт қалатындар аз емес. «Абзалдық» жастар замандастарынан ерек. Олар бәріне де үлгереді. Жұмыста білікті маман, қоғамда белсенді, спортшы, өнерлі, әнші, биші, қайырымды, білімді. Барлық теңеу «абзалдық» жастарға арналғандай. Бұлай деуімізге себеп – «Жас мамандар кеңесінің» нәтижелі жұмысы.
«Жас мамандар кеңесі» 2018 жылы компания жастарының бастамасымен құрылған. Кеңеске «Абзал и К» компаниясында жұмыс істейтін 31 жасқа дейінгі жастар өз еркімен мүше бола алады. Тәртібі бойынша кеңестің төрағасы жыл сайын ауысып отырады. Демек, мұндағы кез-келген жастың өз қабілет-қарымын көрсетуге мүмкіндігі бар. Төраға бір жыл ішінде атқарылар жұмыс жоспарын жасап, ұйымдастырады. Жастар арасында ай сайын маңызды шара өтуі тиіс. Бұл да кеңестің талабы. Кеңеске қазір компанияда агрокоммерция менеджері Айжан Әбілмәжитқызы төрағалық етуде.
– Кеңеске сәуірден-сәуірге дейін төрағалық етемін. Төрағаның міндеті ай сайын мазмұнды шара ұйымдастыру. Әрине, барлық шараны кеңес мүшелерімен ақылдасып жасаймыз. Мұндағы мақсат – жастардың уақытын босқа өткізбеу, – дейді ол.
«Абзалдық» жастардың бос уақыты жоқ. Аптаның бес күні жұмыста болса, сенбі-жексенбі күні қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Жастардың дәстүрге айналған шаралары да аз емес. Мәселен, жыл сайын көктемде қала тазалығына үлес қосу, ағаш отырғызу шарасын ұйымдастырады.
– Өткен жылы «Тағзым» алаңына сенбілік ұйымдастырдық. Ағаш отырғыздық. Тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанымызда қала басшысы Н.Нәлібаев келді. «Абзалдық» жастардың бұл ісіне ризашылығын білдірді, естелік суретке түстік. Негізі әрбір шараның естен кетпес тарихи сәттері бар. Мен үшін Жеңіс мерекесінде соғыс ардагерлеріне сыйлық алып бару, әңгімелесу шарасы өте әсерлі. Кейде келесі Жеңіс күнінде үйіне барғанда соғыс ардагерінің өмірден өткенін естіп көңіл-күйіміз түскен кездер де болды. Бір сөзбен айтқанда, осы бір шара өте әсерлі. Кейде қуантады, кейде мұңайтады. Қатары сиреп бара жатқан батыр аталарымыздың батасын алу, әңгімесін тыңдау адамға жылылық сыйлайды. Әріптестерім үшін де осы шараның орны бөлек, – дейді Айжан.
«Абзалдық» жастар «Атамекен» ауылын да назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын «Үшқоңыр» үйінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектермен кездесу дәстүрге айналған. Олар да «абзалдық» жастарды асыға күтеді. Айта кетелік, «Үшқоңыр» үйінің тәрбиеленушісі Наргиз Кашапова Мәскеуде жоғары білім алуда. Атап айтарлығы – оның «Абзал и К» компаниясы стипендиясының иегері екендігі.
Жыл сайын тұрақты түрде өтетін тағы бір шара – компания жастары арасында футбол жарысы. Жеңімпаз командағы берілетін сый да қомақты. Бұл турнирден ешкім де тыс қалмауға тырысады екен. Жастардың басын қосатын мазмұнды шаралар бұл ғана емес. Интеллектуалды ойындар, түрлі тимбилдингтер, тренингтер замандастардың жақын араласуына ғана емес, рухани өсуіне әсері мол екен. Мамырдың алғашқы күні дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Бірлігіміз жарасқан» атты шарада компанияның 6 бөлімшесі 6 түрлі ұлттың ұлттық киімі мен салт-дәстүрін көрсетеді екен. Бұл да жастар үшін қызықты әрі мазмұнды шара. Өткен жылы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы Элизабет Тұрсынбаева компанияға қонаққа келіпті. Компания жұмысымен танысып, жастармен емін-еркін әңгімелескен әсерлі кездесуді ұйымдастырған да осы «Жас мамандар кеңесі».
Тізбектесе таусылмайтын жастардың әрбір шарасы қызықты. Спорттан да, өнерден де, саясаттан да тыс қалмайтын сегіз қырлы, бір сырлы «абзалдық» жастар шынында да ерікті жастардың бүгінгі үлгісі. «Волонтерлар жылы» деп аталған жылда еріктілер тарихын, іс-әрекетін өзгелерден іздеп жүргеніміз шындық. «Жас мамандар кеңесін» құрып, тәуелсіз ел жастарының ел дамуына қосар үлесін ешкім міндеттемей-ақ, ешкімге есеп бермей-ақ игілікті іс жасап жүрген жастарға риза болдық.
Ерікті деген жүрекпен жасалатын игі іс екен. «Абзалдық» жастармен әңгімеден біз осындай ой түйдік.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА