«ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР ЖОЛЫ» АКЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛУДЕ

Облыс аумағында «Тең мүмкіндіктер жолы» республикалық акциясы өткізілуде. Аталмыш шара барысында жергілікті полиция қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында жол және коммуналдық қызмет саласының мамандарымен бірігіп көше-жол жүйесінің техникалық және эксплуатациялық жайын, медициналық мекемелердің, сауда орталықтарының, вокзал, әуежайлар мен халық көп жүретін басқа да аумақтардың тұрақтау орындарымен жеткілікті жабдықталуын тексерді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін арнайы дыбыс сигналдарымен жабдықталған бағдаршамдар орнатылды. Сауда орындары мен қызмет көрсету мекемелерінің талаптарға сай келетін мүгедек жандарға арналған пандустар мен тұрақ орындарымен толық қамтамасыз етілуі үшін құзырлы органдарға ұсыным хаттар жолданды.
Сонымен қатар, қала көлеміндегі қоғамдық автокөліктер тексеріліп, мүгедек жандар үшін жасалған жағдайлар жайы, автобусқа түсіп-мінуі үшін қолайлы пандустармен қамтамасыз етілуі зерделенді.
Тексеру барысында 48 қызмет көрсету мекемелері мен сауда орындарының аумағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тұрақ орындарымен қамтамасыз етіліп, арнайы жол белгілері орнатылғандығы анықталды. Сонымен қатар, облыс аумағындағы 112 автобус физикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы құрылғылармен жабдықталғаны белгілі болды.