СОНЫ ІЗДЕНІСТЕРДЕН СҮРЛЕУ ТАПҚАН
ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің қарқын алып, техника қарыштап дамыған заманда, жас ұрпақтың соған лайық сапалы білім алуы, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруы бүгінгі күннің басты талабы. Ал, соның үдесінен шығу жолында ұстаздардың берер тәлім-тағылымы аса маңызды. Осы мәртебелі мамандық иесі атанған жандардың бірі – қаладағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сауле Альденова.
Шәкірттер зердесіне білім нәрін құйып, саналы өмірін ағарту саласына арнаған Сәуле Амангелдіқызы талай түлектің томағасын сыпырған білікті маман. Мектеп жасынан тіл білуге деген құштарлығы оның мамандығын адаспай тануына жол ашты. Қаладағы іргелі оқу орны саналатын сол кездегі Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған ол, қызмет жолын аталмыш білім ордасынан бастады. Бүгінде ол – өз ісінің үздігі атанған ұлағатты ұстаз.
– Өмірде бала тәрбиесінен жауапты іс жоқ. Ал, мұғалімдер сол жауапкершілікті арқалаған бірден-бір құрметті мамандық иелері. Оқу бітіргесін жолдамамен осы №1 мектеп-лицейге мұғалім болып қабылдандым. Жиырма жылдан астам уақыт өз сүйікті кәсібімнен береке таптым. Оқушыларға білгенімді, көрген-түйгенімді үйретіп, білімді азамат етіп шығару басты мақсатым. Ол үшін әрине, көп ізденістер арқылы өз салаңның заманауи бағытын игеруің тиіс. Үздіксіз ізденіс болғанда ғана шәкірттерге берер тәлімің де мол болмақ. Бүгінде Елбасы үш тілді білім беруді жетілдіру керектігін баса айтып жүр. Оған қоса «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында да олардың ұлттық құндылықты жан-жақты ұштастыра білуі маңызға ие. Бұл ретте басым күш осы ұстаздарға түсері анық. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында осындай сапалы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу бізге жүктелген. Сондықтан ел мүддесін көздейтін жасты тек білімі мен білігі жетіскен маман ғана қалыптастыра алады, – дейді Сәуле Амангелдіқызы.
Білімді ұрпақ – болашақ кепілі. Қазіргі таңда жастардың функционалдық сауаттылығын арттыру басты назарда. Әрине, ол үшін мұғалімнің де жаһандану дәуіріне ілесе алуы, заманауи технологияны білуі қажет. Өз пәніне қатысты тың ақпараттар іздеуі, оны оқушыға ұғынықты етіп жеткізе білуі, әрбір баламен жеке қарым-қатынас орната алуы ұстаздар қауымының біліктілігін айқындайды. Кейіпкерімізді бұл тұрғыдан алғанда кәсіби деңгейі жоғары маман деп айтуға толық негіз бар. Тек шәкірт тәрбиелеуде емес, өзін-өзі жетілдіруде де талай бәсекеде басым түскен. Оның бұл саладағы алғашқы додасы 1997 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ республикалық панорамалық байқау. Онда жеңіске жетуі жанына шабыт берді. Содан бері қандай сайыс болмасын тек жүлделі орындардан төбе көрсетіп келеді. Оның орыс тілі мен әдебиеті пәнінен жеткен жетістіктерін жергілікті басылымдар талай мәрте мақтана жазды. Бұл үрдісті жетістіктер жолы әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ол 2011 жылы аймақ бойынша «Үздік орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі», қала көлемінде «Үздік ұстаз» атанды. Ал, одан кейінгі жылдары «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына еніп, «Қазақстанға еңбегі сіңген» атағына ие болды. Кеудесіне «Білім саласын дамытудағы ерен еңбегі үшін» төсбелгісін тақты, 2012 жылы облыс әкімінің «Үздік педагог-2012» байқауында өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Ең үлкен марапатқа биылғы жаңа оқу жылында қол жеткізді. Білім және ғылым министрлігінің «2017 жылдың ең Үздік педагогы» куәлігін, «Білім беру ұйымының Үздік педагогі» төсбелгісін иеленіп, 2 млн. теңге көлеміндегі сыйақыны жеңіп алды. Бұған қоса «Құрметті педагог» медалімен марапатталды. Осылайша, Сауле Альденова тек үздіктер қатарынан көрінді.
Білім беру ісінде үздіксіз еңбек етіп жүрген кейіпкеріміздің шәкірттері де білімімен мыңды жығып жүр. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Оның тәлім-тәрбиесін көрген, білім нәрімен сусындаған оқушылары мектеп пен ұстаз мерейін асыра білуде. Тіпті, өзі жетекшілік ететін сыныбы жыл сайын «Үздік сынып» номинациясын еншілеп келеді. Осыдан-ақ, оның тек білікті маман емес, ұйымдастыру қабілеті жоғары, ұстамды, еңбекқор адам екенін аңғаруға болады.
Бүгінде оның жазған оқу-әдістемелік құралдары еліміз бойынша барлық мектептерге таратылады. Үнемі ізденіс үстінде тың дүниелерді табатын кейіпкеріміз шығармашылығын өзге әріптестерімен бөліскенді жөн санайды. Қоғамдық жұмыстардың да белсендісі. Таланты мен талабының арқасында тек үздіктер қатарынан бой көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаз расымен, шын үздік екенін дәлелдеп келеді.
Айдана СЕЙІЛ.