Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚОЛӨНЕР ЖАНАШЫРЫ

ҚОЛӨНЕР ЖАНАШЫРЫ

  Жуырда Қазақстан қолөнершілер одағының ұйымдастыруымен республикалық ІХ «Шебер» қолөнершілер байқауы өткен болатын. Оған біздің аймақтан оннан астам адам қатысты. Бұл байқау тек қолы алтын қолөнершілердің өзара жарысы емес, тәжірибе алаңына да айналды. Осы орайда, қаладағы «Қарлығаш» шеберлер орталығы «Өңірдегі ұлттық қолөнер кәсібін дамыту» тақырыбымен семинар өткізді. Мұндағы мақсат ұлт болмысын жас ұрпақ санасында қайта жаңғырту, олардың төл өнерге деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ, оларға байқау барысындағы тәжірибе алаңынан шеберлік сыныптарын көрсету.
Аталмыш орталықтың құрылғанына аз уақыт өтсе де, төл өнерді түлетуде үлкен істерді атқарып келеді. Орталық жетекшісі Қарлығаш Ілиясова ұзақ жыл туған елден жырақ жүрсе де ата-баба дәстүрін ұмытпаған жан. Ол атамекенге оралғаннан соң қазақы нақыштағы дүниелердің қайта түлеуіне зор үлесін қосты. «Қарлығаш» шеберлер орталығын құрып, аймақ қолөнершілерін біріктірді. Ұлт кәсібін дамыта отырып, отандық өнім қалыптастыруда еңбек етіп келеді.
Қолға алған ісін аяқсыз қалдырмайтын ол бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырмақ ниетте. Аталмыш семинардың түпкі мақсаты осы. Қазіргі таңда жастар арасында төл өнерімізге деген қызығушылық басым. "Темірді қызған кезде соқ" демекші осындай қыз-келіншектердің ықыласын ескерген ол түрлі шеберлік сыныптарын жиі өткізеді. Олардың әлеуметтік бағдарламалар негізінде қолөнер жұмысын оқуына да үлесін қосып келеді. Жуырда ғана 20 шақты қыз-келіншек осы бағытта дәріс алды. Оның ішінде осы өнерге икемді, талабы бар 4-уі орталыққа тұрақты жұмысқа қабылданды. Бұл да болса, айқын мақсаттың орындалуы жолындағы бір қадамы.
- Менің негізгі көздегенім ұлттық өнердің өңірдегі дамуына жол ашу. Оны кеңінен насихаттай отырып, сұраныс аясын кеңейту. Көпшіліктің төл бұйымдарымызға деген ынтасын арттыру. Сонымен қатар аймақтағы қолөнершілердің басын қосып, олардың жұмыстарын кеңінен танытуға мүмкіндік жасау. Бүгінде біздегі ұлттық өнердің жаңғыруында серпіліс бар. Десек те кемшін тұстары да баршылық. Осы орайда қолөнершілер одағының аймақтағы мүшеерінің басын қосып, мұны ұлттық брендімізге айналдыруды көздеп отырмын. Әзірге қолөнер жұмысының 5 бағытын қамтитын жоба әзірлеп, тиісті орындарға ұсыныс тастадық. Бұл ұсынысқа қызығушылық танытып жатыр. Ендігі соны жүзеге асыру үшін қолдау жасалса деген үмітіміз бар. Ойдағымыз орындалса шикізат көзін сырттан тасымалдамай, өзімізден өндірсек, солай қолөнер өндірісін қолға алсақ дейміз. Ол кезде әрине, отандық өнім қалыптасып, брендіміз пайда болар еді, - дейді орталықтың төрайымы.
Аталмыш жобаның қашан қолдау табары белгісіз. Сондықтан бұл салаға қолдан келгенше жастарды тартуды көздеп отыр. Бұл тұрғыда қаладағы колледж студенттерімен тығыз байланыс орнатқан. Олар бос уақытында орталыққа келіп шеберлердің сабақ алады. Түрлі бұйымдар жасауды үйренеді.
Ал, семинарға қатысушылар орталықта ши тоқу, сырмақ сыру, зергерлік бұйымдарын жасау, ағаштан түйін түю сынды өнер түрлерінен шеберлік сыныбын, көрме жұмыстарын тамашалады. Оған аймаққа белгілі қолөнер шеберлері қатысып, өз білгендерімен бөлісті. Шараны ұйымдастырған орталықтың төрайымы Қ.Ілиясова қазіргідей жаһандану дәуірінде ұлттық дәстүрімізді, салт-санамызды ұмытпай, қайта жаңғыртуда жұмыла атсалысу керек дейді. Сонда ғана ата-баба мұрасы ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп қалмақ.

А.САЙДУЛЛА.



20 желтоқсан 2017 ж. 1 849 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам