«ЖАЛАҒАШ АРУЫ» БАЙҚАУЫ ӨТКІЗІЛДІ
Жалағаш ауданында алғашқы рет аудан басшылығының, "Қолөнер" ұлттық нақыштағы орталығының, "Жалағаш аудандық əйелдер кеңесі" қоғамдық бірлестігінің қолдауымен "Жалағаш аруы-2017" байқауы өткізілді.
Байқауды аудан əкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов жəне облыс əкімі жанындағы əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Б.Үмбетова ашып, Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласының аясында өткізіліп отырған байқау қатысушыларына жəне қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысын білдірді. Байқауға Жалағаш аудандық əйелдер кеңесінің төрайымы Ə.Мəдиева бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Байқау нəтижесінде бас жүлдені Аққыр ауылдық округінен келген Б.Жаналиева иеленіп, "Қолөнер"ұлттық нақыштағы орталығының арнайы əзірлеген ауыспалы тəжімен жəне ұйымдастырушылар тарапынан арнайы Диплом мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал жүлделі І орын Таң ауылдық округінен келген М.Жұмабайға бұйырса, ІІ орын Бұқарбай батыр ауылдық округі атынан қатысқан А.Хакімжанқызының қанжығасына байланды. Еңбек ауылдық округінің намысын қорғап келген З.Жаңабай жеңіс тұғырының ІІІ сатысынан көрінді.
7 кезең бойынша бақ сынасқан 10 арудың өз өнерімен ерекше көзге түскен байқаушылары жарыс соңында Нұр Отан партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаеваның арнайы Алғыс хат, сый-сыяпатымен жəне Аналар кеңесінің төрайымы Р.Ерəлінің арнайы сыйлығымен марапатталды.
Ал байқауда топ жарған бас жүлде жəне І орын иегерлері "Сыр сұлуы" байқауына жолдама алды.