АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АСҚАҚ АРМАН
Кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында Қызылорда облысын тарату жөнінде жарғыға қол қою мәселесі тұрған екен. Елбасы қазақтың құтты қонысына айналған қасиетті келешегіне көз салып, мұндай қадамға бармай, Сыр елін сақтап қалу мен Аралды қалпына келтіруді мақсат еткені белгілі. Осының бәрі Елбасының көрегендігінің арқасы десек, артық айтпағандық болар. Көшбасшының біздің аймаққа жасаған қамқорлығы мен жақсылығын аймақ халқы әсте ұмытпасы анық. Осындай қаймықпас оң қадамның арқасында Сыр аймағы өркендеп, өрістеді. Қандай қиындық болса да, аймақ халқы қажымас еңбекпен жеңе білді. Бүгінде небір ірі жобалар жүзеге асырылып, өндірістер ахуалы артып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейді.
Егемендіктің аясында Елбасының сарабдал саясаты арқылы ел экономикасы дамыды, әлеуметтік ахуалы артты. Н.Назарбаев шағын және орта бизнеске үлкен қолдау жасап келеді. Осының нәтижесінде серпінді индустрияландыру жобалары өмірге келіп, одан өндірілген отандық өнімдер бүгінде шетелге экспортталуда. Осындай жедел дамудың нәтижесінде Сырдың бас қаласы – Қызылорда шаһары жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, өркендеп, өрістей түсуде. Елбасының тікелей қолдауымен, «Orda Glass LTD» ЖШС бастамасымен салынып жатқан Қызылорда қаласындағы ірі жобалардың бірі – шыны зауыты. Ол еліміз бойынша шыны өндіретін жалғыз өндіріс ошағы екенін айта кеткеніміз орынды. Бұл жоба іске қосылған жағдайда еліміздің оған сұранысын толықтай өтейтін болады. Үстіміздегі жылдың қазан айында Сыр өңіріне келген сапарында Елбасы аталмыш зауыттың құрылыс жұмысымен танысып, аталған индустриялық жобаның ел экономикасы үшін болашағы зор екеніне тоқталды.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласының индустрияландыру ісіне «Нұрлы жол» бағдарламасы қарқын беруде. Қала құрылысы барынша қызу жүруде. Бұл бағытта ең ауқымдысы – Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жүріп жатқан шығыстық үлгідегі жаңа қаланың құрылыс жұмысы. Ол Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкестендіріліп жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап құрылыс компаниялары өз қаражаттары есебінен аталмыш жағалауда 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, шілде айынан «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы құрылыстарын салуды қолға алады. Сондай-ақ Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттарының құрылысы басталды. Аталмыш мұражай сызбасы бойынша оның жанынан Рухани жаңғыру орталығы орналасады. Сондай-ақ «Абу-Сер» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақша жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Алдағы жылы сол жағалауда құрылыс қарқыны еселене түспек. Келесі жылы осы аумақтан неке сарайы, 600 орындық мектеп пен өзге де әлеуметік нысандар бой көтереді деп жоспарлануда. Көз ілеспес жылдамдықпен салынып жатқан құрылыс алаңында лезде көпқабатты үйлер бой көтеріп, шатырланып тұрғанын көргенде таң қаласыз. Кеше ғана құрылысы енді басталған қаланың жаңа аумағында бой көтерген көпқабатты нысандар көңіліңді көкке көтеріп, қиялыңды келешек көкжиегіне самғатады. Осының барлығы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолдау тауып келеді. Жалпы, аймақ бойынша жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының 41,2 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде екендігін айта кеткеніміз дұрыс.
Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы биылдың өзінде 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өткен. Осындай нақты істерді атқару арқасында Қызылорда қаласы республика бойынша алдыңғы орында тұр. Соңғы бес жылдың ішінде ауыз су инфрақұрылымын жүзеге асыруға барынша көңіл бөлініп келеді. Осының нәтижесінде бүгінде қала халқы сапалы ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілген.
Қала халқын баспанамен қамту бағытында да іргелі істер жүзеге асырылуда. Мәселен, 2013 жылдан бастап облыс орталығында 512 отбасы баспанасы апаттық жағдайдағы азаматтар ретінде тіркелген. Бүгінде бұл мәселе толығымен шешімін тауып, Титов қыстағы мен Жаппасбай батыр көшесі бойларынан оларға жаңа пәтерлер берілген. Сөйтіп, қаладағы апаттық үйлер мәселесі толығымен шешімін тапқан. Осының барлығы іскерлікпен жұмыс жасай білудің нақты жемісі екені анық. Сондай-ақ қала көшелері мен жолдар сапасы жыл өткен сайын жақсара түсуде. Бүгінде қала көшелері жұмыстарының инфрақұрылымы басты назарға алынған. Соңғы 4 жылдың ішінде жол құрылысын дамытуға 23 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өткен.
Жыл өткен сайын Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда қаласының кескін-келбеті заман талабына сай сәулеті қалыптасып, ажары айшықтанып келеді. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан қаламызда ойға алған асқақ армандардың жүзеге асырылып жатқаны көңілге үлкен қуаныш сыйлайды. Осының бәрі Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының жемісі.
К. ЕРІМБЕТОВ.